Бүгін көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алашорда үкіметінің төрағасы, публицист, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың туған күні. Тәуелсіз Қазақстанның ірге тасын қалаған Алаш көсемдерінің есімі қазақ жадынан ешқашан өшпек емес. Әлихан, Ахмет, Міржақыптар шығарған «Қазақ» газеті Алаш аспанынан мәңгілік бостандық нұрын шашып тұрғаны сөзсіз. Біз сол қайталанбас «Қазақ» газеті туралы кезекті мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
ХХ ғасыр қазақ халқының төбесінен қара бұлт төнген заман болды. Ұлтымыз «қырғыз» атанып, шұрайлы жерлерінен қол үзіп, діні мен ділінен айрылуға сәл-ақ қалды. Патша өкіметі халықты тығырыққа тіреді. Осы шақта сарсаңға түскен елдің ой-санасын оятуды мұрат тұтқан қазақ зиялылары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Сондай Алаш азаматтарының бірі, қазақ тіл білімінің негізін салушы,ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазақтың қазақ болып қалуы үшін ол аянбай тер төкті. Әсіресе, "Қазақ" газетін жарыққа шығаруы қарапайым халықтың көзін ашып, "көзі, құлағы һәм тілі" бола білді.
Сөйтіп, 1905 жылы «Қазақ» атауымен газет шығаруға рұқсат алған ол сол жылдан бастап-ақ жұмысқа кіріседі. Бұл іске көрнекті қайраткерлер тартыла бастайды. Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сынды арыстардың тынымсыз еңбегі мен риясыз күрестерінің нәтижесінде халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ақылына ақыл қосатын, халыққа рухани азық болар «Қазақ» газеті жарық көрді. 1913 жылдың 2 ақпанында бірінші нөмірі басылып шыққан бұл газет алғашқы күндердің өзінде қолдан-қолға, ауылдан-ауылға таралыпты. Бұқара халық бұл газетті тозып жыртылғанша оқыған көрінеді. Газет ел басына төнген қатерлердің атын атап, түсін түстеп бүкпесіз баяндайтын. Мұны патшаның отарлау саясатына қарсы күрес деп түсінуге болады. Алайда, бұл нағыз ақыл кемеңгерлерінің қантөгіссіз жүргізген күресі еді. Халықты алдап-сулаған патша өкіметінің қитұрқы әрекеттерін әшкерелеп халықтың көзін ашқан да - осы «Қазақ». Газеттің бірінші санындағы Ахмет Байтұрсыновтың «Хурметлу оқушылар!» мақаласы газет оқырмандарымен тікелей тілдесіп,халыққа газеттің бағыт-бағдарын, мақсатын, яғни бағдарламасын алдын-ала ұсынған. Мұнда ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу,болыс кеңселері мен халық соттарында іс қағаздарды ана тілінде жүргізу,сонымен қатар саяси бағыттағы мәселелер де атап өтілген. Бұл мақала газеттің өзіндік ұстанымы, мақсаты және сол мақсатқа апарар жоспарлары бар екендігін көрсетеді. Орыстың «ақ патшасына» зарын жеткізе алмай, тілі күрмеліп, әбден булыққан халық арыз-шағымын,арман-тілегін һәм көрген-білгенін ұлттық газет қызметкерлеріне ақтарыла айтқан. Себебі, бұл газет сайын даламызды шарлап өтіп, Мәскеу,Түркия,Қытай асатын болған. Осындай кең ауқымды басылым арқасында халық білмегенін біліп,алыс-жақынмен танысып жатты. Газет халықтың жігерін қайрап, намысын оятты. Халықтың жүрегіне жол тапқан «Қазақ» газеті жайында көптеген пікірлер айтылып жатты. Оған академик-жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қазақ» газетінің мезгілі» атты мақаласы, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Дұғай да,дұғай сәлем айт, «Айқап» пенен «Қазаққа»» өлең жолдары дәлел бола алады. Алайда,кай заман болса да шымбайға батар шындықты жалау еткен тұлғалар көп тосқауылдарға кезігеді. Айтпағымыз, сол заманда белең алып тұрған патша өкіметінің үстемдігі газеттің шығармашылық ұжымын қыспаққа алады. Әрине,мұны редактор біліп отырды. Бірақ бұл газет өзінің өртке тиген дауылдай нөмірлерін шығаруын тоқтатпақ емес еді. Бұл жайында Ахмет Байтұрсынов «Хұрметті оқушылар» атты мақаласында «Заман тар,жер жолсыз,қалып тәртіпсіз,іс – құралсыз халық – аңсыз» деп жазады. Бұл мақаланы оқи отырып газеттің талай қиындықты өткергенін аңғаруға болады. Бір жағынан патша қолшоқпарлары қыспаққа алса, екінші жағынан қаржы-қаражат жағы қиындық туғызады. Талай рет айып салынады, авторлары қамауға да алынады. Сондықтан да «Қазақ» төңірегіндегілерде үрей басым болатын. Бірақ халық көптеп көмектесетін еді. Ақырында,1918 жылдың 16 қыркүйегінде ұлттық газет отаршыл биліктің күштеуінен жабылады. Ал арыстай азаматтарымыз репрессияға ұшырайды. Патша өкіметінің өрттей шарпыған Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің ордасын бұзу үшін тапқан жолы осы болар. Жарық көрген 5 жыл ішінде «Қазақ» газеті езілген елдің мүддесін қорғауда отаршыл саясатпен әбден алысты.Қазақ әдебиетінің қалыптасуына ұланғайыр үлес қосты. Алыса жүріп «Қазақ әдебиетін», «Қазақ мәдениетін», «Қазақ фольклорын» қалыптастырды. Сондықтан, барлық қазақ газеттерінің бастауында осы «Қазақ» газеті тұратыны сөзсіз.
«Ұйықтап» жатқан қазақты,мүлгіген намысты оятқан "Қазақ" газеті санаулы жыл өмір сүрсе де ел жадында келе жатқанына бір ғасыр болыпты. Ендігі тілеріміз әрі қарай зерттеліп, мұражайы ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылып қалған газеттің ерен еңбегі әлі де қызу талқыланып, мадақталуда. Мәселен Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше, «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері «Қазақ» газетінің қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А. Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар...». Бұл асыл тұлғаларымыздың есімдері тарих бетінен ешқашан өшпек емес. Азаматтық тұлғалары мен қайраткерлік істері кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Ақкенже Шәріпбай
Пікір қалдыру