МАРАТ ҚАБАНБАЙ: «ШЫНДЫҚҚА ӨКПЕ ЖОҚ»

/uploads/thumbnail/20170708174218929_small.jpg

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ КӨГІНЕ ӨШПЕСТЕЙ ІЗ ҚАЛДЫРЫП, АЛАШ ӘДЕБИЕТІ МЕН ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ АСПАНЫНДА ХАЛЫҚ ТЫНЫСЫМЕН ТАМЫРЛАС ӨЗ ЖҰЛДЫЗЫН МӘҢГІЛІККЕ ЖАҒЫП КЕТКЕН ЕКІ ҚАЛАМГЕР БОЛСА, СОНЫҢ БІРІ, ЕГЕР ЖАЛҒЫЗ БОЛСА, СОЛ ДАРА ДАРЫН – МАРАТ ҚАБАНБАЙ ЕДІ ДЕСЕК, БҰЛ ОЙЫМЫЗҒА ЕШКІМ ДАУ АЙТА ҚОЙМАС. ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАДА ҚАТАР ҰШТАСТЫРҒАН ЕҢБЕГІ СӨЗІМІЗГЕ ДӘЛЕЛ. ӘСІРЕСЕ, ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫН ПАРАСАТ ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРЕ ЖЫРЛАҒАН ШЕБЕРЛІГІ – АРАДА ОНДАҒАН ЖЫЛДАР ӨТСЕ ДЕ, ӨЗ ӨЗЕКТІЛІГІН, МАҢЫЗЫН ТИТТЕЙ ДЕ ЖОЙҒАН ЖОҚ. АЛ МҰНДАЙ РУХАНИ ҚҰНАРЫ ҚУАТТЫ ДҮНИЕЛЕР ҰРПАҚ ЖАДЫНАН ӨШПЕСЕ, ЖАС БУЫН САНАСЫНАН ҰМЫТЫЛМАСА КЕРЕК ЕДІ. БІРАҚ, ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, МАРАТ ҚАБАНБАЙ ЖАЙЫНА КЕЛГЕНДЕ, БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ АУЗЫН БУҒАН ТАНАДАЙ. ЖӘНЕ СОЛ ҮНСІЗДІК АҒАМЫЗДЫҢ ӨМІРДЕН ӨТКЕНІНЕ 15 ЖЫЛҒА ЖУЫҚ УАҚЫТ ӨТСЕ ДЕ, ӘЛІ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ. ОСЫ БІР КӨҢІЛСІЗ ТЫНЫШТЫҚТЫ БҰЗҒЫМЫЗ КЕЛДІ. КІТАПХАНА МҰРАҒАТЫНЫҢ СӨРЕСІНДЕ ШАҢ БАСЫП ЖАТҚАН ГАЗЕТ БЕТТЕРІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙҒАН ӨТКІР ТІЛДІ ПУБЛИЦИСТІҢ САУСАҚ ТАБЫНА ҮҢІЛСЕК ДЕДІК. САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАР АРАСЫНАН ШЫҚҚАН ӨР ҮН ТЕК ҚАНА МАРАТ АҒАМЫЗҒА ЖАРАСАР БАТЫЛ ДА ПАҢ, САЛМАҚТЫ САРЫНМЕН ТІЛ ҚАТТЫ. КӨКЕЙДЕГІ САН САУАЛҒА ЖАУАП БЕРДІ. ҚАЛАМГЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМЕН СЫРЛАСҚАН СОЛ РЕТРОСПЕКТИВАЛЫҚ СҰХБАТЫМНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫН ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР, КӨҢІЛГЕ ТҮЙЕТІН ТҰСТАРЫ БАР СИЯҚТЫ.

– Аға, қаламы қарымды жазушы ретінде парасат биігінен бағдарласаңыз, бүгінде халқыңыз зиялылықты қаншалықты түсіне алып жүр? – Зиялы-интеллегентті әр халық өзінше түсінген. Еуропада ол – жай ғана білімді топ, Ресейде – халыққа жаны ашитын зиялы, ал қазіргі заманда – осы екеуінің қосындысы. Кеңестік жүйе де ой өкілдерін «өзінше төбесіне көтерген». Тым тереңдерін, әлеми-қазақы мәдени үлгілеріне сүйенген Алашорда өкілдерін атып, асып, қуып тастады да, икемге келгеннің алдына ас, екі қолын бос қойды. Жалаң социализм казармасының есігін аңқайтып ашып, өз сөзін сөйлеттірді; сөйтіп, жердің астындағыны білемін деп жүрген «мықтыларды» көп ұзамай-ақ кеңестік ырдудан арбаға жегіп, итпектетіп қойды. Оның үстіне, алып дала, арғымақ ат пен алакеуде аңқаулыққа, сал-серілікке негізделген рухани дүниемізді ХХ ғасыр өркениеті жанын шығарып тұрып жаншыды. Және бұл темір-терсек заманға біз ең соңы боп іліктік. Шығыстың жеті жұлдызына Абай сегізінші болып қосылғаны осы міне. Ал Еуропадан сусындағы Шоқан, топырағымыз табанын тартып тұрса да, біздің мәдениеттің сол кездегі қисындарына, шынын айту керек, қиғаштау ерекше тұлға. Біз мадақтайтын бес арыс пен алыптар тас қайната бастағанда, өзге елдердің сол деңгейдегі марқасқалары көрде-тін. Қалғанымыз кеңестік қара нанға мелдектеп тойғанға мәз болып, соның тоғымен, буымен өз-өзімізді, неге екені белгісіз, зиялы екеміз дедік. Әлі де болса біразымыз сол астам да «асқақ» ойдамыз. Бұл да болса – кәрия тарихтың қазақты қытықтап ойнаған зілді әзілдерінің бірі. Осы мең-зең мастықтан ұлтымыз әлі де айықпай, беліміз шойырылып, жатқан жерімізден үйелеп тұра алмай жатырмыз. Кеңес тұсында мұны: «Іс бітті, мәдениетіміз әлем деңгейіне жетті, енді ішіс, жес керек» деп түсіндірдік. Он шақты жыл бұрын шаң берген жаңа заман бізге, керісінше, «Түйе теуіп, ішің кеуіп, жолда жатырсың!» – деп анық айтты. Және, сорымызға қарай, онысы рас та. Негізінен, зиялы – қазақ топырағынан бастап, әлем мәдениетін толық меңгерген, өз ұлтына жөн сілтейтін, асып жатса, өзге ұлыстарға да үлгі болатын, қара халық пен болашақтағы аристократияны жалғастырушы алтын көпір тұлға. Орыс тілдіміздің басқа жарғағы сай болса да, өз ұлтын білмейді. Қазақ тілдіміз өзін білсе де, өзгеден хабары аз. Екеуі жарым жанды, жарты санды, жартыкеш. Екеуінің де қарны аш. Сондықтан қомағай. «Біз бармыз!» деп өзімізді-өзіміз алдамайық. Бар секілдіміз... «Секілділерден» тәлім-тәрбие алған қазақ баласы қазір көшеде сауда жасап, реті келсе кісі тонап жүр. Келешек – күңгірт. Қазанның қақпағындай дипломмен интеллектіні шатастырып алдық. Ұлтқа бас болу үшін алдымен өзіңе қарау керек.

– Ал қазіргі қазақ интеллегенциясының қаймақтары деп жүргендеріміз жоғарыдағы аталған талаптарға қаншалықты сай? – Бізде дәл қазіргі жағдайда зиялыға, қазақ жұрты қалтасында қақпақтай дипломы бар кез келгенді апарып, сондай аңғал жомарттықпен таңа салатын сыңайлы. Егер зиялының басты анықтамасын «алдымен, өз ортасына, одан ұлты мен халқына, қалды бүкіл тіршілік өкілдеріне жаны ашу» деп түсінсек, дұрысы да осы болар, онда диплом зиялылықтың өлшемі емес. Жоғарыдағы анықтамаға жан дүниесі сай келіп, сонымен іштей ырғақ тауып жатса, өзге дегенде өгіз қара күші бар қарапайым шопыр, малшы да зиялы. Ал өзім дегенде өзегі үзіліп тұратын академигіңіз зиялы да емес. Ол тасжүрек диплом иесі, білім-ілімге бай жай ғана боқ қарын. Ебі, қарабайырлай атсақ, ванна жиегінде отырып, дәл сол ваннаның тірі атомдардан құралуы мүмкін екенін және оның: «Абайлап құйрық бассайшы, ауырттың ғой жанымды, қинадың ғой тәнімді» деген жан айқайы бар екенін ұға алатын адам ғана, шын мәнінде, зиялы. Бұл критерийге біздің қазіргі қоғам жауап бере алуы неғайбыл. Әлемді біртұтас жанды, нәзік организм деп түсінетін зиялы бізде саусақпен санарлықтай. Жалпы, қазіргі қазақ қауымында, негізінен, білімді номенклатура мен тәуелсіз ой ойлауға қабілеті жоқ, оған бағынышты функционер сауаттылар тобы ғана бар. Төрт құбыласы түгел қоғамда дәл «құл иеленуші» мен «құлдардың» арасын ылғи да әшкерелеп, алдыңғысының тәубесін есіне түсіріп отыратын, ал құлдардың бейшаралығын бетіне басып, адамшылыққа үндеп отыратын зиялы бар. Бұл зиялыны қазақ топырағында бүр жара бастағанда-ақ кеңестік жүйе көктей орды. Қазіргі зиялы деп жүргеніміз сол өртеңнің орны, күл, күресіні ғана. Ендеше, біз «зиялы» екенбіз деп иегіміз қышымасын, біз тек ой жүйеміз құрмалас емес, жай сөйлемдерден ғана тұратын қарадүрсін, зиялыға кандидаттар ғанамыз. Біз бұл күнде өткен мәдениет үлгілерін жинаумен ғана айналысып жүрміз. Аңшылықпен, жеміс жинаумен алғашқы қауымдық құрылыс айналысқан ғой. Осыған қарап-ақ, мәдениеттің қандай кезеңінде тұрғанымызды шамалауға болады. Жинағанды қорыту, бағалау – алда. Ал тың өскін мәдениет, толыққанды мәдениет жасау, тіптен көз көрмейтін алыста.

– Демек, сіздің сөзіңізден түйгеніміз, қазақ қоғамының интеллегенциясыз қалғаны ғой дәл қазіргі таңда? – Бүгінгі қазақ зиялысы тұтастай алғанда, қай зиялы десек, бірен-саранын есепке алмасақ, алтыбақан алауыз кеңестік зиялы, мутант, дүрегей, қомағай «зиялы». Көбіміз Абайдың емес, оның ашынып айтқандарының төңірегінен табылып жүрген феодалдық-кеңестік, мырқымбай зиялымыз. Есімізден екі елі шығармайық, бас-басымызға би болып, бөліп алуымызға қазақ аздық етеді. Бүйте берсек, мына апан дүниеге тастай батып, судай сіңеміз. Егер бірлік, ежелгі түріктік, туысқандық қасиеттерімізді қайта тірілтпесек, күніміз қараң. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп халық мұндай мисыздыққа баяғыда-ақ қысқа, қатал бағасын нақ берген. Қазақстанда қазір көбіне талант, адал еңбек емес, алдап-арбау, сауда-саттық, коррупцияның сөзі өтімді. Оған күйреп, күйзелмеу керек, өйткені, кез келген елдің өтпелі дәуірінің сиқы осы. Бұрынғы кадр таңдау жүйесі жаңа заманда талант таңдауға айнала алмады. Бармақ басты, көз қысты тұрғанда оған орын жоқ. Аға, орта буынды бұған беріп алдық, енді жас ұрпақты құтқарып қалуымыз керек. Талант пен адал еңбек алға шықпаса, Қазақстанның сиқы қалғаны қалған. Тұлпардың таланттысы Құлагер еді. Құлагерді өлтіріп ек, орнына басқа Құлагер табылды ма? Махамбеттің басы шабылғасын, талай жас Махамбеттер Махаң болудан безіп кетті. Мұқағали мен Асқардың өлімі болашақ талай мұқағалилар мен асқарлардың жолын кесіп тастаған жоқ па? Қазіргі Мұқағали, Асқар, Төлеген, Оралхан, Сағаттар базарда телмеңдеп жүр. Жас Қаныш Сәтбаевтар қой соңында. Провинцияның Парижді жасағаны рас болса, алдымен халық арасына неге көз талғанша үңілмейміз? Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесе, бұл – біздей мемлекеттің соры. Барлық трагедия әркімнің өз орнында отырмауынан туындайды. Әркімнің қолдан жасаған «ағаш аты емес», табиғат шебер тудырған тұлпар озуы керек. Алғы елдер әркімді өз орнына қоятын, талантты тауға сүйрейтін жүйе жасай білді. Бізде ондай нышандар жоқ емес, бар. Әйтсе де, ілуде біреу. Таланттарды табу, тәрбиелеу, ұқсата білу ұлттық сипат алуы керек. Талант – ұлттан да, мелекеттен де жоғары.

– Бәлкім, көнеден жетіп, бүгінде шорт үзілген үлкеннің кішіге, ағаның ініге деген ұстаздық ұлы жолын қайта жалғау керек шығар. Сіз қалай ойлайсыз? – Рас. Ең жаманы – сақалды көрінген жерде сапситып, саудаға салатын болдық. Өлер алдында жиырмаға жуық ақын-жазушыға батасын беріп кеткен ұлы Мұхаңның қадірлі сақалы ұмыт. Біздің кейінгі қазақы сақал – кеңес заманында өскен, кеңес қайшысымен күзеліп, түзелген сақалдар. Колбиннің тұсында қырық түрленіп, құлпырған олардың біразы бүгінде: «Өкшемізді басып, жас толқын келе жатыр-ау, олардың қалы мына аумалы-төкпелі заманда не болады-ау?» дегенді естен шығарған, ойлағандары – алып қалу, қарпып қалу. Әдебиетке алты жасар талант келсе, баяғыдай алпыс жасына қарамастан, орнынан тұрып, сәлем беру қайда? Қазір: «Ой, мына біреу рұқсатсыз қайдан кіріп келді? Кәпірдің түрінің жаманын-ай!» – деп қарадай үркіп, көпе-көрінеу жасқаймыз. Қасымыздағы өз бала, інімізден қас іздеп тұрамыз. Оларға салсаң, қолға құман алып, иыққа сүлгі іліп, өмірбақи қызмет етіп тұруға тиістісің. Яғни феодализм, кеңестік құлдықтың жалғасы. Қазақтың ақсақалы – оның зиялысы еді. Талантқа тар, халтурщикке кеңбіз. Жалпы, бір ұйықтасақ, Алпамыстай қатты кететін халық екенбіз. Кеңестік летаргия меңдеп алыпты. «Ұлт» деген кішкене күркеше жасап алып, соның ішінде «сәби болғым келеді, сәби болғым» деп әндетіп қойып, бесіктен беліміз шықпай жата бергіміз бар. Қарттарымызда қадір, жастарымызда жалын қалмай бара жатыр.

– Оған рушылдық пен жершілдікті және қосып қойыңыз десеңізші... – Ру, жүз деген пәле қайдан бас көтерді десең, оған бас қатырып ойланатын түгі жоқ, оның арғы түбі бәзбіреулер айтқандай, регион намысы емес, кәдімгі қара есеп. Халтурамен айналысатындар тура, адал жолмен жүрсе ойлағандары орындалмайтынын сезеді де, шама-шарықтары келгенше «сіз ана жүзсіз, ол мына жүз», – деп таланттардың арасына от жағады. Екі қарға төбелесіп, үшіншіге осылай жем болады. Мен халтура емес, таланттарға таңғаламын: жер түбіндегіні біліп отырып, осы бір себебі де, нәтижесі де айдан-анық алдауға оп-оңай қалай түсіп қалады? Әлде олардың да біз білмейтін терең есебі бар ма?.. – Сіздіңше, сонда бұл тығырықтан шығар жол қайсы? – Жоғарыдағы айтқан екі сырқаттан аман, жаңа қазақ зиялысын әзірлейтін мемлекеттік бағдарлама керек. Әзірше оған мұрша жоқ – қалта таяз. Егер қой емес, ой бақсақ, болашақта нигилистер мен феодал-кеңестік төл зиялысымақтар «тақтан таяды да», оның орнында бұл «ғасыр шайқасынан» аман қалған ат төбеліндей аз интеллегент қалады. Жалғыз да қалмайды, оларға бұл күнде Президенттің стипендиясына, өз есебінен оқып жатқан тым орыстық, тым қазақылықтан дені сау жастар үсті-үстіне қосылады. Сөйтіп, екі топтың озығы мен «шетелдіктерден» жаңа үштік одақ – сапалы қазақ зиялысы қалыптасады. Оған дейін ұлт «Сабыр түбі – сары алтын» деп, жылай-жылай тоса тұра ма деймін – бұдан зорына да шыдаған.

– Аға, енді өзіңіз бір кездері жұлдызды шағын тудырған журналистиканың бүгінгі жай-күйі мен бағыт алысын қалай бағалар едіңіз? – Біздің телерадио мен баспасөзге сенсеңіз, жер бетінде қазақтан асқан бақытты халық жоқ сияқты. Ондайда кейде осы біздің ана тіліміз тек бөсуден тұратын сөз, сөйлемдерден түзіле ме деп қаласың. Тұмсық астынан басқаны көрмейтін «төртінші өкіметіміздің» түрі осы. Жауырды жаба тоқып, әрине, бәрін де Сыпыра жырау демейміз, сылдыр сөзбен халықты әлдилеп ұйықтатып, дәл осы тірлігімен күштілердің қолына су құйып, әлгі үміт артқан «төртінші өкіметіміз» қолына құмған ұстаған, иығына сүлгі ілген бірінші қызметшіге айналғандай сыңайы бар. Журналистиканың ең басты парызы – баспасөз бетін қандай сапалы материалдармен толтыруды күні-түні ойластыру болса, біз газет, журнал бетін немен, қалай толтырамыз деп қиналамыз. Есі бар елдерде газет, журналдың әр шаршы сантиметрі, телерадиосының әр секунды есепте. Капитализмнің үнемге құрылған заңы солай. Езіп пәлсапа соғу, уағыз айту, қысқасы, қызыл сөзге онда орын жоқ. Қысқа да нұсқа хабарлар және проблемалық мақалалар – о жақтың сиынар құдайы осы. Ал бізде мемлекет мойнына алғасын ба, не көп, ара-арасына ауа кетіп жатқан сылдыр сөз, салақұлаш су мақала көп. Соңғы кезде оған туырлықтай жарнама, әлдекімнің әлдебіреуге жолдаған құттықтауы қосылды. Құттықтаған, құттықталып жатқандар кім, олар сондай ақпа-төкпе асыл сөздерге лайық па, онда шаруа жоқ, ақша төлесе бітті, көздерін бағжитып-бағжитып, суреттерін табақтай етіп басамыз да жібереміз. Сонымен бір бетте 80, 90, 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан классик те, әлгі 25, 30 жасқа толып, сонысын халқына қуана-қуана мәлімдеген Айдар, Айшалардың суреті қатар тұрады, ал, қайтесіз? Мұндай мейрампаздыққа әлем баспасөзінің бір де біреуі осыған дейін «батылы» жетіп бармапты.

– Ұлттық журналистикамыздағы мұндай олқылықтардың себебі неде және оның алдын қалай аламыз? – Себеп сол, біздің бұл қызметшілігіміз бен қолбалалығымыз сонау кеңес империясы тұсында басталып, ондаған жылдар бойы әбден үстіріктеліп, үтіктелген, баяғы «ләппай тақсыр» төл психологиямыз, 1917 жылдан бері миды кеулеп, әбден кептіріп тастаған мәгүрттігіміз рухани майданға, оның ең басты саласы – баспасөз бен телерадиоға, масқара болғанда, өстіп мөр болып басылып отыр. Ойлау жүйеміз өстіп жүгенделіп, қалам ұстаған қолымыз шындық десе арақкеш секілді осылайша қалтырап сала беретін халге ұшырадық. Ондай масқара құлдық мінездің тас қамалын ең алдымен жүрдек те жауынгер баспасөз бен телерадио бастап бұзуы керек еді, өйтіп ерлік жасағанның орнына қайта: «Бізде бәрі де жақсы, е, Алла, осы бергеніңе шүкір!» деп, алдымен ойдағы, қырдағы халықтың, шама-шарық келіп жатса, әлем жұртшылығының көзіне телеперде тұтып, құлағына радиоқап кигізіп, көзіне қисық баспасөздің қызыл, жасыл әлеміш көзілдірігін кигізгіміз бар. Жер серігінен полигондағы әскери адамның погонындағы жұлдыз санын айыруға болатын, мынау қарым-қатынас, көргіш, білгіш құралдары әбден дамыған заманда ондай сылдырмаққа кәнігі шетел алдана қояр ма екен! Бұл, түптеп келгенде, уақытша алдау, өз-өзімізді алдау, қазақты талдау... Біз баспасөзімізде әлі күнге дейін қанымызға сіңген романтика, поэтикамен жүрміз. Керегі – суық зерек, ащы шындық. Платон айтқандай: «сен менің досымсың, бірақ шындық екеумізден де жоғары». Мынау аяуды білмейтін өмірге қазір мұз бетімен мәнерлеп коньки тебу емес, жеті қат жерастына тік түсіп кететін шахтер шындығы, есебі, қара шаруа журналистика керек. Сарнап ақыл соғатын абыздың, қобыздың дәуірі келмеске кетті. Тоғайдың сыбдыры, жапырақтың сылдыры қазір ешкімді толқытпайды. Енді алға шығып, келер көкжиектерді қалам ұшымен нұсқай білу керек, сонда ғана баспасөздің оқырман алдында беті жарық. Бұл заманда үндемеу – үйдей пәле! Тоқетері, баспасөз бен телерадио ұлт өмірінің көрсеткіш шкаласы десек, біздің қазақы шкала көк базардағы алдамшы саудагердің теріс таразысы сияқты дұрыс көрсетпейді. Ол үшін өтірік арланып, бір-бірімізге өкпе артпайық, асылы, шындыққа өкпе жоқ.

Қаламгер шығармашылығымен сырласқан Назерке ЖҰМАБАЙ, Facebook парақшасынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар