Есік көлі мен Түрген сарқырамасына пресс-тур

/image/2019/09/10/70119505_2412342175755566_5949842839671144448_n.jpg

Өткен сенбіде Алматының іргесі Еңбекшіқазақ ауданындағы тарихи-мәдени және туристік орындарға баспасөз туры ұйымдастырылды. Аталмыш шараға Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі ұйытқы болды. Мақсат – өлкенің бай тарихын, тамылжыған табиғатын таныстыра түсу. Аймақтың туристік әлеуетін кеңінен насихаттау.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Журналистер аялдаған алғашқы жер – "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы. Бұл – бірегей орын. "Алтын адам" ескерткішінің мекені. 2010 жылы ашылған мұражайға бүгінде келушілер көп. Алыс-жақын шетелдік қонақтардың да қарасы саябырсыған емес. Журналистер барған кезде мұражай іші германиялық туристерге толы болды.

Мұражайда тек жәдігерлер сақталып қана қоймай, зерттеу де жүргізіледі. Журналистер қорық-мұражай аумағындағы қорғандардың бірінде жүріп жатқан археологиялық жұмыстарды тамашалады. Ауданда 300-ден аса қорған болса, соның 82-сі қорғау аймағында орналасқан. Журналистер сапары осы қорғандардың бірін ашу жұмысымен тұспа-тұс келіпті. Қорғанды зерттеу жұмыстарының барысымен қорық-мұражай директоры Тасқын Тойбаевтың өзі таныстырды.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Обалар бір-бір төбешікке ұқсайды. Кейбірінің биіктігі 5 метрге дейін. Қорғандардың төбешік іспеттес болуының өзіндік сыры бар. Жерленген адамның ұрпақтары дүниеден өткен бабасының әруағына құрбандық ретінде оба үстіне тас қалап, топырақпен бетін жауып отырған. Құрбандық шалынған сайын қабір биіктей түседі.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Қабірді таспен қалау оның тоналуынан сақтаған. Алайда тас обаларды сыртынан зерттеуге кедергі келтіреді. Мұражай басшысының сөзінше, тастан ешқандай лазерлік, рентген сәулесі өтпейді. Сондықтан қабірлер ашу тәсілі арқылы ғана зерттеледі. Осылайша, археологтар бір ғана обаны зерттеуге үлкен күш-жігер мен еңбек жұмсайды. Археологтар сырттан шақырылмайды. Мұражайда арнайы археология бөлімі бар. Қабірлерден шыққан жәдігерлер арнайы зертханаға жіберіліп, обаның қай кезеңге жататыны анықталады.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Тасқын Тойбаевтың айтуынша, биыл келуші шетелдіктердің саны ерекше көп. Оған Димаш Құдайбергеннің инстаграмдағы "Алтын адаммен" түскен суреті себеп болған. Әншінің ерекше жәдігерге қызыққан шетелдік жанкүйерлері Димаштың елордада өткен концертіне келгенде арнайы осы өлкеге ат басын бұрған. Сондай шетелдіктердің бірі мұражай ішінде жүрді. 82 жастағы Роберт есімді турист әйелімен АҚШ-тан, Калифорния штатынан келген.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Қорық-мұражайға кіргенде алдымен дәліз қабырғасына ілінген Археологиялық карта көзге түседі. Картада елдімекен, ғибадатхана, петроглиф сияқты ерте темір дәуіріне тән ескерткіштер бейнеленген. Дәлізбен ары қарай жүргенде мұражайдың экспозициялық залдары басталады. Алғашқысы сақ мәдениетіне арналса, екінші зал "Алтын адамның" ашылу тарихына байланысты. Сондай-ақ "Қазақстан археологиясы" залы, көрмелер өтетін зал және Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы мемориалдық кабинеті жұмыс істейді.

Қорғанды зерттеу жұмыстарының барысымен қорық-мұражай директоры Тасқын Тойбаевтың өзі таныстырды.

Журналистер мұражайдың екінші залында орналасқан басты жәдігер – "Алтын адамды" көруге асықты. Мұражай қызметкерлері қазақ мемлекетінің символына айналған ескерткіш хақында көптеген мәліметтер берді. Жәдігердің түпнұсқасы толықтай саф алтынмен көмкерілген. Оның әр элементі үлкен мағынаға ие. Киімдегі әрбір зат сол заманның философиялық, дүниетанымдық түсінігінен хабар береді. Қаңқа сүйегін зерттей келе оның ер бала екені дәлелденген. Бойы 165 см болған. Сақ заманында, шамамен б.з.б. 5 ғасырында өмір сүрген. Оны киімі мен қабірден табылған 4 мыңға жуық алтын жапсырма ішіндегі 165 аңдық стильдегі жапсырма айғақтайды. «Алтын адамның» бас киімі яғни тәжі және мөр қызметін атқарған қолындағы сақинасы оның билеуші болғанын білдіреді. Сәйкесінше, бұл жәдігер 2500 жыл бұрын қазақ жерінде мемлекет болғанының заттай айғағы.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында осындай құнды деректерге қанық болған журналистер сапары Есік көлінде жалғасты.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Көл Есік қаласынан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде, Есік шатқалында, теңіз деңгейінен 1759 метр биіктікте орналасқан. Ғалымдардың дерегінше, көл 8-10 мың жыл бұрын тау жыныстарының ығысуынан пайда болған. Табиғи жолмен қалыптасқан бөгетке тау мұздықтары, қар, жауын-шашын cуы жиналып, тау аралығындағы әсем көлге айналған.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Аспанмен шағылысып, ерекше түске көмкеріліп жатқан көл суы бұрын бұдан да үлкен болған деседі. Әңгіме судың 1963 жылғы селге дейінгі деңгейі туралы. Апатқа дейін мұнда автобустар аялдайтын автовокзал болған. Оның қираған ғимараты әлі күнге дейін тұр. Кезінде сол жерге Алматыдан демалыс күндері әр жарты сағат сайын автобус қатынаған. Келушілерге арналған қонақүй, мейрамхана, монша, шаштараз, би алаңдарына дейін жұмыс істеген. Көлге қала тұрғындарынан бөлек, Қазақстанға келген мемлекет басшылары, шетелдік меймандар соқпай кетпеген. Бұл жер Д.Қонаевтың да жиі демалатын орындарының бірі болған. 1963 жылғыапатқа Қонаевтың өзі куә болған деген дерек бар. Апаттан соң 1973 жылы селден қорғайтын жаңа бөгеттер, Есік өзенімен артық су ағып кететін плотина салынды. Сондай-ақ тасқынның көлге құйылған тұсына шлюздері бар бөгеттер де бой көтерген.

Бүгінде көл қазақстандықтардың сүйікті орны. Су бетінде сейіл құрам деушілер үшін моторлы қайықтар жүйіткіп тұр. Аумақта тамақтанатын жерлер де жоқ емес. Десе де көпшілік тамылжыған табиғат аясында кәуап әзірлеп, ас-суын далада ішкенді құп көреді.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Мұнан соң Еңбекшіқазақ ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Момунжан Исламов, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Динара Тюлемисова бастаған ұйымдастырушылар журналистерді форель шаруашылығына апарды.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Шаруашылық қызметімен танысқан соң журналистер бағдарлама бойынша Түрген сарқырамасына жол тартты. Бастаушы топ жергілікті жердің тарихымен таныстырып, өлкеде өткен айтулы оқиғалар туралы мағлұмат берді. Солардың қатарында атақты "Қараш-қараш оқиғасы" болған маңды көрсетті. Жарты сағатта көлік журналистерді Түрген шатқалының етегіне әкеп тіреді.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Түргенде жалпы жеті сарқырама бар. Журналистер "Аюлы" деп аталатына барды. Бұрындары аюлар мекен еткендіктен халық бұл жерді "Аюлы" деп атап кеткен. Көлік тоқтайтын жерден сарқырамаға дейін 1300 метр. Шыршалармен көмкерілген тастақ жол биікке қарай тарыла береді. Әрі иірімге толы. Кей жерлерде тік көтерілетін тұстар бар.

Осындай жолды басып өткен соң жартастың қуысынан 30 метр биіктіктен құлай аққан сарқырама шығады.

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Еңбекшіқазақ ауданына сапар

Бұл – Еңбекшіқазақ ауданының әсем жерлеріне арналған пресс-турдың соңғы нүктесі еді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар