Жақында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында БҚО, Орал қаласының тұрғыны Мақсат Жұмағалиев есімді азаматтың ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жазған өтініші (шағымы) жарияланды. Бұл туралы "Қамшы" порталы uralskweek.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды. Жұмағалиев өзінің шағымында ҚР Мемлекеттік әнұранындағы бір сөйлемді толық ауыстыруды ұсынған. "ҚР Әнұранында бір сөйлем бар: "Туған жерім менің - Қазақстаным" - сөзбе-сөз аударғанда "Казахстан — это земля, на которой я родился". Мен мысалы, Ресейде туғам, 1992 жылы Қазақстанға көшіп келдік. Мен Қазақстанды өзімнің отаным деп есептеймін. Алайда, әнұранның сөзіне сүйенсек, ол менің туған отаным болмай шығады. Яғни, мен Қазақстанды өзімнің туған отаным деп айта алмаймын. Себебі, мен Қазақстанда туған жоқпын ғой. Меніңше, қазақстандықтардың тең жартысының туған, тарихи отаны басқа мемлекет. Сондықтан білдей бір мемлекеттің әнұранының сөзіне абай болуымыз керек қой",-депті Мақсат Жұмағалиев. Сондай-ақ, Жұмағалиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне де шағымданып, хат жолдаған. Хатта ол әнұранның осы бір жолын толық ауыртыруды сұраған. Алайда, министрліктегілер қазақстандықтың қоғамдық белсенділігіне алғыстарын айтып, әнұран сөзін ауыстырудан бас тартқан. Әрине, Мемлекеттік гимн арнайы сараптамадан, тексерулер мен бақылаулардан өтіп, жоғарғы заң шығарушы органдармен расталғандықтан кез-келген адамның өтініші бойынша өзгерете салатын ойыншық емес екені әмбеге аян нәрсе. 1956 жылы белгілі компазитор Шәмші Қалдаяқовтың жазған "Менің Қазақстаным" әні 2006 жылдың 7 қаңтарына бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны болып қабылданған. Алайда "Менің Қазақстаным" әні гимн болып жарияланбай тұрып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әннің мәтініне біршама өзгертулер енгізген болатын.
Нұрзат Тоғжан