Зайсанда алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнады

/image/2019/07/04/crop-69_1_811x1081_061630231600.JPG

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында «Домбыра – дастан» атты мерекелік концерт пен «Алтыбақан» ойын-сауық кеші өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл мерекелік шара «Ұлттық домбыра» күніне орай ұйымдастырылды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Естеріңізде болса, шілде айының алғашқы жексенбісі елімізде «Ұлттық домбыра» күні ретінде белгіленген болатын. Содан бері республика көлемінде домбыра күні тойланып келеді. Игі дәстүр Зайсанда биыл да өз жалғасын тапты. 

«Абай» саябағында шымылдығы түрілген мерекелік шарада ұлттық өнеріміздің мерейі тасып, мәртебесі асқақтады. Жиналған жұрт ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен күмбірлеген күй мен әуелеген ән тыңдап, ұлттық киім киген қыздардың мың бұрала билеген биін сүйсіне тамашалады. Бұл күні қазақтың қара домбырасына ықылас танытқандар ерекше көп болды. Шырқалған ән-жырдың дені осы бір қасиетті аспаптың сүйемелдеуімен орындалып жатты. 

– Қазақтың қасиетті домбырасы арқылы өткен тарихымызды, асыл мұрамызды өскелең ұрпақтың санасына терең сіңіру мақсатында осындай мерекелік шараларды өткізудің маңызы зор. Бүгінгі кеш халықтың көңілінен шығып жатыр. Балаларын, немерелерін жетектеп келген адамдардың көптігі қуантты, – дейді Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрат Дүйсенбаева. 

Осы күні саябақта ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, тойшыл қауымға бауырсақ пен құрт таратылды. Мереке қарсаңында дүниеге келген сәбилерге домбыра сыйға тартылды.  

Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыс ұйымдастырылды. Қыз-жігіттер алтыбақан теуіп, ақсүйек ойынын ойнады. Одан басқа 25 келілік қаптағы ұн мен қантты көтеріп сайысқандар мерекенің көрігін қыздыра түсті. Бір қызығы аталған сайыста ерлерден гөрі әйелдер мықты болып шықты. Қаптағы қант пен ұнды көтеруде нәзік жанды арулардың алдына түскен ешкім болмады рас. Сөйтіп Зайсандағы мерекелік шара би кешімен түйінделді. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар