Алматының мамандандырылған экономикалық соты 822 гектар алма бағы орналасқан жерді мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдады.
Сот Алматы прокуратурасының "Халықаралық клубтар қауымдастығы" компаниясына, Қарасай ауданының әкімдігіне және жеке тұлғаларға қарсы жерді жеке меншікке беру туралы 2004 жылғы Қарасай ауданы әкімі қаулысын, сатып алу-сату шартын және жерге қатысты құжаттарды жарамсыз деп тану жөніндегі азаматтық ісін қарады.
Соттың шешімінше, даулы жер учаскелері мемлекеттік орман қорына қайтарылуға тиіс. Іс материалдарына сәйкес учаске бастапқыда аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жеке меншікке берілген. Кейіннен президенттің жарлығымен жер Алматының аумағына кірді. Қалалық жер қатынастары басқармасының бұйрығы негізінде бұл жер учаскесі бөлінуге жататын деп танылып, 16 бөлікке бөлініп, жеке тұлғаларға сатылған.
"Су кодексінің 119-бабына сәйкес су қоры жерлеріндегі учаскелер тек уақытша жер пайдалануға және тек ауыл шаруашылығы, орман, балық, аң шаруашылығы қажетіне берілуі мүмкін. Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының деректерінше, аталған учаске аумағынан Кереңқұлақ өзені мен Берқара бұлағы ағып өтеді. Бұл дерек жер учаскесінің су қоры жеріне жататынын растайды. Осыған сәйкес, мұндай жерлер мемлекеттік меншікке тиесілі және (немесе) тиесілі болуы керек", – делінген сот қаулысында.
Мұндай 30,9 гектарлық жер учаскесіне қатысты ұқсас іс бойынша қабылданған шешімге сілтеме жасай отырып, сот жерді мемлекеттік қордан жеке меншікке беру заңсыз және негізсіз деп таныды. Осыған байланысты талапкердің талаптары толық қанағаттандырылды.
Пікір қалдыру