Қабілетті оқушының 3 категориясы немесе дарынды балада болатын 15 ерекшелік

/uploads/thumbnail/20190208110917841_small.jpg

Әр бала тілі шығып, айналаға  қарап, ненің не екенін біле бастаған сәттен-ақ әртүрлі қылықтары шығып, өзіндік мінез-құлқын көрсете бастайды. Балабақша жасына толғаннан бастап «Кім болғың келеді?» деген сұраққа өзінше бір жауаптары да дайын болады. Бірі - ұшқыш, бірі – мұғалім, енді бірі – әнші болғысы келеді. Ал кейбіреуі тіпті ерекше. Оларды түсініп болмайсың. Бірде - көл, бірде - шөл. Бір қарасаң, жасына жетпей өмірден түңіліп жүреді, енді бірде әлемдегі ең момақан бала болып, бір орында тапжылмай отырып, терең ойға шомғанын көресің. Әйтеуір, өзгеше. Ешкімге ұқсамайды. Өзінің қиялындағы әлемде шарықтап жүреді. Иә, дәл солай! Құдды, бұлтта қалықтап жүргендей. Ғалымдардың айтуынша, қиялында қалықтап жүретін балалардың ерекше, дарынды бала болу ықтималдылығы өте жоғары екен.

Дарынды баланы қалай тануға болады?

Белгілі зерттеуші, психолог Н. С. Лейтес қабілетті балалардың 3 категориясын анықтап берген болатын.

Бірінші категория — ой-өріс қабілеті ерте жастан байқалған балалар.

Екінші категория — жеке бір іс-әрекет түрімен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар.

Үшінші категория — дарындылық күш-қажырымен ерекшеленетін оқушылар.

Ой-өріс қабілетімен ерте жастан көзге түскен оқушыларға мектептегі оқу кезіндегі қарқындылық тән. Кейбіреулерінің ақыл-ойы табанды түрде дамиды да өз қатарластарын басып озады. Олардың ақыл-ойының кемеңгерлігі сонша, оларды байқамау мүмкін емес. Мұндай балалар 3-4 жастан оқуды, жазуды, сызуды үйренеді де, өсе келе белгілі бір ғылым түрлерімен шұғылданады. Олардың қызығушылығы ауысып отырғанымен, ақыл-ойға салмақ салатын пәндерге талпынысы төмендемейді.

Баланың дарындылығы байқалмайтын жағдайлар да кездеседі. Кейде тіпті баланың есейген шағында сирек кездесетін қабілеттері көрініс тауып жатады. Балалардың бойында белгілі бір қабілеттің жарқын көрінісі, ой-өріс деңгейінің жалпы көрінуімен, дамуымен, ғылымның, өнердің арнайы бір саласына бейімделуімен сипатталады. 

Үшінші категорияға жататын оқушылар жалпы дамуы жағынан өз қатарларының алдына шықпайды. Бірақ ақыл — ойының өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді.

Ендеше, баланың дарынды екенін анықтауға көмектесетін біраз ерекшеліктерін келтірсек:

  1. Неғұрлым көп білуі, әрі білгенін ұмытпауы;
  2. Ұғымталдығы, айтқызбай біліп тұруы;
  3. Алуан түрлі тақырыптарға қызығушылық танытуы;
  4. Тіл байлығының болуы, тілді үйренуге қабілеттілігі;
  5. Тез ойлау, тез қағып алу;
  6. Өзгеше ойлауы;
  7. Кең саралай алуы;
  8. Мәселенің өзгелер көп байқай бермейтін тұстарын байқауы;
  9. Тамаша шешім ойлап табуы;
  10. Мәселеге шолу жасай алады, істің немен аяқталатынын алдын ала сезіп қояды, қиялы жүйрік, балама шешімдерді тез табады;
  11. Айтқанынан қайтпайтын қырсық, мақсат қойып ұмтылады, кейде оқыс қимыл жасайды;
  12. Реттілікпен жұмыс істейді; тәуелсіз, әрі адамға  бағына бермейді;
  13. Тез жалыққыш, бос тұра алмай, бір нәрсе істегісі келіп тұрады;
  14. Күрделі нәрселерді ұнатады, біреулермен таласқанды жаны сүйеді;
  15. Басқалардың назарын өзіне аударуды қалап тұрады, мақтау сүйеді.

Міне, дарынды балаларда байқалатын ерекшелік. Ендеше, Сіз де балаңызды бір сәт зерттеп көріңізші? Бәлкім, осы аталған ерекшеліктер балаңыздың бойында бар шығар? Сіздің де балаңыз болашағынан зор үміт күттіретін  қабілетті бала болуы әбден мүмкін...

Ұсынған: Мақпал Сембай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар