Америка Құрама Штаттары
Қалай таң қалсаңыз да осылай екен. Әлемдегі демократия жағынан барлық мемлекеттерге «үлгі» болып отырған бұл мемлекетте тек екі партия ғана президеттікке өз кандидаттарын ұсына алады. Ең шешуші сайлауда осы екі партиядан шыққан үміткерге АҚШ-тың әр штатынан сайланған 538 таңдаушы дауыс беріп, көп дауыс алған адам ғана президент атана алады. Халық санына байланысты әр штаттан болатын таңдаушы саны да әр түрлі. 2016 жылғы сайлауда Доналд Трамп 304 таңдаушы сеніміне ие болып президент атанған болатын.
Германия
Германия парламенттік басқарудағы ел болғандықтан президенттің билігі мүлде жоқ десек те болады. Дегенмен де, ел басшысын Рейхстаг ғимаратында Федералдық жиналыс болып, онда Бундестагтың 630 мүшесі мен аймақтардан келген депутаттар сайлайды. 2017 жылғы сайлауда 1253 дауыстың 931-іне ие болған социал-демократ Франк-Вальтер Штайнмайер президент атанған. Жалпы бұл елде билік Федералдық канцлер қолында екенін айтып өткеніміз дұрыс.
Италия
Ежелгі римдіктердің ұрпағы өз президенттерін Парламент қос палатасының бірлескен отырысында 7 жылға депутаттардың 2/3 дауысымен сайлайды. Жасы 50-ден асқан италияндық саясаткердің кандидатурасы ел басшысы болу үшін ұсынылады. Жоғарыдағы Германия сияқты мұнда да президенттің қолында билік жоқ. Негізгі билік жалпыхалықтық сайлауда жеңіп шыққан партия өкілі болып табылатын Премьер-Министрдің қолында болады. Қазіргі Италия президенті Серджо Маттарелла 2015 жылдан қызмет етіп келеді.
Үндістан
Ағылшындардан 1947 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Үнді елі республикалық жолды қалап, мемлекет басшысылығына президент болатын конституцияны таңдады. Олар өз президентін Парламент депутаттары мен әр штаттан болатын таңдаушылар арқылы ғана сайлайды. Рам Натх Ковинд 2017 жылдан бері ел президенті болып келеді. Үндістан парламенттік республика болғандықтан, билік Премьер-Министрдің қолына шоғырланған.
Израиль
Еврей мемлекеті өз президентін Кнессет (ел парламенті) арқылы 7 жылға сайлайды. Билік Премьер-Министрде болғандықтан мемлекет басшысы тек өкілдік және салтанатты жағдайларда ғана бой көрсетеді. 2014 жылдан бері ел президенті Реувен Ривлин деген азамат. Израильде президенттер саясатқа көп араласа алмайтындықтан, көбіне-көп үкімет басшыларының ғана аты шығып жатады.
Халқы өз президентін тікелей дауыс беру арқылы сайлай алмайтын елдердің қатарында Грекия, Эстония, Латвия, Вьетнам және тағы басқа мемлекеттер бар.
Кеше президенттік сайлау болып өткен ел Грузияда да енді бұдан былай халық тікелей мемлекет басшысын сайлай алмайды. Онда келесі сайлаудан бастап АҚШ-тағыдай таңдаушылар жүйесі енгізілмекші.
Серікқазы Көкенай
Пікір қалдыру