БҰҰ секретариатының барлық қызметшісін ас-сумен қамтамасыз етуші шеф-аспаз Дэн Лопес жыл сайын қыркүйекте Бас Ассамблеяның сессиясына қатысуға келетін мемлекет басшылары мен үкімет мүшелеріне түскі ас дайындау қалай жүретінімен бөлісті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі un.org сайтындағы деректі негізге алып.
Дэн Лопестің айтуынша, бір ланчты әзірлеудің өзі оның күнделікті жұмысынан көп күшті қажет етеді екен.
"170-190 мемлекеттің басшыларын тамақтандырғаннан 4 мың адамға қызмет еткен анағұрлым жеңілірек шығар. Өйткені әдетте мұндай қатаң қауіпсіздік жүйесі еш жерде жоқ" – дейді ол.
Аспаз протокол қызметінің нұсқаулығын сақтап қана түрлі кулинарлық дәстүрлерді ұстанатын мемлекет басшыларының көңілінен шығуға болатынын айтады.
"Менің міндетім – тіскебасарлар, негізгі тағам мен десерттердің бірнеше түрін әзірлеу. Протокол қызметкерлері шарап пен тағамдардың дәмін татып, ланчқа не ұсыну керектігін шешеді. Мұндағы президенттер негізіген классикалық француз асханасын құп көреді. Бірде біз veal en papillote, chicken mousseline, фуа-гра жасағанымыз бар. Сондай-ақ мемлекет басшылары қой, бұзау етін, омыртқаның кесек етін аса ұнатады, – дейді аспаз.
Дегустация кейде төрт сағатқа дейін созылатын кездер болады екен. Арасында талғампаз жандар үшін диеталық тағамдар жасауға да тура келеді. Балықтан жасалған, етсіз тамақ сұрайтындар да аз емес көрінеді.
Түрлі ұлт өкілінің көңілін табу үшін аспаздарға сол елдің асханасын білу аса маңызды. Дэн Лопес Италия, Франция, Бельгия, Қытай және тағы басқа көптеген елде болған. БҰҰ қабырғасында да әр елдің кулинарлық дәстүрлерін үйренуге мүмкіндік мол. Мұнда түрлі елдердің үкіметі ұлттық тағамдар апталығын өткізіп тұрады.
Қыркүйектегі президенттік түстіктерге әзірлік қаңтар айынан басталады. Жаңа мәзір жасалып, маусымда тағамдардың тізімі түсіледі. Шілде соңына таман соңғы шешім қабылданады. Тамақтарды екі күн бұрын жасап бастайды. Азық-түлік тиеген жүк көліктері тек таңғы төрт пен алты аралығында ғана кіргізіледі.Жоғары деңгейдегі түскі астарды ұйымдастырып жүргеніне 20 жыл болған Фернандо Баркин Бас Ассамблеяның сессиясы тұтас жылдағы ең маңызды әрі көп қобалжытатын сәт екенін айтады. БҰҰ ғимаратында түнеген кездері де аз болмапты. Ондай шақтарда Фернандо жуынып-шайынып, кофе ішу үшін үйіне баруға зорға уақыт табады.
Қауіпсіздік шаралары жағынан АҚШ президентінің күзеті ең аса қатал болып келеді.
Қызмет көрсетуші команда мүшесі Мохамед Махар қызмет еткен президентерінің санынан жаңылып қалғанын айтады. Ол үлкен Буштан бастап, Трампқа дейінгі президенттердің бәрінде осы істің басы-қасында жүрген. "Клинтонның Қытай басшысы мен БҰҰ Бас хатшысымен әзілдесіп отыратыны есімде қалыпты. Әңгімеге арасында біз де қосылатынбыз" деп еске алады ол.
Мохамедтің басты қызметі – даяшылар жұмысын ұйымдастыру, тамақтардың у-шусыз әкелінуін, құрметті қонақтарға шарап пен тіскебасарлардың уақытылы ұсынылуын қамтамасыз ету.
Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 74 сессиясына биыл да 100-ден астам мемлекет басшысы қатысып жатыр. Солардың арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Пікір қалдыру