Қ.Тоқаев: Сағынтаев тәжірибелі басқарушы, Алматыны дамыту оның қолынан келеді

/image/2019/10/30/crop-0_11_390x520_29-10-19-toq3.jpg

Мемлекет басшысы оңтүстік астанаға жұмыс сапары барысында Алматының даму стратегиясымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев оңтүстік мегаполисті дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысына Алматының даму стратегиясының жобасын таныстырды. Бағдарлама Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті қолдау, қала шеттерінің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ бағдарламада Алматы агломерациясын дамыту перспективалары белгіленген.

Кеңесте сөз алған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының бүкіл ел экономикасын дамытудағы рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы әкімдердің қызметіндегі негізгі көрсеткіштер инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, сондай-ақ экологияны қорғау болып табылатынын еске салды.

– Қалада атқарылып жатқан жұмыстар басқа өңірлер үшін үлгі бола алады. Алайда қаланың одан әрі дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы, өмір сүру сапасының жақсаруы мәселелері күн тәртібінде әрдайым тұруы тиіс екендігін ұмытпаған жөн, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астананы дамыту бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.

Бірінші міндет ретінде Президент бизнес пен инновацияны дамыту есебінен Алматы экономикасы өсімінің жоғары қарқынын қамтамасыз етуді атады. Ол қаланың индустриалды аймағын мысалға келтірді, мұнда 33 компания тіркелген және тартылған инвестиция көлемі 156 млрд. теңгені құрайды. Мемлекет басшысы осы аймақ құрылған сәттен бастап 7 жыл ішінде 6 жаңа кәсіпорын ғана пайдалануға берілгеніне, ал ағымдағы жылы 1 шағын зауыт қана іске қосылғанына назар аударды.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне индустриялық аймаққа жаңа жобаларды, ең алдымен жоғары технологиялық және экспортқа бағдарланған жобаларды тартуды ұсынды.

Президент қалада еліміздің жетекші университеттері шоғырланғандықтан әрі мұнда жақсы ғылыми және кадрлық әлеует бар екенін ескерсек, инновацияларды дамыту мен жаңа әзірлемелерді енгізудің болашағы зор деп санайды. Дегенмен, осы салада маңызды әзірлемелер жасалмағанын айтқан ол «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА әлеуетін пайдалануды тапсырды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бизнес-ахуалды жақсарту және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі қызметті жандандыруға шақырды.

– Егер біз ірі қалалардың, жалпы еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын шын мәнінде нығайтқымыз келсе, шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті түрде тіркеу сияқты анахронизмнен қысқа мерзімде арылу керек, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол өз сөзінде шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемаларды шешудің маңыздылығын атап өтті.

– Кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізу нәтижелері көрсеткендей, қала бірқатар көрсеткіштер бойынша, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі, сыбайлас жемқорлықтың етек алуы, тексерулердің негізділігі бойынша артта қалғанын көрсетеді. ШОБ-ты жан-жақты қолдау, түрлі кедергілерді алып тастау міндеттері – қала әкімдігі үшін басты басымдық болып қала береді. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесіне лайық болуы тиіс,  –  деп есептейді Президент.

Мемлекет басшысы тамақ өнімдеріне, ең алдымен, нан мен ет өнімдеріне бағаның күрт қымбаттауына жол берілмеуі тиістігін атап өтті.

– Азық-түлік бағасының артуы біздің экономикамыздың осалдығының айқын көрсеткіші болып табылатынын мойындау керек. Мысалы, сыртқы нарықтарда конъюнктураның нашарлауына сілтеме жасау мүлдем орынсыз. Үкімет экономика өсуінің жаңа нүктелерін құру үшін қосымша шаралар әзірледі. Арнайы кеңесте мен бұл шараларды қолдадым. Енді оларды шұғыл түрде жүзеге асыру қажет, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев. «Ендігі бір басты міндет – қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту», – деп атап өтті Президент. Ол жұмыссыздық проблемасын жою, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту қажеттігін, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын шешу керектігін ерекше қадап айтты.

Қалада өмір сүру сапасы мен инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ.

– Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде қарастырамыз, сондықтан қалалықтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға бағытталуы тиіс. Ең бастысы, азаматтарымыз үшін қалада өмір сүру жайлы болуы керек. Бұған бірқатар мәселелер – үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның қадамдық қолжетімділігі, сапалы ауыз сумен, газбен, үздіксіз электрмен жабдықтау және жылумен қамтамасыз ету факторлары әсер етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ әкімдікке көшелерді жарықтандыру, аулалардың жағдайын жақсарту, арық жүйесінің жұмыс істеуі мәселелерін шешуді тапсырды.

Қаланың көлік инфрақұрылымын дамытудағы жетістіктеріне тоқталған Мемлекет басшысы осы саладағы бірқатар проблемалық мәселелерді де атап өтті.

– Күн сайын Қаскелең, Қапшағай, Талғар жағынан және Құлжа трактісі арқылы қалаға 200 мыңнан астам автокөлік келеді. Бұл Алматыға кіре берісте, әсіресе «пик сағаттарда» кептеліс тудырады. Мәселені жолдарды қайта құру және кеңейту арқылы ғана емес, метро желілерінің санын арттыру және қала мен іргелес аудандарды қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы шешу қажет, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алматы сейсмикалық белсенді аймақта тұрғанын еске салды.

– Соңғы болған сел қала тұрғындарының есінде қалды. Және олардың алаңдаушылығы да орынды. «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер құрылысын бастау қажет, ол сел тасқынынан қала қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қала экологиясына және ауа сапасына ерекше назар аударды. Ол қоғамдық көлікті газға және өзге де экологиялық отын түрлеріне ауыстыруды аяқтауды, қаланың және қала маңы аймағының жеке секторын газдандыруды жүзеге асыруды, ағаштарды, алма бақтарын заңсыз кесуді бақылауға алуды, сондай-ақ қаланы көгалдандыру және Алматы апортын жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Президент өз сөзінде Көкжайлау тау шаңғысы курортын салу мәселесіне нүкте қойды.

– Осы мәселені қайта-қайта қозғай бермес үшін мен бұл жобамен айналысуға тыйым саламын. Оның үстіне бұл жобаға барлық кәсіби экологтар қарсы болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев ең жоғары деңгейдегі туристік өнімдерді дамыту үшін Алматының әлеуеті үлкен екенін атап өтті. Бұл тау туризміне де, мәдени, этнографиялық туризмге де және іскерлік туризмге де қатысты. Ол туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің тау кластеріне басымдық берілгенін еске салды.

– Үкімет пен қала әкімдігіне тау локацияларының шеберлік-жоспарын іске асыра бастауды тапсырамын. Бұл жоба арқылы 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартуға, кемінде 30 мың жұмыс орнын ашуға болады. Бұл ретте барлық шешімдерді халықтың пікірін ескере отырып қабылдау қажеттігіне назарларыңызды аударамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды.

– Өкінішке орай, Алматы қылмыс деңгейі бойынша еліміз бойынша бірінші орында тұр. Негізінен ұсақ құқықбұзушылықтың – ұрлық пен бұзақылықтың үлесі көп. Олардың жиілеп кеткені соншалық, қала тұрғындары бұл жағдайды жүгенсіздік, криминалдың өршуі деп бағалайды. Бұл қала тұрғындарын толғандыратын басты мәселелердің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзін түйіндей келе, Елбасы қолдауының арқасында Алматы өзінің дамуында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтіп, алға қойылған мақсаттарға жету үшін күш-жігерді жұмылдыруға шақырды.

Кеңесте сондай-ақ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Президентінің көмекшісі Аида Балаева, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйледі.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Президенттің жұмыс орындарын жүйелі құру және азаматтардың табыс деңгейін арттыру жөніндегі бағдарламалық тапсырмасы аясында әкімдік жаңа экономика салаларын қалыптастыруға баса назар аударғанын баяндады.

– Білім экономикасы, цифрландыру, креативті индустрия, туризм саласы, қызмет көрсету саласы және басқалар – біз үшін перспективалы бағыттар. Бұлар жаңа экономикалық өсімнің драйвері болмақ, – деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында тұжырымдалған еліміздің мегаполистері үшін дамудың басты принциптері – «шеті жоқ қала» және қала тұрғындары үшін базалық қызметтердің «қадамдық қол жетімділігі» – әкімдік жұмысының негізгі бағдары болып табылады.

Осы бағытта ең алдымен, қаланың барлық аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, зерттеулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша қала тұрғындары үшін өзекті және резонанстық мәселелердің тізімі анықталды, әкімдік бірінші кезекте соларды шешумен айналысты.

Алдағы 3 жылда әкімдік шешетін міндеттердің бірі – тұрғындарды жүз пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету. Қазір қала шетіндегі 23 шағынаудан орталық су жүйесімен жабдықталмаған (су көлікпен тасымалданады). 11 шағын аудандарда осы бағытта құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Қалған 12 шағын аудан 2020 жылы қамтылатын болады, – деп хабарлады шаһар басшысы.

Азаматтардың өтініштері бойынша бюджет қайта қаралып, қала шеттеріндегі көшелерді жарықтандыруға қаржы бөлінген. Қазірдің өзінде бұдан бұрын жарықтандырылмаған 208 көшеде сыртқы жарықтандыру жұмыстары аяқталған. Келесі жылы қалған 1176 көшені жарықтандыру керек деген өршіл талап қойылып отыр.

Жыл соңына дейін Сүйінбай, Сейфуллин, Рысқұлов, Райымбек даңғылдарын, Майлин және Хмельницкий көшелерін жарықтандыруды жаңғыртуға қосымша қаржы бөлінді.

Ұзындығы 139 шақырым болатын 147 көшеде жол жөндеу жұмыстары аяқталды.Шеттегі120 көшеде 33 шақырым жаңа жол салынды. Қазір 10 шағын ауданда тағы 85 шақырымдық жол құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы шет жақтарда қосымша тағы 120 шақырым жол құрылысы басталады.

Аулаларды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Қалада барлығы 4,5 мың аула бар. Жыл соңына дейін 653 жаңа аулалар аумағы абаттандырылады және көріктендірілген аулалардың мөлшері 53 пайызды құрайтын болады. Алдағы үш жылда барлық аулалар абаттандырылмақ.

Қоғамдық көлікті дамыту мақсатында жылжымалы құрамды жаңарту қолға алынды. Жеке инвесторлар 202 автобус сатып алды. Әкімдіктің қаражаты есебінен газбен жүретін 230 экологиялық автобустың жаңа партиясын жеткізу басталды,олар жылдың соңына дейін маршруттық желілерге шығады.

Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысына қатысты Б. Сағынтаев 900 орынды екі мектеп, 560 орынды үш балабақша пайдалануға берілгенін хабарлады.

Келесі жылдың басында 790 орынды 5 балабақша және жаңа оқу жылының басында – ­3 мектеп, олардың біреуі жеке инвестиция есебінен, пайдалануға беріледі. 2 мектеп пен 5 қосалқы құрылыс, олардың бірі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында, салынуда.

2020 жылдан бастап 17 мектептің құрылысы басталады. Бұған қоса алдағы 4 жылда 11 мектепке, 12 балабақшаға қосымша құрылыс алаңдарын салу басталады. Сондай-ақ, 400 жекеменшік балабақша ашылады.

– Мұндай ауқымды құрылыс таяудағы бес жылда 51 мың оқушы орнын, балабақшаларда 23 мың орын ашу міндетін шешуі тиіс. Бұл мектептер мен балабақшалардағы қазіргі орын тапшылығын жояды, алайда, біздің болжамымыз бойынша, бұл жоғары көші-қон өсіміне және бала туу көрсеткішінің көптігіне байланысты жеткіліксіз болмақ, – деп атап өтті қала әкімі.

Әкімдік тарапынан медициналық мекемелерге аудит жүргізу барысында қолданыстағы 30 мың медициналық жабдықтың 10 мыңға жуығы моральдық және физикалық тұрғыда ескіргені анықталды. Осыған байланысты әрбір емхана мен аудан бойынша белгіленген жабдықтарды жаңартудың үш жылдық жоспары дайындалды. Қажетті шығындардың жалпы сомасы – шамамен 60 млрд. теңге.

Бұдан басқа, «қадамдық қолжетімділік» қағидатын негізге ала отырып, дәрігерлік амбулаторияларға деген қажеттілікті қанағаттандырудың үш жылдық жоспары әзірленді. Барлығы 35 амбулатория ашылатын болады. Бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін 7 амбулатория іске қосылды. Жыл соңына дейін олардың тағы үшеуі ашылмақ.

ШОБ дамуын жандандыру мақсатында «Almaty Business – 2025» өңірлік бағдарламасы әзірленді. Өңірлік даму институттарын оңтайландыру есебінен «Алматы Қаржы», «Алматы - микроқаржы ұйымы», сондай-ақ «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы құрылды.

Бағдарлама аясында «Шағын өнеркәсіп парктері» жобасын іске асыру басталды. Бұл – шағын бизнеске арналған дайын өндірістік орындар. Биылғы жылы Наурызбай ауданында 3 өнеркәсіп паркі іске қосылады.

– Бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске қаржылық және қаржылық емес қолдаудың тиімді жүйесі құрылды. Бұл бізге жыл сайын 30 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласының әкімі. Ол бизнес-климатты жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 8%-ға өскенін айтты.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қала көшелері мен жолдарында ЖКО алдын алу профилактикасы күшейтілді. Қосымша «Сергек» бейнетіркеу жүйесінің 707 бейне бекеті орнатылуда.

1 мың камералар орналастыру арқылы азаматтардың жаппай жиналатын орындарына бейнемониторинг жасау жүйесі күшейтілуде. Оның 600-і биыл, қалған 400-і келесі жылдың басында орнатылады.

Шілде айынан бастап талдау негізінде қаланың ең криминогендік аудандары анықталды. Дәл сол жерлерде 32 жаңа модульдік және мобильді полиция пункттері ұйымдастырылды. Жаяу және атпен патрульдеу күшейтіліп, аулаларға басымдық берілетін 550 жаңа бағыт белгіленді. Қаланың барлық аудандарында полицияның 14 фронт-кеңсесі ашылады. Бұл кеңселерде қала тұрғындарына «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетіледі.

Бақытжан Сағынтаев шешуді талап ететін бірқатар мәселелерді, солардың ішінде Үкіметте 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» атты дамудың кешенді жоспарын қарау және бекіту қажеттігін қадап айтты.

– Мегаполис орталығы мен шеттерін дамыту деңгейіндегі сәйкессіздіктерді жою, маятникті көші-қон жүктемесін тиімді төмендету және мегаполистің барлық аудандарында алматылықтардың жоғары өмір сүру стандарттарын қамтамасыз ету үшін Алматы агломерациясын бірінші кезекте дамыту – стратегиялық мәселе, – деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, әкім көлік инфрақұрылымын дамыту мен қала маңына көлік қатынасы, тұрғын үй құрылысы үшін жер тапшылығы және Индустриялық аймақта жобаларды іске асыру, экологиялық балансты сақтау, ЖЭО-2-ні газға ауыстыру, сондай-ақ студенттер үшін жатақханалар салу мәселелерін де қозғады.

Мемлекет басшысы жұмыс сапары аясында тұрғын үйге мұқтаж балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Көкқайнар» шағын ауданындағы үй пәтерлерінің кілтін табыс етті.

– Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын! Мемлекет әрдайым тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше назар аударатын болады. Сіздерге сәттілік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, «Көкқайнар» шағынауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл тұрғын үйге балалар үйінің кезекте тұрған түлектерінің ішінен 51 адам ие болды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы «Tech Garden» инновациялық кластерінің жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа төрт технологиялық зертхана, 50-ден астам IT-компаниялар, сондай-ақ инновациялық кластер аумағында орналасқан бірқатар стартап-жобалар туралы толық ақпараттар берілді.

Инновациялық кластер 284 ұйымды біріктіреді. Олардың ішінде 23 жоғары оқу орны, 25 ғылыми-зерттеу орталығы, 2 технопарк, 1 даму институты, «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА құрамына кіретін 166 компания, бірлескен инвестициялық қор және 66 ұйым бар.

Мемлекет басшысы «Tech Garden» орталығының жұмысына жоғары баға берді және ұжымға алдағы уақытта да жемісті еңбек тіледі.

Мемлекет басшысы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің БЦСА балаларға арналған белсенді оңалту және ерте жастан қолдау орталығына барды. Орталық мүгедек балалар мен қимыл-тірек аппаратында ақауы бар 18 жастан асқан адамдар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев оңалту бөлмелерін аралап көріп, қызметкерлермен әңгімелесті. Президентке балалар мүгедектігінің алдын алуға, БЦСА-мен ауыратын балаларды көпжақты оңалтуға және жан-жақты әлеуметтік тұрғыдан жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. Президент аталған жобаның ізгі мақсатын атап өтіп, оны бүкіл Республика көлемінде таратудың маңыздылығын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай мекемелерді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерінің және демеушілердің қаржысына ашу қажет. Соңында Мемлекет басшысы Орталыққа арнайы жабдықталған шағын автобус тарту етті.

Қазақстан Президенті Алматы қаласындағы «Инвестиция үйіне» барды, Мемлекет басшысына «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлер мен инвесторларға көрсетілетін негізгі қызмет түрлері туралы ақпарат берілді. «Almaty Finance» компаниясы арқылы бизнесті ашу және кеңейту үшін 300 млн теңгеге дейін, ал «MFO Almaty» арқылы 7 жылға 2-7% пайыздық мөлшерлеме бойынша 20 млн-ға дейін несие беру қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев ШОБ-ті дамыту және инвестиция тарту жөніндегі бастамаларды жүзеге асыруға табыс тіледі. Қазақстан Президентіне кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Qoldaý» орталығының, «Almaty Finance», «Almaty» микроқаржы ұйымдарының бизнесті өркендету бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндалды. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған орталықтарды аралап көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған бастамалардың табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби ҚазҰУ-не барған кезде ситуациялық басқару Орталығының қызметімен, жоо-ның цифрлық технологияны енгізу және бизнес-компетенцияны дамыту кластерімен танысты. Мемлекет басшысы студенттік кампус аумағында орналасқан «Керемет» қызмет көрсету Орталығын қарап шықты. Аталмыш орталық «бір терезе» қағидаты бойынша студенттер мен оқытушыларға 500-ден астам түрлі қызметті көрсетеді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар