Расында да бұл кеңестің маңызы өте зор болып отыр. Өйткені қоғамда қордаланып қалған мәселелер бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ол қалай шешілуі тиіс? Мұның барлығы алдағы уақытта нақтыланады деп ойлаймын.
Жалпы халық Қоғамдық келісім жөніндегі Ұлттық кеңестің құрылуына еш қарсы емес. Бәрі де қолдайды. Дегенмен аталған кеңес жылына қанша рет өткізіледі, жоқ әлде бұл ай сайын өткізілетін отырыс па? Мұның барлығы да алдағы уақытта нақтыланады деп ойлаймын. Десек те, қазірден байқалған бір нәрсе бар. Бүгінде әлеуметтік желі мен қоғамдық ортада белсенді болып жүрген көптеген азаматтар негізінен өздері айтып жүрген мәселелерді отырыста көтереді деп ойлаймыз. Қоғамда жиі айтылып жүрген пікірлерге мониторинг жасай келе біз Ұлттық кеңесте мынандай ортақ тақырыптар көтерілуі мүмкін деп ойлаймыз. Бұл жерде біз жұртшылық тарапынан жиі айтылып жүрген жайттарды жинақтап, айтып отырмыз. Сонымен...
- Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру туралы мәселе міндетті түрде сөз болады.
- «БАҚ» туралы, «Сайлау туралы», «Жергілікті өзі-өзі басқару туралы» заңдарға өзгерістер енгізу.
- Сөз бостандығы, бейбіт митингке рұқсат беру. Бұл да отырыста бірқатар белсенділер тарапынан сөз болып, қозғалуы мүмкін.
- Абақтыда жатқан бірқатар азаматтар бостандыққа шығару мәселесі де көтеріледі.
- Қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселесі де Ұлттық кеңестің ең өзекті тақырыбының бірі болмақ.
- Жастар арасындағы жұмыссыздық – бұл да өзекті проблеманың бірі.
- Әкімдердің ашықтығы және халыққа жақындығы немесе қоғамда кездесіп қалатын бюрократиялық жүйені жою мәселесі де сөз болады.
- Баспананың жайы да Кеңеске мүше болатындарды толық толғандыруы тиіс.
- Жер мәселесі де қайта қозғалуы ықтимал
Біздің ойымызша, талқыланатын жайттар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Мәселелер көп. Бірақ белгілі бір талқыланған тақырып бойынша Ұлттық кеңестің мүшелері ортақ тұжырымға келе ала ма? Қалай айтқанда да, Ұлттық кеңестің отырысы екі тілде жүреді. Қазақ және орыс тілінде. Бұл енді шындық. Демек, көтерген мәселені айту бар да, оны қабылдау бар. Осы жерде айта кететін бір жайт, отырыста бір белсендінің көтерген пікірі Ұлттық кеңестің екінші бір мүшесіне мәселе болып көрінбеуі мүмкін. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Ұлттық кеңес мүшелері қай бір тақырыпты талқыласа да, ол қоғам, халық үшін үлкен қомақты проблема екендігін ұмытпауымыз керек. Сондықтан кеңесте көтерілген мәселе көлеңкеде қалмаса екен дейміз. Сонда Ұлттық кеңеске сенім артады. Ал президент Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Ұлттық кеңес қоғам сұранысынан туып отыр. Сондықтан бұл отырыстан көп үміт күтеміз.
Пікір қалдыру