Арыстағы жарылыс: Қалада тұрғындар қалмады, қауіп әлі сейілмеді (видео)

/image/2019/06/25/crop-116_53_426x569_20190624103327.jpg

Кеше, яғни, 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімше қоймасында жарылыс болды. Бұл туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде пайда болды. 

Жарылыс қашан, қалай басталды?

Жарылыс болғаны туралы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар комитетіне  таңғы сағат 9.20-да  хабар түскен. Комитеттің мәліметінше, әскери бөлімшедегі өрт салдарынан жарылыс басталған.

Шамамен күндізгі 12.00 шамасында Арыс қаласының әкімдігі қалада болып жатқан жарылысқа байланысты ресми мәлімдеме жасады. 

"24 маусым сағат 09:20-да өрт сөндіру қызметіне №44856 әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына облыстық ТЖД жеке құрамының 52 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ Шымкенттегі кинологиялық қызметтің 23 адамы аттандырылды. Қазіргі таңда оқиға орнында өрт сөндіру шаралары мен эвакуациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайдан зардап шеккендер туралы ақпарат анықталуда", - делінген Арыс қаласы әкімдігінің ресми мәліметінде.

Тұрғындар қаланы тастап қашты

Арыстағы жойқын жарылыстан тұрғындар қаланы тастап қашқан. Олар өздерінің көліктерімен және жаяу кеткен. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, "1616 адам билік ұсынған көліктермен эвакуацияланған. Ал ондаған мың тұрғын өздері әртүрлі жолмен қаланы тастап кеткен".

Жаяу қашқан халық

Ресми мәлімет бойынша, қазір қалада тұрғындар қалмады, бәрі эвакуацияланды. Сонымен қатар, Арыс қаласының маңындағы ауылдардың тұрғындары да эвакуцияланып жатыр.

Қаза тапқандар бар 

Арыс қаласындағы жарылыстан бір адам қаза тапты. Бұл туралы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Ақжол ауылы Жамбыл мектебінде өткен брифингіде Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Әкімнің сөзінше, тұрғынның көлігіне снаряд түскен.

Түркістан облыстық әкімдігінің есебінше, жарылыстан кейін кем дегенде 31 адам ауруханаға жеткізілген. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жарылыстан зардап шеккен ондаған адам жеткізілген Шымкенттегі №1 қалалық ауруханаға барды. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, халі ауыр үш адам жан сақтау бөлімінде жатыр. Қалғандарының жағдай қалыпты.

Облыс әкімнің айтуынша, Отырар ауданындағы орталық ауруханасында Арыстағы жарылыстан жапа шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Қауіп әлі сейілмеді

Жамбыл мектебінде өткен брифингіде Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылыс әлі жалғасып жатқанын, қауіп сейілмегенін айтты. Министрдің сөзінше, әскери қоймадағы жарылыс бірнеше күнге созылуы мүмкін.

"Радиациялық снарядтар болмады. Радиация қаупі жоқ", - деді Ермекбаев.

Брифингіде төтенше жағдай комитетінің өкілдері тұрғындардан үйлеріне бармауды сұрады. Комитеттің хабарлауынша, қойма маңы әлі өртеніп жатыр. 

Арысқа арнайы барған Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қалаға баратын жол жабық екенін анықтады. Ол жаққа тек әскери адамдар мен техникалар ғана жіберіліп жатыр.

Қылмыстық іс қозғалды 

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Арыстағы жарылысқа байланысты Қылмыстық кодекстің "Қару және қауіпті заттарды сақтау ережесін бұзу" бабы (462-бап, 1-тармақ) бойынша іс қозғады. 

Министрліктің мәліметінше, 800 сарбаз мен облыстық полиция департаментінен жүздеген полицей Арысқа жіберілген. Әскерилер мен полицейлер Арыс тұрғындарының үйін күзетіп, қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. ​

Тоқаев Арысқа келді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке келіп, Арыстағы оқ-дәрі базасында орын алған жарылыстың салдарын анықтау үшін жедел штабтың отырысын өткізді. Эвакуацияланған тұрғындармен кездесіп, жағдайларын білді. Ол тұрғындарға бұл жарылыс оқыс оқиға екенін айтып, мемлекет тұрғындардың барлық шығындарын өтеп беретінін айтты.

Тоқаев  облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің оқиға орнында болған жағдай мен қолданылған шаралары туралы баяндамасын тыңдады.

Сонымен қатар, қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындарға ең алдымен барынша көмек пен медициналық қолдау көрсетуді тапсырды. Президент мемлекеттік резерв есебінен қаланың жағдайын қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін қажетті тауарлар мен қажетті заттарды жеткізуді бұйырды.

Үкімет пен облыс әкімдігіне қалпына келтіру жұмыстарының құнын есептеп, тұрғын үй құрылысын, инженерлік желілерді, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлуді тапсырды.

Тоқаев оқиға орнында құтқару және қалпына келтіру жұмыстары кезінде нақты ведомствоаралық жұмыстарды бақылауды, сондай-ақ жарылыстың себептерін жан-жақты зерттеуді талап етті.

 

Куәгерлер не дейді?

Арыстағы жарылысқа байланысты Шымкентте жүрген Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшілері қаладағы жеке медициналық орталықтарға және "Ақмешіт" мешітіне жеткізілген тұрғындармен тілдесіп, жарылыстың қалай болғаны туралы сұрады.

Ақмешіт мешітіндегі Арыс тұрғындары

Оспанова Айтолқын есімді Арыс тұрғыны арнайы көлікпен Шымкентке жеткенін айтты.

"Жарылыс болған кезде мектептің спортзалын сырлап жатқан едік. Бір кезде спорт залдың әйнегі жарылды. Жарылыстың дауысын естіген кезде жақын маңдағы зиратқа қаша жөнелдік. Өзімізбен ешнәрсе алып үлгермедік, тіпті аяқ киімді де кимедім. Қашып жүрген кезде бір жігіт аяқ киімін берді. Зиратта қайда қашарымызды білмей жүрген кезде арнайы көлік келді. Соған мініп Шымкентке жетіп алдық. Байланыс болған жоқ, туыстар мен көршілердің қайда жүргенін хабарсызбын", - деді Арыс тұрғыны. 

Қамшы тілшілерімен тілдескен тағы басқа да куәгерлер алдымен қала сыртындағы әскери бөлімше жақта өрт басталғанын, кейін ол жарылысқа ұласқанын айтты. 

Арыста жарылыс алғаш рет емес

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

2014 жылы Арыс қаласындағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам қаза тапты. 

2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

Назарыңыз Қамшыда болсын!

Qamshy.kz ақпарат агенттігі Арысқа арнайы тілшілерін аттандырды. Алдағы уақытта сайтымыздан Арыстағы жарылысқа байланысты барлық ақпаратты оқи аласыздар. Назарыңыз Қамшыда болсын, оқырман!

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар