Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, оқу орындарының оқытушылары, қоғам қайраткерлері, діни бірлестіктер, мемлекеттік органдардың өкілдері, көпбалалы батыр-аналар мен студенттер қатысты. Іс-шара бағдарламасында «Қоғамның дамуы мен рухани жаңғыруындағы әйелдердің ролі»; «Ислам және қазақ халқының ұлттық құндылықтары»; «Діндегі әйел-аналар мәртебесі мен ролі»; «Дін, қоғам және отбасылық құндылықтар» секілді тақырыптар қарастырылды. Форумда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова сөз сөйлеп, қоғамдағы жалпыадамзаттық құндылықтарды дамыту мен өскелең ұрпаққа тәрбие берудегі әйел-ананың рөлін және нәзік жандылардың саясатқа араласуына барлық жағдайлардың жасалуы қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы халқының санағы нәтижелері бойынша ел тұрғындарының саны 16009,6 мың адамды құраса, олардың 8297,4 мыңы әйел қауымының өкілдерінен тұрады. Қазақстан әлемнің 135 елінің ішінде гендерлік теңдік көрсеткіштері бойынша 31 орынға көтерілді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің 60%-ын әйелдер құрайды, ал сот жүйесінде – 61%, сотта – 42%, Парламент депутаттары арасында – 34%, кәсіпкерлікте – 40% әйел азаматтар қызмет атқарады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Қымбатты ханымдар! Сіздер – отбасының демек, мемлекеттің тірегісіздер. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», - дей келе: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз», - деп айрықша атап өткен болатын. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф өз сөзінде бұл Форумның елімізде тұңғыш рет «Әйел және дін» атауымен бірегей оқу ордасы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалык университеті қабырғасында өтуінің өзімен-ақ рәміздік және тарихи мәнге ие болып тұрғанын баса айтты. Форумда қарастырылған тақырыптардың өзектілігі бүгінде елімізде қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жоққа шығаратын, хижаб киініп, қоғам өмірінен алшақтаған қыздар санының арта түсуімен де байланысты болып отыр. Олардың көпшілігі өз қауымдарының аясымен шектеліп, тұйықталуда. Бұл ретте Қ.Лама Шариф әйелдердің діндегі құқықтары жөнінде ой қозғай отырып, Қасиетті Құранда ер мен әйелдің Алла алдындағы құқықтары мен міндеткерліктері бірдей екендігін куәландыратын тұстардың көптігін айрықша атап өтті. Қазақ халқында әйелдер күнделікті өмірде жүзін жауып жүрмеген, өзгелерден оқшауланып немесе ерлерінің рұқсатынсыз басқалармен сөйлесу құқығынан айырылып көрген емес. Қазақ тілінің бай да құнарлы сөздік қорында «хижаб» ұғымы жоққа тән. Форум барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалык университетінің кешенінде ұйымдастырылған «Қыз Жібек» клубының тұсаукесері өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – қыздарды ұлттық дәстүрлер мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу және оларға озық заманауи құндылықтарды сіңіру. Ұйымдастырушылар «Қыз Жібек» клубының аясында өзіндік тәрбие мектебінің қалыптасуын көздейді. Яғни, клуб алдыңғы буын өкілдері мен замандас құрбылардың сырласып, пікір алмасатын сұхбат алаңына айналуға тиіс. Болашақта клуб тәжірибесі игі бастама ретінде еліміздің басқа да аймақтарына таралатын болады, сондай-ақ осы тектес клубтар еліміздің өзге де жоғарғы оқу орындарында ашылады.
Ембірді Байжан "Қамшы" сілтейді
Пікір қалдыру