Вирусты гепатит туралы не білеміз?

/image/2019/08/05/crop-53_288_1529x2718_gipertenziya-6.jpg

Жыл сайын шілде айында дүниежүзінде Гепатитке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осы жолы бұл шара «Ресурстарды гепатитті жоюға жұмсайық!» ұранымен өтті.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДСҰ) деректері бойынша әлемде 325 млн адам В немесе С вирусты гепатитіне шалдыққан, жыл сайын осы дерттен 1,4 млн адам көз жұмады. Өлім-жітім деңгейі жағынан аталған инфекциялық ауру туберкулезден кейін екінші орында тұр. Ал гепатит жұқтырғандар саны  АИВ санынан 9 есеге көп.

Вирусты гепатит тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде емделеді, яғни мемлекет есебінен қаржыландырылады. Ал Медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері бойынша  үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады.

Тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында вирусты гепатиттер жайында  жоғары санатты инфекционист-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Аяпбекқызы  Баешевадан сұраған едік.

- Динагүл Аяпбекқызы, гепатит, вирусты гепатит дегеніміз не? А, В, С гепатиттеріне сипаттама бере кетсеңіз. Олар қандай жолдармен таралады? Адамнан адамға қалай жұғады? 

- Вирусты гепатит - бауыр жасушаларының  вирустармен зақымдалуы. Гепатит, вирусты гепатитті тудыратын  бірнеше вирустар бар. Олар өз алдына екі топқа бөлінеді: энтеральды (ауыз арқылы жұғатын А, Е гепатиттері) және парэентеральды гепатиттер (В, С, дельта, тета, т.б. вирустар). А, Е энтеральды гепатиті адамнан адамға инфекция, вирус түскен су, тағам арқылы жұғатын болса, парэентеральды гепатит қан арқылы жұғады (мысалы, адамға гепатитпен ауырған науқастың қаны құйылса немесе стоматологқа барғанда дәрігерлер ауырған адамға қолданған құрал-сайманын басқа адамға қолданатын болса, сонымен қатар, маникюр, педикюр, денеге татуировка сурет салатын жерлерде де жұғуы мүмкін). А гепатиті көбінесе көктем, жаздың аяғы, күз айларында кездессе, парэентеральды гепатит жыл бойына кездесе береді.

- Ал клиникалық белгілері қалай байқалады?

- Энтеральды, парэнтеральды гепатиттердің өзінің клиникалық белгілері бар, өзінің кезеңі бар. Мысалы, А гепатитіне келсек, оның дамуы бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі - инкубациялық кезең. Ол 5-45 күнге дейін созылса, одан кейін 4-7 күнге созылатын программалды кезең (немесе сарғаю алды деп те атайды) басталады. Одан әрі сарғаю, жазылу кезеңдері.

Ал парэнтеральды, В, С гепатиттеріне келсек, оның инкубациялық кезеңдері 6 айға дейін созылады. Сарғаю алды білінбейді. Науқас күннен-күнге шаршап, біраз уақыттан кейін өзінің сарғайғанын біледі, қашан ауырғанын айта алмайды. Сондықтан оларға эпидемиялық анализ жинап, клиникалық көріністеріне мән берсек, қандай гепатит екенін білуге болады.

- Нақты диагноз, қан талдамасынан кейін қойылады ма?

- Әрине, нақты диагноз қан талдамасынан кейін қойылады. Оның биохимиялық және серологиялық зерттеу жолдары бар.  Биохимиялық зерттеу аурудың қандай дәрежеде өтіп жатқанын көрсетсе, серологиялық зерттеу қандай гепатит екенін, В, С не болмаса Е гепатиті екендігін,  аурудың қандай кезеңі екендігін анықтап береді.

 - Алғашқы симптомдары ауру жұқтырғаннан кейін, қанша уақыттан кейін белгілі болады?

 - А гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында әртүрлі белгілер байқалады. Мысалы, тұмау ауруымен ауырып қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін. Не болмаса ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп, не буындары сырқырап, басы айналуы мүмкін. 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бастайды.  Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді.

Ал В, С гепатитіне келсек, ол біраз уақыт созылмалы түрде өтеді. Ауру ауырғанын сарғайғанда ғана болмаса, бірден біле қоймайды. Мұндай жағдайда біз анализдік талдау жасап, эпидемиологиялық анамнездерін міндетті түрде сұрауымыз керек.  Науқас сырқаты жасырын өткен 6 айдың ішінде тіс емдеген болса, не болмаса бір аурумен ауырып қан құйылған болса, т.с.с. гепатитті басқаларға да жұқтыруы мүмкін деп ойлауымызға негіз бар.

 - Вирусты гепатит толық емделе ме?

 - А гепатиті жедел түрде өтеді. Сондықтан ол созылмалы түріне айналмайды, толық емделсе, ауру жазылып кетеді. Е гепатиті, әсіресе, жүкті әйелдерде кездессе, ол қауіпті. Ал В, С, дельта гепатиті секілді қан арқылы жұғатын гепатиттердің 30-40 пайызы созылмалы түрге айналып кетуі мүмкін. Жедел емделмесе, цирроз аурына, тіпті әрі қарай бауыр обырына апарып соғуы мүмкін. Сол жағынан, ол өте қауіпті.

- Динагүл Аяпбекқызы, емделгеннен кейін бауырға ерекше күтім қажет екені белгілі. Емделуші қандай өмір салты мен тамақтану режимін ұстануы керек?

 - Емделгеннен кейін, міндетті түрде бауырға ерекше күтім қажет. Сондықтан, біріншіден, дәрігер айтқан тағамды ғана жеу керек. Тағаммен бірге режим сақтау керек. Ауыр жүк көтермеу керек. Гепатитпен ауырған науқастардың барлығы міндетті түрде диспансерлік бақылауда тұрады. Биохимиялық зерттеулерден өткізіп, бауырдың жасушаларының жұмыс атқаратын күшін дәрігерлер бақылап қарап отырады. Сондықтан, осы айтылған режимдерді міндетті түрде ұстануға тиісті. Ауру ағымы оның ауыртпалығына байланысты, сондықтан гепатиттің әрбір түрінің өз режимі бар деп айтуға болады.

 - Тағам түрлерін нақтылай кетсеңіз...

- Қуырылған және жартылай дайын тамақтарды, шикізаттарды, ұзақ сақталатын консерванттар қосылған тағамдарды жемеу керек. Ішімдік, кока-кола, т.б. газдалған, химиялық заттар қосылған сусындар ішуге болмайды. Сонымен қатар, дәрілік заттарды да қолданған күнде, бауырға әсері аз түрін қарастыру керек.

- Ал жалпы вирусты гепатиттің алдын-алу, одан сақтану үшін оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

– Вирусты гепатитті халық арасында сары ауру деп атайды. Созылмалы вирустарға өте көп көңіл бөлу керек. Әсіресе, өздері ауырып, ана болуға дайындалатын қыз-келіншектер денсаулықтарын күтуі тиіс. Екпелерді уақытылы алып, скринингтен өтіп тұрған дұрыс. Сары ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Неге десеңіз, созылмалы вирусты гепатиттің соңы бауыр обырына айналуы мүмкін. Сондықтан сақтану керек.

 

Сұхбатты жүргізген Жанаргүл Үмбетова,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының

ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар