Соңғы уақытта елімізде қара алтын ұрлығының белең алғаны соншалық, мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы қылмыстық құрылымдардың негізгі табыс көзіне айналды. Биылғы жылдың ақпанында Маңғыстауда мұнайды тонналап ұрлаған қылмыстық топ ұсталды Qamshy.kz ақпарат агенттігі turkystan.kz дерегіне сүйеніп.
Бүгінгі таңда елдегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы, ал экспорттан түсетін табыстың жартысы – мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі. Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 90 млн баррельден астам) 1,8 пайызын (күніне 1,719 млн баррель) беріп отыр.
Өткен жылы Қазақстанда 77, 5 млн доллар мұнай өндірілсе, биылғы жылдың алғашқы 5 айының өзінде 36,5 млн тонна шикізат алынды. Мемлекет үміт артып отырған үш кен орны – Қашаған, Теңіз бен Қарашығанақтан жалпы көлемі 21,7 млн тонна қара алтын өндірілді.
2019 жылғы қаңтар-мамыр айларында 6,7 млн тонна қара алтын қайта өңдеуден өтті, яғни 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайыздық өсім бар.
Энергетика министрлігінің дерегінше, 2019 жылдың алғашқы үш айында елімізден жалпы көлемі 16 млн тоннадан астам мұнай экспортталып, қазынаға 7,4 млрд доллар құйылды.
Облыстық Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері мұнайды ұрлау бойынша арнайы сызба дайындаған. Олар тасымалдау және кірістерді заңдастыру процесін ретке келтірген. Топ басшысы қажетті мәліметтерді жинап, қылмыстық ұйымның болашақ мүшелерін тауып, оларды оқытыпты. Жалпы, топта 12 адам болған көрінеді. Ұрылар әуелі елден тыс жерден сатып алушы іздеген. «Клиент» табылған кезде қылмыскерлер магистральды мұнай құбырын кесіп, мұнайды автокөлікке құйып отырыпты. Ұрланған мұнай темір жолмен Ресейге мұнай қалдықтарының қоспасы ретінде тасымалданған. Қылмыстық әрекеттен түскен кірістерді заңдастырып отырудың да тетігін тапқан.
Экономикалық тергеу департаментінің дерегіне сүйенсек, қылмыстық топ 2017 жылғы тамыздан 2019 жылғы ақпанға дейін ел байлығын тонап келген. Қара-Оба кен орнындағы консервацияланған мұнай ұңғымаларынан және «Өзен – Жетібай – Ақтау» магистральды мұнай құбырынан қара алтынды алаңсыз үптеген. Ұрылар жалпы көлемі 2420 тонна мұнай ұрлап, мемлекетке 348,7 миллион теңге шығын келтірді. ҚР Қылмыстық кодексінің 13 бабы бойынша қозғалған істің материалдары мыңнан аса бухгалтерлік құжаттарды есептемегенде 30 томға жеткен. Материалдарының көлемі бойынша «ерекшеленген» тағы бір қылмыстық іс өткен жылы Қызылорда облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған еді. Жиынтығы 149 томды құраған қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, өңірде 2 ұйымдасқан қылмыстық топ құрылған. 1-топ мүшелері «Қоныс», «Жыланды қыр» кен орны мен «Құмкөл-Тұзкөл» және «Шымкент-Павлодар» мұнай құбырынан қара алтын ұрлауды ұйымдастырған. Астыртын іске мұнай компанияларының жұмысшылары мен күзетшілері және кәсіби дәнекерлеушілер тартылған. Ал келесі топ ұрланған мұнайды сақтау, тасымалдау және сатумен айналысқан. Тіпті көршілес мемлекеттерге де көмірсутек шикізатын жеткізіп отырған. Мұнайшылар, кәсіпкерлер мен оларды қолдап-қорғаған бұрынғы көлік прокуроры мен полиция полковнигі бар – қара алтынды заңсыз жолмен саудалауға қатысқан барлық 21 адам өз жазасын алды.
Авторы: Анар Лепесова
Пікір қалдыру