Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ғалым-профессор, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов митинг туралы пікір білдірді.
Жер бетінде мінсіз мемлекет жоқ. Иә, рас, қоғам болған соң, бізде де проблема бар. Бірақ оны митингпен шешеміз деу дұрыс емес.
Әлемде соғыстан көз ашпай отырған, балалары әріп те танымайтын елдер бар. Ал біздің тәуелсіз Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайы әрқашан бірінші кезекте тұрады. Алматының көпбалалы аналарына пәтер беріліп жатыр. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілді. Кәсіп ашқысы келетін жастар да түрлі грантқа қол жеткізуде. Дипломым жоқ деген қыз-жігіттердің өзі түрлі кәсіби, жұмысшы мамандықтарына тегін оқытылуда. Мәселен, біздің университетте оқуын да оқып, қосымша жұмыс көзін де тауып, өз-өзін асырап жүрген жастар көп. Баяғыда біз де ауылдан келген, ештеңеміз жоқ студент болғанбыз. Ата-анамыздан да ақша сұрамай, салмақ салғымыз келмей, әйтеуір тіршілік еттік, қазір таңқаламын, сол кездегі қиындықтарды қалай еңсергенбіз деп.
Бұл митингке көпшілікті, бәлкім, әлдекімдер ақша береміз деп үгіттеп, біздің беркке-бірлігімізді ыдыратқысы келіп әдейі шығарып отырған болар. Біздің мемлекеттің ішкі тұрақтылығын бұзуға ешкімнің құқы жоқ. Бұл келеңсіз жағдайды кеше Нұр-Сұлтан қаласында Президентті ұлықтау рәсімінде болғанда естідім. Естуімше, көшеге шыққандардың кейбірі қызу сияқты, қолдарына ұстаған әлдебір заттары бар көрінеді. Сол затпен абайсызда біреуді жазым етіп алсаң, өмірің не болады, соны ойлау керек. Біреулердің айтағына еремін деп жүргенде, ертеңгі күні «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылыптының» кері болмасына кім кепіл. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алаңға білместікпен шыққан адамдар болса, ұстамаңдар, босатыңдар деген тапсырма берді. Шынымен де, көбісі мәселенің байыбына да бармай, көшеге неге шыққанын да түсінбеген болып шықты.
Біз жаңа өзгерістерге келе жатырмыз. Соны көре білейік. Үкімет қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешуде. Бізге не нәрсеге де сабыр, талғам деген таразы және жақсы күндерге деген сенім керек.
Пікір қалдыру