Моңғолияның азаматтығын қайта алған қандастарымыздың қатары артып келеді

/uploads/thumbnail/0_small.jpg
Моңғолия азаматтығынан әр жылы түрлі себеппен шығып қалған азаматтар ел президенті Цахиагийн Элбэгдоржының 2013 жылғы 10 мамыр күнгі  жарлығы бойынша 408 азамат Моңғолия азаматтығына қайта қабылданды. 

Баян-Өлгийдегі көптеген жылдардан бері қарай күрмеуі шешілмей жалғасып келген түйткілді мәселе – азаматтық мәселесі еді. Моңғолия мемлекеттік Ұлы Құрылтай мүшесі, Мемлекеттік құрылым тұрақты комитетінің төрағасы Бәкей Ағыпарұлы және аймақ басшылығының Моңғол Президенті мен Үкімет орнына мәселені жиі-жиі жеткізіп, жағдайды егжей-тегжейлі таныстыруының нәтижесінде Моңғолия азаматтығына қайта қабылдау туралы Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржның жарлығы шығып, алғашқы кезекте 408 адамның азаматтық мәселесі шешілді. Осылайша, Баян-Өлгий аймағы азаматтарының басындағы қордаланған, ең өзекті мәселе шешімін таба бастады. Ал, өтініш білдірген өзге азаматтардың қайтадан Моңғолия азаматтығына өтуі мәселесі жан-жақты қарастырылып жатыр және жуық арада шешімін табатын болады, - деп хабарлайды АӘІБОрыны баспасөз қызметкері Нұрболат Өнерханұлы. Айта кетейік, Моңғолия азаматтығын қайтадан алып жатқандардың барлығы біздің сонда тұратын қазақ ағайындар. Осыдан бұрын 800 қазақ Моңғолияның азаматтығын қайтадан сұраған болатын. Олардың көбі Қазақстанға көшкен деген жалған құжаттарға байланысты Моңғол елінің азаматтығынан шығып қалған, екі елде де азаматтығы жоқ қандастарымыз. Тіпті, бұлардың ішінде атажұртқа көшу үшін 13 жыл бұрын Моңғол азаматтығынан шығып, Қазақстанға орала алмай отырғандары да жетерлік. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгін 695 қандасымыздың азаматтығы қайтадан қалпына келтірілген. Енді алдағы уақытта 230-ға жуық азаматтың мәселесі де қаралмақ. Моңғолия қазақ журналистері азаматтыққа қайта қабылданған ағайындар Моңғол үкіметі тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге қол жеткізетінін жеткізді. Дереккөз  

Baq.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар