Президенттің бес әлеуметтік бастамасы еліміздің әр өңірлерінде қалай жүзеге асып жатыр? Қай облыс, қай қала белсенді? Мұны саралау мақсатында Үкімет басы облыс-облысты аралап, Елбасы тапсырмасының орындалып жатқан-жатпағандығын анықтап жүреді. Бұл жолы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Облыстағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу процесін бақылады.
Сапары барысында Премьер-министрге өңірдегі экономикалық өсім, жалпы өңірлік өнім мөлшері турасында ақпарат таныстырылды. Мәселен соңғы төрт жылда Алматы облысының экономикалық өсімі 4,2 пайызды құраған. Ал жалпы өңірлік өнім алғашқы жарты жылдықта-ақ 1,09 триллион теңгені құрап үлгерді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Тұрлашов ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстың жетістіктерін атады. Айтуынша, 2017 жылғымен салыстырғанда биыл жалпы өнім көлемі 3,5 пайызды құрады. Жалпы қаңтар-қыркүйек айларында 488 миллиард теңгеге жетті.
«Өңірде қант қызылшасы, жүгері алқаптарын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұған қоса қант өндіру, жүгері өңдеу жұмыстары да шет қалған доқ. Мал шаруашылығы да айтарлықтай жеміс берді», - деді Л. Тұрлашов.
Облыста өңдеу өнеркәсібінің экспорты да басым екенін айта кеткен жөн. Көбіне экспортталатын азық-түлік, химия және фармацевтика, құрылыс және машина жасау салалары. Елбасының Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға қаржылай немесе қаржылай емес қолдау көрсетуді облыс басшылығы қолына алған.
Ауыл шаруашылығын дамытудағы тағы бір маңызды фактор – ауыл шаруашылығына салынатын инвестиция. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, 2017 жылы АӨК-ке 42,7 миллиард теңге, 2018 жылы – 53,8 миллиард теңге тартылды. 2022 жылға қарай облыс билігі бұл көрсеткішті 99 миллиард теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр.
Бақытжан Сағынтаевқа кәсіпкерлікті дамыту турасында баяндалды. Өңірде бизнесті қолдау үшін 11,1 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Облыс әкімінің орынбасары Тұяқовтың баяндамасына сәйкес, облыста қаңтардан бері 1,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бүгінгі таңда ЖӨӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 28 пайызды құрайды, 2030 жылы бизнес үлесін 40 пайызға дейін ұлғайту жоспарланды.
Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру турасында да баяндалды. Тұрлашовтың хабарлауынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша өңірде тұрғын үй алуға ниетті 56 азамат өтінім жазған.
133,5 мың адамның еңбекақысы көтерілді. Жоғары білім алу мүмкіндігі ұлғайып, 2018-2019 оқу жылында барлығы 5231 мемлекеттік грант берілді. Бұдан бөлек 1930 орны бар 10 жатақһана салынды.
«Шағын несие беру» бағдарламасына сәйкес, 2018 жылы облысқа қосымша 1,3 миллиард теңге бөлінді. 3 қала мен 12 аудан газдандырылды.
Алматы облысының жетістіктеріне қаныққан Бақытжан Сағынтаев сапары соңында өңірдің көркем жерлерін, жаңа нысандарын аралады.
Биыл наурызда Үкімет отырысында Сағынтаев Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берген еді.
«Мемлекет басшысының өз бастамаларын арнайы Үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл – Елбасының халқына ұсынған президенттік әрі перзенттік сыйы. Ол бастамалардың әрқайсысы бүгінгі таңда халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды», — деген Бақытжан Сағынтаев халықты қолжетімді баспансмен қамту, салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі, шағын несие беру жүйесін ұлғайту және елді газдандыру сынды Елбасының тапсырмаларын әр шенеунікке жүктеп, жүзеге асыруын тапсырды.
Пікір қалдыру