"ҰСТАЗДАР - сорлы халық. Өліп жұмыс істейді, күні бойы жүреді, сондағы алатындары - бес тиын. Бұл өзі сондай халық. Жандарын жеп қалған. Анау-мынау қосымша жұмыс істемейді. Қолдарын былғамайды..." - дейді "жұмыс іздеу" операцияммен екінші жерге барғанымда бір "жеке кәсіпкер". "Жеке кәсіпкердің" тырнақшаға алыну себебі мынада. Ғаламторға жіберген түйіндемем бойынша шақырған екінші жер әлдебір «әдемі» редакция екен. "Сатып ал - сат" (лақап аты, негізі бұлай аталмайды) деген еш жерде ешкім жазылмайтын, ешбір газет дүңгіршектерінде сатылмайтын, қысқасы, мен үшін "болмайтын", белгісіз бір журнал.
Ұсынған жұмысы мынау - мен кез келген базарды аралап, сатушыларды ешкім оқымайтын, еш жерде шықпайтын жаңағы журналға өзінің сүгіреті мен өмірбаяны туралы екіауыз сөз жазылған жазба шығарып беремін деп, ол үшін 10 000 теңге төлеу керектігін айтып, ақшасы мен келісімін алып келуім керек. Болды. Бар «тірлік» сонымен бітеді. Бұл журнал сатушыларды, саудаларын, кәсіптерін жарнамалайды дейді. Ешкім алмаса, еш жерде сатылмаса, кімді, қалай жарнамалайтынын ұқпадым. Әр күнге - 10 адам. Әр тапқан адамымның 10 000-ынан маған түсетіні 1000 теңге. Айтуынша, айлығым бастапқыда - 220 000. Ғажап! Байып кетермін! Мәссаған! Мынау керемет жұмыс қой!
"Сіз журналистсіз бе?"- дегенімде, кірген бойда журналын көрсетіп: Сен оларды «алдап», көндіріп келуің керек. Бүкіл қала - біздің табыс көзіміз. Бұл жұмысты "жақсы" орындасаң, айына бір джип мініп отырасың" - дейді әлгі өзін журналист, жазушы, сазгер деп таныстырған кісі. "Мәссаған, өзінің табаны жерге тимейді-ау, бәлкім, жеке жүргізушісі де бар шығар" деп ойладым, жұқа жейдесінің қалтасынан осы айдың қарттарға арналған жолда жүру билетін байқағанымша.
Cонымен, кірген бетте "ақша-ақша" деп көзі жанып отырған алпысты алқымдаған атамыз Елбасын жамандап, "Украинаның күйі бізге де келеді, тек Украинада қару көп, ал бізде қару да жоқ" - деп бірден өзі туралы жағымсыз пікір қалдырған «ақыл иесінің» жанында екі минут та шыдамай, қашып кеткім келді. Бірақ, тағы бір журналист апайды шақырғанын тілге тиек еткендіктен, соны күтіп, "әліптің артын баққым" келді. Сөйтіп, "отырысымыз" апай келген соң екі сағатқа созылды. Әлгі «бай редактордың» "керемет" ұсынысына, жоспарына, ақша табудың тиімді жолына көзі жетіп, имандай сенген, ерінбей еңбек етсең, аз күнде байып кетесің дегенге жүрегі лүпілдеп кетті ме, қайдам, әйтеуір, әлгі апай ұсынысына бірден келісе кетті. Тіпті аз күнде 12 адамнан құралған «журналистер» тобының "бригадирі" атануға келісіп, алдыңғы жұмысынан шығып кететіндігін жеткізді.
Екі сағат уақытым кеткендігіне аздап ішім ашыса да, біраз нәрсе біліп, тағы мен "танымаған" адам түрлері бар екенін көріп қайттым. Әлгі апайым келген бетте, "орысша ма, қазақша айтайын ба" деген "бастыққа" "орысша айта беріңіз" деген «қазақ апайымыз» да, "келісті екен" деген ойда қалдым. Екеуара "ақша табудың" қайнар көзін тапқандай, жоспардың сорпасын сапырып отырғанда, телефоннан ғаламторға сазгер-журналист атамның аты-жөнін жазып кеп қалдым. Мәссаған! Мынаған қараңыз! Кезінде әлдебір жеке кәсіпкердің "кітабымды шығарып бересің бе" дегенінің арты екі жақтың сотқа дейін жеткен дауымен аяқталып, екі жақ та ешнәрсеге қол жеткізе алмағандығы туралы ақпарат оқыдым. Тіпті енді сәл ойлансам, бастығым бола жаздаған атам туралы жақсы ешнәрсе оқи алмадым. Жауыздар сияқты "іштей өсектеп, іштей бұғып", түк білмейтін жаман адам сияқты отыра бердім, арасында "иә, а, мүмкін, содан" деп, күліп қойдым да...қойдым...
Негізі, ұстаздық етіп жүргенмін. Артық болмас деп, қосымша жұмыс қарап жүргендіктен, бірден мектептен келген бетім еді. Үстімде ақ кофта, қара белдемшемен "мәдениетті қайыршы" кейіптегі, "сорлы ұстаз" болып, тек жақсы сөйлеп, "орынды" сұрақтар қойып отырғаныма қарап бастығымыз: "Бұлар мұндай жұмыс істемейді. Бұлар интеллигент емес пе? Құжынаған базар адамдарының ішіне қалай кіреді" - дегеніне - "Керісінше, осылай мәдениетті болып, "қатал" киініп барса, сатушылар бірден сенеді ғой. "Мұндайлар" адамға сенім ұялатады" - дейді "бригадир" апайым"... "Мәссаған!" дедім тағы ішімнен...
Екі сағаттық отырыстан жамбас та тесілді, құлақтың да құрышы қанды, ми да біраз шайқалды... вөщім, біраз нәрсе болды...
"Ойланып көрейін" деген күйде, шықтым да кеттім... Сол кеткеннен мол кеттім. Хабарласып, жөнімді де айтпадым. Келіспейтінім түрімнен-ақ байқалған шығар дедім.
Жоқ, өзі хабарласты атамыз. "Жоқ, істемеймін" дедім. "Е, бес тиын алатын, «не благодарный» жұмысыңда жүре бер, сорлы" деген шығар атасы деген арам ой жылт ете қалды. Мейлі. Не ойласа да, не істесе де маған мейлі. Жарыққа шыққан соң, жаңағындай "аталардың" ісін жүргізіп қана қоятын, журнал мұқабасына шыққан "белгісіз танымал сатушылар" тек өз туыстарына көрсету үшін бірнешеуін сатып алатын "түкке тұрғысыз" журналдардың көзін құртса, не "сондайларға" халықты алдауын қойдыратын «Адам» болса деген бір тілек қана қалды менде...
Н.ғ.: Ұстаздар - нағыз еңбек адамдары. Тек бағасы әркезде бағалана бермейді... Және кез келген адам ұстаз бола алмайды...
Мақпал Сембай
Пікір қалдыру