Шығыстың ауылдары рухани жаңғырып жатыр. Бірінен-бірі эстафета алғандай ауыл күнін ұйымдастырып, ата дәстүріміз бен асыл мұраларымызды жарыса насихаттауда. Бұған дейін Күршім ауданының өзінде ғана Алғабас, Қайыңды, Маралды секілді бірқатар ауылда аталып өткен дүбірлі той бұл жолы Теректібұлақ ауылында жалғасын тапты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Әуелі тойға дайындық барысында бүкіл жұрт жиналып, туған ауылдарын абаттандыруға бір кісідей атсалысқан. Елді мекендегі үйлер әктеліп, қашалар сырланды. Көше жолдары жөнделіп, тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауылдағы мәдениет ошағы – клуб жөндеуден өтіп, осы ғимараттың ауласында тұрған Барақ батырдың ескерткішке ерекше қамқорлық жасалған.
Ауыл күніне арналған тойға осы өлкенің тумалары, бүгінде еліміздің әр түкпірінде тұрып жатқан есімі елге таныс адамдар да келді. Солардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы ат шалдырған «Егемен Қазақстан» газетінің суретшісі Айдарбек Ғазизов бастаған марқасқалар болды. Салтанатты жиында аудан әкімі Дулат Қажановтың құттықтау хаты оқылып, келген қонақтар ішінен бірқатары ізгі тілектерін жеткізді. Бұдан кейін осы өңірдің төл тумасы Көкжарлы Көкжал Барақ батыр бастаған марқұм бабалардың рухына құран бағышталып, ас берілді. Бұл күні ұлттық өнеріміз бен ұлттық спортымыздың бәсі биік тұрды. Әсіресе, ат сүйер қауымның делебесін қоздырған бәйге де, спорт жанкүйерлерін қызықтырған түрлі сайыс та көпшіліктің көңілінен шықты. Қас қарая жаңарған клубта өнерпаздардың концерті басталып, оның соңы би кеші мен түрлі мәдени шараға ұласты.
Айта кету керек, «Ауыл күні» деген атпен өткізіліп жатқан бұл мерекеге бюджеттен көк тиын да бөлінбейді. Барлық шығын ауыл тумаларының және демеушілердің қалтасынан шығарылып отыр. Яғни, елдің шетінде, желдің өтінде өмір сүріп жатқан ағайындар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосып жатыр деуге толық негіз бар. Ең бастысы мұндай мереке елдің ауызбіршілігін нығайтып, берекесін арттыра түспесе кемімейтіні анық.
Пікір қалдыру