Бірнеше адамды өлімнен құтқарған имам: Иманы мықты суицид жасамайды

/uploads/thumbnail/20190219100404283_small.jpg

Өзін-өзі өлтіру... Құлаққа түрпідей тиетін бұл тіркеске кей адамдар әуес келеді. Олар – басына түскен қиындықтарға төзе алмаған, «өлсем, бәрі бітеді» деген ойдың шырмауында қалғандар. Ал салдары екі дүниеде де ауыр болатынын ойламайды, сезбейді. Суицид жасамақ болғандарға басу айтып, оларды сағаттап тұрып көндірген «Нұр Астана» мешітінің наиб-имамы Мамлюк Мұсаев ондай әрекеттің салдары жайлы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді. Әрі ол «суицид жасайтындардың жаназасы шығарылмайды» дегендерге де жауап берді.

–Өзін-өзі өлтірмек болғандарды күнә жасамауға бірнеше мәрте көндіріпсіз... Ол қалай болды?

Осыдан 4-5 жыл бұрын Назарбаев  университетінің жатақханасы салынып жатқан уақыт болатын. Сол кезеңде қала әкімшілігінен қаламыздағы бір саяжайды бұзу туралы бұйрық түседі. Бұл жағдайға олардың кейбірі келіссе, енді бірі түбегейлі қарсы шығады. Соның ішінде бала-шағасы бар екі әйел бұлқан-талқан болып, өз-өздеріне қол жұмсауға оқталады. Саяжай маңайында ғимараттың құрылысы жүріп жатқан биік кран бар еді. Әлгі келіншектер сонда шығып алып, биліктегілерге өз талабын қойған еді. Бірінің 4 баласы, екіншісінің 3 баласы бар екен. Арнайы құқық қорғау мекемелердің, әкімшіліктің араласуымен әлгі дүрліктірген азаматшаларды райынан қайтармақ болды. Әлгілерден түк шықпаған соң әкімшілік адамдары насихат жұмысын жүргізу мақсатында қаланың өкіл имамы, әрі «Нұр Астана» мешітінің сол кездегі бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына өтініш жасайды. Өтінішке орай, қаланың бас имамы осы істі шешіп беруге мені шақырды. Барғанымда, мән-жайды толық түсіне қойдым. Екі әйелдің талабы – үйлерін сақтап қалу. Талаптарын орындамаған жағдайда, краннан секіріп, өмірімен қоштасатындарын мәлімдеді.

Ал менің міндетім – екі ананы райынан қайтару, ұл-қыздарын жетімсіретпеу еді. Ойланбастан биік кранның үстіне шықтым да, өз-өзін өлтірудің қияметтегі азабын тартатынын бұқа-шекесіне дейін жеткіздім. Кранға шыққан бетте әлгі келіншектермен мәміле жасап, ақыл-парасатпен спбырға шақырдым. Қияметте болатын азаптың салдарын, артынан жылап-сықтап жетім қалатын балаларының, әке-шеше туғандарының қзарлап қалатынын жеткіздім. Бір қынжылтқаны – астындағы өзге тұрғындар әйелдерді одан сайын азғырып жатты, «секіріңдер! ешкімді тыңдамаңдар! құлақ аспаңдар!» деген еміс-еміс айқайлаған қыз-келіншектердің даусы естіліп жатты. Қарашаның соңы қақаған аязда әлгілерді райынан қайтару үшін кранның үстінде 30-35 минут уақыт мөлшерінде үгіттеумен болдым. Сөз төркінін ұққан Сандуғаш пен Айым атты апалы-сіңлілер ақыр соңында "Жақсы, аға, айтқаныңызды толық ұқтық. Біз райымыздан қайттық. Ашуға мініп, күнәға бой алдырыппыз. Насихатыңызға рақмет" деді.

Тағы бір осыған ұқсас оқиға уақытша тергеу изоляторында болды. Қаланың білдей бір офицері мойнын кесіп, өзін о дүниеге аттандырмақ болған. Бірақ, абырой болғанда, аман қалады. Аман қалғанына қуансын ба, әлгі офицер бұл әрекетін бірнеше рет қайталамақ болады. Мен ол түрмеге әр сәрсенбі сайын уағыз оқуға баратынмын. Сонда түрме қызметкері менен офицерді райынан қайтаруды сұрады. Сөйтіп ол кісімен бірнеше сағат сөйлестім. Себебін сұрағанымда әкесінің елдің алдында қарабет болғанын айтты. Досымен шайтанның суына сылқия тойып алған соң арада жанжал туады да, офицер досын атып өлтіреді. Ал өзінің әкесі молда болған екен. Дін жолындағы, түзу ниеттегі әкесінің көзіне тура қарай алмайтындай күйге жеткен полицей үшін ең оңай шешім – суицид болды. Бұл оқиға алдында емші оған «егер аузыңа арақ алсаң, не өзің өлесің, не өзгені өлтіресің» деп ескерткен екен. Отбасы бар, 4 баланың әкесі. Ол кісіге де бәрін сабырмен түсіндіруге тырыстым. Салдарын айттым.

«Одан не ұтасың? Әкеңнің қара бет болып қалуы былай тұрсын, жүректен кеткені, әйеліңнің зарлап қалғаны, балаларыңның жетім болғаны керек пе? Одан да көркем мінезіңмен көзге түс, сонда түрмеден де, мешіттен де жақсы мінездеме жазып, жазаңды жеңілдетуге мүмкіндік аласың. Тағы да күнәға емес, отбасыңа, бала-шағаңа тезірек оралуға асық»,- деген сөздерім арқылы оның да жүрегіне жақсы ниетті жеткізгім келді. Не керек, мақсатым орындалды. Бірнеше күннен соң түрмедегі тәрбие бөлімі қызметкерінен «офицер райынан қайтты, тәртібі жақсарды» деген жаңалық естідім.

Біздің мақсатымыз – түзу жолдан тайып бара жатқандарды райынан қайтару. Алайда күшпен емес, ақылға сабырмен шақыру.

–Имамдар да адам баласы ғой. Өмірден түңілген кездеріңіз болған шығарсыз?! Ондай қиындықтарды қалай жеңесіз?

Құранда Аллаһ Тағала «Адамның жүрегі Құран оқумен тынышталады» дейді. Басына қиындық түскен адам Құран оқыса, өзін-өзі сабырға шақырады. Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) айтады: «Ашулансаң, отыр. Одан қайтпаса, жат немесе дәрет ал» дейді. Ашуланған адамды жанындағылар «отыр, отыр, ашуыңды бас» деп тынышталдырмақ болады. Ол болмаса, «жатқызыңдар» дейді. Ал дәрет алса, бүкіл ашу-ызасы су сепкендей басылады, уайымы тоқтайды.

Жалпы «өзін-өзі өлтіру» дегенді ойлаудың өзі дұрыс емес. Себебі Алла Тағаладан «тозақтың түбінде кімдер болады?» дегенде, «өзі-өзін атып өлтірген, у ішіп өлген, дарға асылып өлген, әке-шешесін өлтірген, соғыстан жасағандар, қарақшылық жасағандар, ішіп отырып қайтқан адамдар болады» деген. Сол себепті ондайды ойламауға тырысамыз.

–Адамдар суицид жасарда," бар қиындықтан құтылсам" деп ойлайды. Ал салдарына үңілмейді...

Егер адамның діннен хабары болса, Алланы таныса, Пайғамбарды білсе, еш уақытта өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне бармайды. Ақ пен араны, жақсы мен жаманды ажырата білсе, былайша айтқанда қияметте оның жауабы болатынын білсе, әсіресе, бармайды. Қазақта «судың да сұрауы бар» деген сөз бар ғой. Міне, қияметте де бәріміз әр ісіміз үшін жауап береміз. Өмір – бізге Алланың берген аманаты. Ал аманатқа қиянат жасау – үлкен күнәлардың бірі. Алла бізді өмір сүрсін, өмірдің рахатын сезінсін, туғандарымен, жақындарымен шүйіркелесіп жүрсін, адал тағамды ішіп-деп жүрсін, күннің көзін көрсін деген мақсатта жаратқандықтан, өмір сүру бізге міндет.

«Суицид жасап, өмірден өткендердің жаназасы шығарылмайды» дейді. Алайда оған мән беріп жатқан ешкім жоқ, құран оқылып, намаз оқылып, жаназасын шығарып салып жатады...

Шариғаттың заңы бойынша, өз-өзіне қол жұмсап, дүниеден өткендердің намазы шығарылмайды. Суицидтің салдары о дүниеде де, бұл дүниеде де ауыр болады. О дүниедегі зияны – бәріне белгілі, ақыретте қиналады, тозақтық болады. Ал бұл дүниедегі зияны – артынан зарлап әке-шешесі, бауырлары, жақындары қалады. Тіпті «пәленшенің ұлы, пәленшенің қызы бір қиындыққа шыдай алмай өзін-өзі өлтірді» деген сөздің өзі туғандарына үлкен жара болып қалады. Әрі ол жара өмір бақи сақталады. «Сөз сүйектен өтеді» деген. Өзін өлтіргендердің балалары үшін тіпті ауыр. Бірнеше жыл өткен соң: «білесің бе, әкең өзіне қол жұмсап өлгенін...» деген бірауыз сөздің өзі баласының өмірден түңілуіне әкеліп соғады. Оның мұндай өлімі – туыстары үшін өмір бақи дақ болып қалады.

Исламның мақсаты – ушықтыру емес, адамдарды біріктіру. Ерлі-зайыптылар «ажырасамыз» десе, біз мүмкіндігінше татуластыру үшін барымызды саламыз. Осыған орай, елдің арасында іріткі тудырмау үшін өзін-өзін өлтіргендердің жаназасы елдің көзінше шариғатқа сай шығарылады. «Бұл өзін-өзі өлтірген» деп еш жоралғысыз жерге көме салса да болар еді. Алайда ағайын-туыстарының не кінәсі бар? Түбі жаманатты болатын марқұмның өзі емес, жаназаны шығармаған ағайын-туыс болып шығады. Сол себепті оны арулап, жуындырып, ақтық сапарға шығарып салады. Бірақ қияметте әркім өз ісіне өзі жауап береді. Ең бастысы – туған туыстары міндетін атқарды.

–Жаназа шығаруға барарда имамдар марқұмның не себепті дүниеден өткенін біліп баратын шығар?

–Иә, міндетті түрде... 

–Дәл имамдарды айтпаймын, бірақ дін жолында жүрсе де, Алланы таныса да, өз-өзіне қол жұмсайтындар бар... Олардың мұндай әрекетке баруына не себеп болуы мүмкін?

«Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман діннен шығады» деген қазақ. Мүмкін көңіліне қатты тиген сөз естіген шығар. Әлде ісі алға баспаған, қарызға батқан адам болуы әбден мүмкін. Мұндай сынаққа шыдай алмаған кейбірі намазды да, дәретті де қажет етпейді. Діннен хабары болғанымен бірнәрседен хабарсыз болуы мүмкін: Алла тек сүйікті құлдарын ғана сынайды. Ең көп сыналғандар – пайғамбарлар. Тек сабыр сақтаса игі...

Алайда тағы қайталап айтқым келеді, көзі ашық, көкірегі ояу азамат ондай әрекетке әсте бармайды. Имам болып қызмет атқарғаныма 25 жыл болды. Өз тәжірибемде иманы мықтылардың суицид жасағынын көрген емеспін.  Қиындыққа тап болғандарды сабырға шақырамын. Сабыр – түбі сары алтын. Бәрін де өткеруге болады.

Әңгімелескен: Гүлім Жақан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар