Бұрынғы полиция қызметкері, "жұмысқа масаң күйде келгені" үшін қызметінен босатылған Әлібек Ерғазиев 29 қазанда Орал облыстық соты ғимаратының алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол қолына "Әділ сотты талап етемін" ("Требую справедливого суда") деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Бұған дейін Ерғазиев пикет өткізуге рұқсат жергілікті әкімдікке 70-тен астам рет өтініш берген, бірақ билік ешбір өтінішін қанағаттандырмаған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып.
Екі жыл бұрын жұмыстан шығарылған Әлібек Ерғазиев өзін қызметтен "заңсыз қуды" деп санайды және мұны сот арқылы дәлелдегісі келеді.
- 2017 жылдан бері ісімнің сотта әділ қаралуын талап етіп келем, бірақ әлі күнге дейін бірде-бір сот отырысы өткен жоқ. Сот менің жұмыстан заңсыз шығарылғанымды дәлелдесе деймін. Мұндай шешім наркологиялық диспансердің (қызметтен қуу туралы) анықтамасына сүйеніп шығарылған. 2017 жылы жұмыс күні біте салысымен олар менің ағзамнан 0,4 промилль ішімдік тапқан. Бұл қалыпты мөлшер және тіпті минималды мөлшерге де жетпейді, - дейді Әлібек Ерғазиев.
Облыстық сот ғимаратының алдына плакатпен акцияға шыққан бұрынғы полицей мәселеге сот төрағасы назар аударса дейді. Акция өтіп жатқан орынға Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Берік Таубаев келді. Ол Әлібек Ерғазиевке акцияның заңсыз екенін ескертті. Таубаев бұрынғы полицейді акцияны тезірек аяқтап, үйге қайтуға асықтырды. Алайда Ерғазиев акцияны аяқтаудан бас тартып, сот төрағасымен кездесуді талап етті.
Әкімдік өкілі Берік Таубаев Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген жоқ.
Шамамен бір сағат уақыт өткеннен кейін сот ғимаратынан қызметкер шығып, Әлібек Ерғазиевті сот төрағасымен кездесуге шақырды. Алайда журналистерді ішке кіргізген жоқ.
Кейінірек Әлібек Ерғазиевтің өкілі Мақсат Айсауытов Азаттыққа сот төрағасымен кездесуде мәселе шешілмегенін айтты. Ол Әлібек Ерғазиевке заңмен қарастырылған мерзімде шағымын қарастыруға ғана уәде берген.
- Бүгін №2 қалалық сотына судьялар мен наркологиялық диспансер қызметкерлерінің үстінен шағым түсірдік. Енді жауабын 30 күн күтеміз, - деді Мақсат Айсауытов.
Пікір қалдыру