Қазақстандағы соңғы мәліметтерге сәйкес, демографиялық ахуал жақсарып келеді. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалып жатыр. Жөргекпұл, көп балалы отбасыларға жәрдемақы мөлшері өсіп келеді. Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері де жылда өсіп жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, көші-қон саясатын ұтымды жүргізіп елдегі демографиялық мәселені шешуге әр кез бір табан болса да жақындап келеді.
Егер тарихи кейбір деректер болмағанда Қазақстан халқының саны 18 миллионнан да көп болушы еді. Оның ішінде ашаршылық, соғыс. Осындай тарихи ауыр жағдайларда қазақтар аштықтан көз жұмды. Соғыс кезінде де көптеген жас жігіттер қыршыннан қиылды. Демографтардың мәліметіне сәйкес, аштық кезінде қазақ халқының жартысына жуығы көз жұмды. Ал екінші дүниежүзілік соғыста 2 миллионнан астам қазақтың 350 мыңы сұрапыл соғыста көз жұмды. Мамандардың мәліметіне сәйкес, егер жоғарыда айтып өткен ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс болмағанда қазақтың саны 32-35 миллионға жетуші еді.
Қазіргі Қазақстандағы туу көрсеткіші жақсы. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, Кеңес Одағы құлап, елде экономикалық дағдарыс болғанда да қазақтардың туу көрсеткіші 17-ден тайқымаған еді.
Қазақ халқының өлім көрсеткішінің деңгейі төмен. Сарапшылардың айтуынша, оған қазақтардың жас халық болуы себеп. Қазақстандағы демографиялық жағдайдың көрсеткіші ретінде Қазақстанда тұратын тұрғындардың орташа жасы өте маңызды. Қазақстандағы халықтың орташа жасы – 27-нің айналасында. Ал Еуропадағы демографиялық ахуал мен ондағы орташа жас көрсеткішіне келетін болсақ, Еуропада туу көрсеткіші төмен де, өлім көрсеткіші жоғары болып тұр. Сондықтан Еуропа елдерінде демографиялық проблема өршіп тұр.
Қуанышқа орай, Қазақстанда ондай мәселе жоқ. Себебі, елде жас отбасыларды үймен, жұмыспен қамтамасыз ету, көп балалы отбасыларға қажетті жағдайдың барлығын жасау, Жөргекпұл төлеуде қиындықтар жоқ. Бұл ретте отбасыға деген көзқарас, туыстық қатынас, өмірдің мәні туралы түсініктер де ерте отбасын құрып, көп баланы тәрбиелеуге үгіттейді. Мәселен, Қазақстанда бала алғаш қадамын тәй-тәйлап басқаннан бері оған отбасы құндылығын санасына сіңдіреді.
Демографиялық мәселе дегенде қазақ халқының табиғи өсімін де айтып өте кету керек. Қазақ халқының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Нақты қазақ халқының туу көрсеткіші жоғарылап келеді. Демографтардың айтуынша, келешекте Қазақстан моноұлтты елге айналады. Алдағы 10 жылда Қазақстанда тұратын халықтың 80% - қазақтар болады деген болжам бар. 15% - орыстар болса, қалған 5% өзге ұлты өкілдері. Оның көбі өзбек болады.
Қазақстанда демографиялық ахуал жақсарып, туу көрсеткішін арттыру үшін Қазақстан үкіметі түрлі шараларды қолға алып жатыр. Түрлі тарихи жағдайларға байланысты шетелде туып, өскен этникалық қазақтарды Қазақстанға, тарихи отанына көшіріп әкелу, оларды өз тарихи отанында өмір сүруіне ынталандыру, жағдай жасау және Қазақстанда тұрып жатқан халықтың жағдайын жақсарту, жас отбасыларға көмектесу, көп балалы отбасыларға жағдай жасау, көп балалы ана, көп балалы әке атануға ынталандыру үшін түрлі шаралар жасалып жатыр. Экономикалық жағдайын жақсартудан бастап, отбасы құндылықтарын насихаттау мықтап қолға алынды.
Демография мәселесін айтқанда елдің қартаю деңгейі де есептелетінін ескеру керек. Біріккен ұлттар ұйымы әр түрлі елдегі қартаю көрсеткішін көрсететін түрлі әдіс, тәсілді ойлап тапты. Бірікке ұлттар ұйымының көрсеткішіне тоқталып өтейік. Егер белгілі бір мемлекетте тұратын халықтың 4% немесе одан төмен проценті 65 жастан асқандар болса, ондағы халықты жас ел ретінде қарастыру. Ал 7% немесе одан да жоғары болса, онда ол ел қартайған болып есептеледі екен. Сарапшылар, енді екі жылдан кейін, яғни 2020 жылы Қазақстандағы қартаюдың проценттік көрсеткіші – 7-ден асуы мүмкін.
Қандай ел болмасын ондағы демографиялық ахуал елдің түрлі саласына әсер етпей қоймайтыны анық.
Экономистер Қытай экономикасының дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы елдермен қатар тұруы – елдегі халық санының үлкен қарқынмен өсуі екенін айтады. Сарапшылар, демографиялық дүмпу - экономикалық жағдайдың жақсаруына әсер етеді. Батыс пен Азияның өркениетті елдерінде жұмыс күші қалтаны қаққаннан кейін, қымбат емес, бірақ сапалы еңбек ететін жұмыс күшін іздей бастады. Осы кезде әлем бойынша халық саны ең көп Қытай Халық республикасы жағдайды тиімді пайдаланып елге инвестиция тартудың тиімді әдісін ойлап тапты. Дүниежүзіндегі ірі компаниялар Қытайда жаппай өз зауыттарын сала бастады. Бұл жағдай Қытай экономикасына оң әсерін бермей қоймады.
Әлем бойынша ең көп халық тұратын елдердің қатарында Индия, Бразилия да бар. Бұл елдер де жұмыс күшіне бай. Демографиялық жағдай жақсарған сайын халықтың экономикалық жағдайы да жақсара түседі. Бұны әлемдік практика дәлелдеп отыр. Алайда кейбір елдерде халық саны көбейген сайын керісінше экономикасы нашарлай түсті. Мәселен, Африка мен Азияның кейбір елдеріндегі халық санының күрт өсуі, демографиялық дүмпу ел экономикасына, әлеуметтік ахуалына кері әсерін беріп жатыр. Сарапшылардың ойынша, ел экономикасы нашар дамыған елдерде туу көрсеткішінің жоғары болуы шешімін табуды қажет ететін проблемаға айналып отыр. Жұмыссыздар саны өте жоғары елдерде демографиялық дүмпу мәселені одан бетер ушықтырып отыр.
Бірікке Ұлттар ұйымының мәліметіне сәйкес, Африка елдерінде, Таяу Шығыста жұмыссыздық деңгейі өршіп тұр. Сарапшылардың болжамынша, алдағы уақытта жұмыссыздық деңгейі өсу ықтималдығы өте жоғары. Бұл елдердің тәжірибесі ел экономикасы мен демография бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Қазақстан үкіметі осы елдердің тәжірибесін зерттей келе, Қазақстандағы демографиялық жағдайды жақсартуға күш сала отырып, ел экономикасын да көтеруге атсалысып отыр.
Ал кейбір елдерде керісінше туу көрсеткіші өте төмен, соның салдарынан демографиялық мәселесі өршіп тұр. Олар елдегі жұмыс күші жетіспеушілігін шешу үшін керісінше шетелден мигранттар шақыруға мәжбүр болып отыр. Шетелден адамдарды жұмысқа тарту елдегі ішкі саяси жағдайды ушықтырып отыр. Халық пен кейбір саясаткерлер бұл жағдайға наразылығын білдіріп келеді. Олар елде мигранттар санының көбеюі елдегі қауіпсіздік мәселесіне нұқсан келтіреді деген ойда. Елге келген мигранттар жергілікті халықтан да тез көбейіп жатыр. Сарапшылардың ойынша, Еуропа елдерінде мигрант отбасылардың саны көп болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сай, мұндай жағдай тек Еуропа ғана емес, көптеген өркениетті елдерінде орын алып отыр.
Ал Қазақстанда мәселе мүлде өзгеше. Қазақстан экономикалық ахуалды жақсарта отырып, демографиялық мәселені шешуге барын салып отыр. Жылда жөргекпұл өсіп келеді. Жақында ғана Елбасы жылдағы Қазақстан халқына жолдауында орташа жалақы мөлшерін өсіруге тапсырма берді. Көп балалы отбасыларды үймен қамтамасыз етіп, әр балаға жәрдемақы беріп отыр. Оның мөлшері де өсіп келеді. Мұндай жағдай Қазақстандағы демографиялық ахуалды жақсартып отыр.