"Өте қорқынышты көрініс". Руслан Идрисов Сирия мен Ауғанстандағы естеліктерімен бөлісті

/uploads/thumbnail/20181026145959535_small.jpg

Экстремалды журналистика – бұл әдеттен тыс фактілер мен түрлі оқыс оқиғаларды зерттейтін сала. Халыққа шынайы әрі сапалы ақпарат жеткізу мақсатында журналист өзінің қара басын қатерге тігеді. Бұл салаға көбі қызығады, дегенмен бел шешіп бара бермейді. Сайтымызда жарық көрген «Қандай жағдай болмасын, журналист қолына қару алмауы тиіс» деген мақалада жер бетінде ешбір ақпарат, сюжет журналистің өмірінен артық еместігіне баса назар аударып айтқан болатынбыз.  

Иә, нақты ақпарат, шынайы сюжет журналист қызметіндегі нақтылық әрі жауапкершілік. Алайда, мұның барлығы да егер бәрі сәтті болса...

Ауғанстан. Сирия. Аттап басқан әрбір қадамың қауіп-қатерге толы бұл елдерде қай уақытта, қай жерде қандай жағдай боларын білмейтінің рас. Қаншама жазықсыз адамдардың қанын жұтып, қаншама қанды оқиғаларға куә болған бұл мекенде қалай күнелтіп отырған тұрғындардың өмірін біз көгілдір экранның ар жағынан ғана көріп, шетелдік БАҚ беттерінде жарияланған түрлі мақалалар мен сюжеттер, деректі фильмдер арқылы біліп отырамыз. Дегенмен, бес-алты минутқа, көп болса, 15-20 минутқа созылатын репортаждар жарылыстан әбден зардап шеккен елдегі халықтың жағдайын толыққанды шынайы  жеткізе ала ма?

Қазақ журналистикасында экстремалды журналистика, өзге елдермен салыстырғанда, соншалықты жақсы дамыған емес. Дегенмен, соғыс өрті тұтанған елдегі халықтың жағдайын өз көзімен көріп қайтқан журналистер мүлде жоқ деп те айта алмаймыз.

1949 жылы 12 тамызда ІІІ Женева конвенциясында қабылданған заңның 4А бабына сәйкес "Журналистерге оқ атуға, шабуылдауға болмайды" деп көрсетілген. Бұл заңдылық ХХ ғасырда құқықтық мемлекеттер арасында соғыс өрті тұтанған кезде сақталған болатын. Алайда, бүгінде террорлық шабуылдар, террактілер, қаруланған радикалды топтардың шабуылы өршіп тұрған заманда "пресса" қалқаны журналистің өмірін сақтап қала алмайды.

Әскери дискурс

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі 2015-2017 жылдар аралығында Ауғанстан мен Сирия елдеріне барып, жергілікті халықтың жағдайын өз көзімен көріп, танысып қайтқан журналист Руслан Идрисовтың өз аузынан естіп, Қазақстандағы экстремалды журналистика мен теракт, қарулы қақтығыстан зардап шеккен халықтың тұрмыс-тіршілігі жөнінде әңгімелесіп қайтты.

Оның экстремалды журналистикаға қызығушылығы Қазақстан Республикасы  Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған әскери дискурстар мен басқа да шараларға қатысқаннан кейін ғана арта бастаған екен.  

Қарулы қақтығыс аймағында немесе өзге де экстремалды ситуация кезінде журналист қандай жағдайға тап болуы мүмкін нәрселерді теория және практика арқылы көрсететін мұндай дискурстар қазақ журналистикасына жаңа дем беріп, оның аясын кеңейткені белгілі. Бұл шарада үйренген тәжірибе кез келген өмірлік жағдайда да қажет болып қалуы әбден мүмкін. Сонымен…

–Ауғанстан, Сирия елдеріне сапарыңыз жөнінде тоқталып өтсеңіз. Қай жылдары бардыңыз? Қандай мақсатта?

–Бірінші рет Ауғанстанға 2016 жылы Сыртқы істер министрінің Ауғанстан астанасы Кабул қаласына іс-сапарын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында бардық. Бұл ресми сапар болды. Ауғанстанға барғаннан соң, бұл елге қайтадан оралуым  мүмкін екендігін түсіндім. Делегация ретінде ресми сапармен емес, халықтың тұрмысымен жақынырақ танысу үшін қарапайым журналист ретінде келуді ойладым. Кейіннен сол жылы 31 желтоқсанда продюсерден «2 қаңтар күні Сирияға ұшуымыз керек» деген хабарлама келді. Бас тартқан жоқпын. Оператор Қанат Әбілдин екеуіміз Сирияға баратын болып шештік. Ондағы мақсатымыз – Қазақстаннан Сирияға жөнелтілген гуманитарлық көмектің жеткенін хабарлау болды.

Руслан

Сириядағы сапарынан оралғаннан кейін Кабулға қайта баруды ойлап, түрлі құзырлы органдарға хат жолдадық, өзіміздің басшылықпен де келісіп, жан-жақты қолдаудың арқасында 2017 жылдың мамырында оператор Қанат екеуіміз Кабул қаласына ұшып, одан әрі Мазари Шариф  ауданына келдік.

Жарты ғасыр өтсе де, соғыс өрті әлі басылмай келе жатқан елде қауіптің қайдан келетінін білмейсің. Кез келген уақытта түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін.

Есіңізде жатталып қалған, өзіңіз тап болған оқыс оқиғалар орын алды ма?

–Иә, есімде қалып қойған бір оқиға бар. Дегенмен, сондай да бір  қауіпті жағдай деп те айта алмаймын. Хомс қаласынан өтіп бара жатып, үйлер мен ғимараттары қирап қалған ауданды көрдік. Бір-екі үй ғана емес, бүкіл аудан  қирап жатыр. Елшіліктегі әріптестерімізге айтып, бір сағатқа сол жерді түсіріп алуға тоқтадық. Террактіден зардап шеккен аймақтың көрінісін толықтай түсіріп алу үшін биік ғимаратқа шығу керек болды, сол жердегі мемлекеттік мекеменің ғимаратын тауып алдық та, ішіне кіріп жоғарыға көтеріле бастадық. Жерде шашылып жатқан құжаттар, компьютерлер – ғимараттың ішіндегі көрініс… Жарылыс басталғанда адамдар өмірін сақтап қалу үшін бәрін тастап қашқандығы көрініп тұр. Осының бәрін өз көзіңмен көріп тұрып, бір сәтте бүтіндей бір халықтың өмірінің астан-кестеңін шыққанын түсінесің. Өте қорқынышты көрініс. Жоғарыға көтеріліп, оператормен түсірілім жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде атылған оқтың дауысын естідік. Автоматтар бірінен соң бірі атылып жатты. Қанат екеуіміз бір-бірімізге қарадық та, тұрған орнымызда қатып қалдық, не болып жатқанын бірден түсіне алмадық. Әскери дискурстарда, практикада үйреткенде мұндай жағдайда бірден басыңды бұғып жерге жата қалуың керек, алайда дәл сол мезетте бәрі ойыңнан шығып, не істеріңді білмей қалады екенсің. Кейіннен біздің қасымызда жүрген жергілікті сириялық азамат «мән бермеңіздер, бұл көрші аудандағы бір-бірімен жау топтар атысып жатыр, уайымдамаңыздар» деп айтты. Қандай өкінішті... Бұл елде автоматтардың дауысы, атыс, адам өлімі қалыпты жағдайға айналған, оған тұрғындардың еті үйреніп кеткен.

Руслан

Бірден операторға қарап, «түсірілімді жалғастырамыз ба?» деп сұрадым. Себебі, қарулы қақтығыс аймағында журналиске қарағанда қолына камера ұстаған операторға көбірек қауіп төнеді. Қауіпті аймақта жұмыс істегенде қасыңда сенімді әріптесіңнің болғаны өте маңызды. Сирияға, Ауғанстанға сапарға шығатын кезде Қанат менімен бірге баруға сөзсіз келісті және оның «қазақтар ешқашан да артқа шегінбейді» деген сөзі әлі күнге дейін есімде. Кейін Қанатпен бірге Ауғанстанға да барып, бірге жұмыс істедік.

Сонымен қатар, шетелде жүріп ақпарат тарату кезінде тек эфирге шыққан журналистің ғана еңбегі көрінеді, алайда одан бөлек "тылда", яғни экранның арт жағында да қаншама адам еңбектенеді. Сол секілді әріптесім Индира Жылқайдарова өзі Қазақстанда отырып мен Сирияда, Ауғанстанда болғанымда маған үлкен көмегін тигізген болатын. Сирияға гуманитарлық көмектің жеткізілгені жайында ақпарат тарату барысында "Хабар" арнасының шығарушы редакторы тездетіп бір мәтін дайындап жіберуімді айтып: "Өзіміз осы жақта қазақ тіліне аударып аламыз" деген болатын. Қазақстаннан келіп тұрған жалғыз журналист бола тұра қазақ тілінде бір сюжет түсіре алмау үлкен ұят болады деп ойладым, бірақ қазақ тілінде жатық сөйлей алмайтын едім. Сол кезде жоғарыда атап өткен әріптесім Индира Жылқайдарова қысқа ғана уақыттың ішінде мәтінді қазақ тіліне аударып, оны мен эфирде дұрыс оқып, жеткізуім үшін мені дайындап, жақсы сюжет түсіруге көмектескен болатын. Қатты риза болдым. Ол кейін де басқа сапарларда маған аз көмегін тигізген жоқ.

Руслан

Руслан

Болашақта бұл елдерге тағы да бару жоспарыңызда бар ма?

–Нақты мынандай уақытта барамын деген жоспарым жоқ. Алайда, мүмкіндік болса, Ауғанстан астанасы Кабул қаласына қайтадан барғым келеді. Себебі, Ауғанстан жайында айтатын дүние көп, оның халқы, тұрмыс-тіршілігі, ауған елінің бүгінгі жағдайы туралы әлі көп әңгімелеуге айтуға болады.

Ауғанстан

Кабулға барған екінші сапарымызда ауған халқының күнделікті өмірін көрсететін «Грани Афгана» деген деректі фильмді түсірдік. Ол фильм бірнеше марапатқа да ие болды. Дегенмен, ол жерде бәрі толыққанды қамтылмаған, әлі де көрсететін жағдайлар бар. Себебі толыққанды деректі фильм түсіру – бүтіндей бір команданың жұмысы, ал ол бір оператор мен бір журналист қана түсірген сюжет. Сонымен қатар, экстремалды аймақта бір сюжетті қайта-қайта дұрыстап түсіруге немесе ыңғайлы орын іздеп түсірілім жасауға мүмкіндік бола бермейді. Қолымыздан келгенше, сол елдегі шынайы өмірді көрсетуге тырыстық. Ол жерде радикалды топтар, содырлар немесе елдің тыныштығын бұзып отырған адамдар тұрмайды, біз секілді қарапайым халық тұрады. Олар да біз секілді өмір сүргісі келетін, тыныштықты жақсы көретін қарапайым тұрғындар. Қаншалықты қайғылы оқиғаларға куә болса да, олар да күледі, қалжыңдасады, бейбіт күннің туатынына сенеді. Қаншалықты ауыр кезеңдерді бастарынан өткізсе де, олар өмір сүруін тоқтатпайды.

Руслан

Қарулы қақтығыс аймағында болдыңыз ба? Жараланған немесе өлім ауызында жатқан адамдарды көріп, оларға көмек көрсетуге тура келді ме?

–Соғыстың бел ортасына түсіп, нағыз қарулы қақтығыс аймағына барған жоқпын. Себебі, Сирияға барған кезімде Алеппо қаласына апаратын жолды террористік топтар өз бақылауына алған екен, сондықтан ол аумаққа апаратын жол жабық болды. Тартус қаласына айналма жол арқылы жүріп бардық. Біздің қасымыздағы елшіліктегі азаматтар жолда түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін екендігін қайта-қайта ескертіп отырды. Қалаға дейін жол ұзақ, бірнеше сағат жүруге тура келді. Қолында автоматы бар, көбісінің жоғары білімі жоқ адамдар ешнәрседен қайтпайды және оларға бірнәрсені айтып түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан да біз кез келген жағдайға дайын болдық. Қазақстанның Иорданиядағы елшісі, сонымен қатар, Сириядағы жағдайды да бақылайтын қызметкер Азамат Бердібай бізбен бірге жүрді және әрбір тоқтаған жерде көліктен түсіп: «Сендерді үйлеріңде күтіп отырған жандар бар екенін ұмытпаңдар, бастарыңды қатерге тігетін жағдайға ілігіп жүрмеңдер» деп жиі ескертті.

Экстремалды жағдайда жұмыс жасау үшін физикалық та, психологиялық та тұрғыдан мықты болу қажет. Әсіресе, психологиялық дайындық өте қатты қажет. Экстремалды аймақтан адамдар аман-есен оралса да, психологиялық зақым алатындар бар.

–Сіз бұл орайда мұндай жағдайға  толыққанды дайын болдыңыз ба?

–Қауіпті аймаққа барарда ешкім де толыққанды дайын бола алмайды. Әрине, сен қандай жерге бара жатқаныңды білесің, аман-есен оралмауың да мүмкін екенін де түсінесің, бірақ  алда қандай жағдайлар күтіп тұрғанынан бейхабар боласың. Екінші рет Кабулға барғанымызда бір қонақ үйге тоқтадық, ол жерде өзімізді толықтай қауіпсіз сезіндік. Себебі, қонақ үйге кіру үшін кез келген адам толық бақылаудан өтеді, машина, техника, тіпті, адамдардың бәрін қатаң тексереді. Бір кездері Ауғанстанға келген араб журналистерінің камераларына жарылғыш зат орнатып, жарып жібергеннен кейін ол елде шетелдік БАҚ өкілдеріне баса назар аударып, толыққанды тексерістен өткізеді. Кейіннен ол қонақ үйден кеткеннен соң, шамамен, екі күннен кейін елшіліктегі әріптестерім мен жатқан бөлменің суреттерін жіберді. Ішінде сынған әйнектер толып жатыр, қонақ үйдің астан-кестеңі шыққан. «Не болған?» деп шошып кеттім. Сөйтсем, біз тоқтаған қонақ үйде терракт орын алған екен. Мен тұрған бөлмеде жатқан адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсіпті. Бізді Құдай сақтапты, ол адамның орнында менің жатуым да әбден мүмкін еді.

Руслан

Қарулы қақтығыс аймағындағы тұрғындардың көңіл күйін байқадыңыз ба?

–Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған экстремалды журналистика тақырыбындағы оқу-жаттығуға қатысқаннан кейін қызығушылығым арта бастады. Дегенмен, нағыз эакстремалды аймаққа барып, соғысты өз көзімізбен көріп, бел ортасында жүріп қатысқан жоқпыз. Біз экстремалды журналистиканың кішкене ғана дәмін таттық десек болады. Себебі, айтып өткенімдей, қарулы қақтығыс аймағына барғанымыз жоқ. Біз терракт, радикалды топтардың шабуылына тап болған халықтың бүгінгі өмірін, тұрмыс-тіршілігін көрсеттік. Сирия мен Ауғанстандағы өмірден үзінді келтірдік.

Сирия

Үнемі достарыммен, таныстарыммен отырысқа, дәмханаларға барғанда біз даяшыны шақырып, «мына тамаққа не қосылады, мынау ненің етімен, мынаның құрамында не бар?» деп сұраймыз және таңдаймыз. Бізде таңдау бар, өзіміз қалаған асты іше аламыз, қандай ет жейтінімізді таңдаймыз. Ал Ауғанстан мен Сириядағы адамдардың таңдауы жоқ. Олар не табады, соны қанағат етеді. Соған қарамастан  олар – өте қонақжай, «Қазақстаннан келген журналистерміз» дегенімізде, жерге дастархан жайып, әркім өзінің барын қойып, алдымызға тосты. Ал бір әйел: «Қазақстанды білемін, бірақ ол елде біздің жағдайымызбен таныс адамдар бар екен деп ойламаппын» деп жылап жіберді. Өте қайғылы көрініс... Бірақ олар да адам ғой,  тыныш қалыпта өмір сүруді армандайды. Сондықтан тұрақтылықтың құны қашан да өте жоғары дегім келеді.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар