20 қаңтар күні Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісінің журналист, саясаткер Ермұрат Бапиден алған «ТОҚАЕВТЫҢ ТӨҢІРЕГІ назарбаевшылдардың ҚОРШАУЫНДА ҚАЛДЫ» атты сұхбаты шықты. Сұхбат барысында Ермұрат Бапидің Демократиялық партия құрғысы келіп жүрген қоғам белсендісі Жанболат Мамай туралы айтқан кейбір ойларын әлеуметтік желі қолданушылары талқылап, «бұл сұхбаттың мақсаты – Мамайды насихаттау ма» деп пікір білдірген. Qamshy.kz порталы бейтарап бағытты ұстанатын еркін ақпарат алаңы болғандықтан, белгілі бір мәселеге байланысты кез келген тараптың айтарын жариялауға әзір. Осы ретте Жанболат Мамайдың партия құру әрекетін "билік жобасы" деп санайтын бірнеше қоғам белсендісінің пікірін ұсынады.
Жанболаттікі итәуре
Журналист-жазушы Талғат Айтбайұлы "Мамаймен алты аласы, бес бересім жоқ, тек халықтың алданғанын қаламаймын" дейді.
– Дәл бүгінгі күні елді 30 жылдан бері басқарып тұрған авторитарлық режимнен демократияға қарай әлдебір өзгеріс күту – ақымақтық. Бұны есі дұрыс, ақылы түзу кез келген адам логикаға салып-ақ түсіне алады. Сондықтан Жанболат Мамай билік әзірлеп жатқан кезекті жобаның бір ойыншысы деп білемін.
Қызық үшін, қараңызшы, Қазақстанда алаңға шыққан аналарды, пикетке шыққан жалғыз адамды полиция ұстайды да, Мамай алаңға шықса ұстамайды. Оған журналистік қызметпен айналысуға да 3 жылға тыйым салынған. Жоқ, оны ұстамайды да, қамамайды да. Мен Жанболатқа жау емеспін. Оның қазақтың жоқшысы болып жасаған фильмдерін құптаймын, саясаттағы ұстанымын, сөйлеген сөзін жақсы білемін. Бірақ бүгінгі жағдайдағы әрекеттері көңілге күдік ұялатады. "Аузы күйген үріп ішер" демекші, Қосанов жобасы қайталанбаса екен деймін ғой. Халық тағы да алданып, өкініп қалмаса деген ой менікі, – деді жазушы.
Журналист Мамай партиясы тіркеліп, парламент сайлауына түскен күннің өзінде одан қоғамға келіп-кетер ештеңе жоқ деген пікірде.
– Жанболат биліктің жобасы болсын, болмасын оның құрған партиясы тіркелді, парламент сайлауына түсті делік. Сонда бірдеңе өзгере қоя ма? Меніңше, сол баяғыдай мәжілістегі орындардың 85 пайызын нұротандық депутаттар алады да, қалған 15 пайызын итке сүйек лақтырғандай етіп бірнеше партияға бөліп береді. Жанболаттың партиясына 2-3 орын бұйырар. Оған 50 пайыз дауысты билік өлсе де бермейді! Сол 2-3 депутат халықтың зарын қанша ашынып жеткізгенімен, жеме-жемге келгенде оны шешетін депутаттардың дауысы. Сонда көпшілік дауыспен билік ойына келгенін жүзеге асырып, миығынан күліп отыра береді. Біздің халыққа керегі осы ма? Сондықтан да Жанболаттікі итәуре деп білемін. Ол осы ісімен Назарбаевтың билігін созып, оның құрған қасіретті жүйесінің өмірін ұзартуға үлес қосады. Мен лайым қателесейін, алайда ішкі түйсігім осылай дейді. Сол себепті де, қаншалықты жеккөрінішті болсам да, өз ойымды жасырмай жайып салдым, – деді Талғат Айтбайұлы.
Жанболат кім, Әбләзов кім?
Ақын Мырзан Кенжебай көлденең тартқан пікір де осыған ұқсас.
– Мамайды парламентке апаруы да ғажап емес. Ол онда барғаннан кейін Бекболат (Тілеухан – ред) сияқты зуылдатып сөйлейді. Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Назарбаевтан бастап, Тоқаевқа дейін сынайды. Сосын халық "біздің елде демократияның лебі есе бастады, оппозицияның өзі парламентке барып жатыр" деп алданып қалады. Бірақ парламенттің 99 пайызы биліктік депутаттар болғандықтан, оның сынынан не өзгереді? Ештеңе де өзгермейді, – деп атап өтті ақын.
Мырзан Кенжебай Мамайдың банкир, Қазақстанда тыйым салынған Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясының жетекшісі Мұхтар Әбләзовты сынауы "барып тұрған надандық" дегенді айтты.
– Адам өзін Әбләзовпен салыстыру керек қой. Жанболат кім, Әбләзов кім?! Мамай Әбләзовпен саяси, экономикалық білімі, таным-түсінігі, мәдениеті жағынан да теңесе алмайды, деген ол Әбләзовты қолдайтынын айтты.
– Әбләзовты әбден қолдаймын. Себебі ол өте білімді, мәдениетті жігіт. Оның 2006 жылдары билікке қалай қарсы шыққаны көз алдымда. ТАҢ арнасы қалай керемет жұмыс істеді. Халықтың көзін ашты. Әбләзовты сынаушылар оны қазақша сөйлей алмайды деп сөгеді. Ол қазақша өте жақсы сөйлейді. Мына Шымкенттің жігіті ғой. Тек шала қазақтар мен өзге ұлт өкілдері "мынау ұлтшыл екен, қазақтарды ғана ойлайды екен" деп айтпас үшін ғана қазақша сөйлемейді. Оның астарында үлкен саяси мән бар, – деді ол.
Оның сөзінше, қоғамдық-саяси Жас Алаш газетінің басшылығына Мамайдың зайыбы – Инга Иманбайдың келуі ертең мамайшылар үшін үлкен күшке айналады.
Қазақстанда Назарбаев режимі дәуірлеп тұрғанда шын мәніндегі оппозициялық партия құрылуы мүмкін емес
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин Жанболат Мамай партия құрамын деп мәлімдеген сәттен бастап оған күмәнмен қараған.
– Қазақстанда Назарбаев режимі дәуірлеп тұрғанда шын мәніндегі оппозициялық партия құрылуы мүмкін емес. Шынайы оппозицияны бұл режим еркелетіп қоймайды. Мамай бастаған ынталы топтың тіркелуі күмәнімді тіптен қоюлата түсті. Бұл дүниеде бәрі салыстырғанда көрінеді ғой. Қолына көк шар ұстап шыққан баланы зіңгіттей полицейге қуалатып қойған Қараорда (Ақорда – ред) "нұротанның тас-талқанын шығарамыз", "билікті, режимді құлатамыз" деп жүрген Мамайға қалайша жол ашып қояды, – деген ол партия құрушы бастамашыл топқа қысым жасалып жатқаны өтірік екенін мәлімдеді.
– Оларға кедергі жасағандай болған әрекетті олар өздері-ақ ұйымдастыра алады. Халық "партияны тіркеу процесі оп-оңай өтіп жатыр" деп айтпауы үшін, "бізге кедергі келтіріліп жатыр" дегендей осындай әрекеттер жасалады. Егер олардың аяғын еш облысқа басқызбай қойса, ешқандай бөлімше құрғызбай қойса, онда шын кедергі болар еді. Онда сенуге болады. Сондықтан кедергі дегендердің бәрі көзбояушылық, – деді саясаткер.
Жанболат Мамай "Саяси қалам" газетін шығарған сәтте басылымға автор ретінде мақала жазып тұрған Жасарал Қуанышалин сол тұста болған бір оқиға оның көңіліне күдік ұялатқанын айтты.
– Кезінде кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың Назарбаевты ақтап, халықты даттап жазған мақаласы шыққан. Онда "халық кінаны Назарбаевқа арта бермей, өзінен бастауы керек" деген көлгірсіген әңгіме айтылған еді. Мен оның бұл ойларын сынап, оның назарбаевшыл екенін, халыққа қарсы адам екенін айтып мақала жаздым. Мақалада Жаңаөзендегі жағдайдан кейін Ақтауда болған сот процесі туралы да айтылған. Онда Владимир Козлов, Болат Атабаев, Жанболат Мамайдың ісі қаралған болатын. Сотта мынадай жағдай болған: жоғарыда айтқан режиссер Ермек Тұрсынов "СИЗО"-ға кіріп, Атабаевқа қатысты сот ісімен танысып, Атабаевпен жолығып, оны босатып алып шығады. Ал осы кезде Козловқа адвокаты мен жақындары кіре алмай отырды. Бұл қалай болғаны? Қайдағы бір режиссер барады да емін-еркін жаңағыдай тірліктерді жасайды. Бұл мүмкін емес нәрсе ғой. Демек бұл ҰҚК-нің келісімімен, солардың сценарийі, тапсырысы бойынша жүзеге асқан нәрсе. Осыларды негіз етіп, мен Тұрсынов ҰҚК-нің жансызы деп манағы мақалада жаздым. Мамай мақаланы басты да, Тұрсынов туралы айтқандарымды алып тастады. Өйткені Жанболаттың өзін де сол істе ҰҚК-нің Төлеген Жүкеев деген тағы бір жансызы дәл осылайша алып шыққан болатын. Жанболат таяқтың бір ұшы өзіне тиетіндіктен, мақаладағы айтылған нәрселерді алып тастады, – дейді ол.
Оппозициялық саясаткердің айтуынша, Мамай партиясын тіркеп, парламентке өткізу арқылы билік бір жағынан халықаралық ұйымдар алдында бедел жинап, диктатураны дұрысырақ қылып көрсетуге тырысса, екінші жағынан "халық өкілі билікке келді" деген ой тудырып, халықты алдаудың амалын жасауда.
– Билік мамайшыларға парламентте өздерін сынауға мүмкіндік бергенімен, елде принципті өзгерістер болмайды. Мамайшылдардың бастамасымен жеңіл-желпі реформалар ғана іске асуы мүмкін. Олардың оппозиция деген дақпырты бар ғой. Сондықтан әлгілердің шоқтығы парламенттегі қуыршақ партиялардан жоғары болатындай етіп ұйымдастырылады. Алда-жалда бір жағдайлармен бұл ой жүзеге аспаса, олардың қосымша бірнеше жоспары бар, – деді Қуанышалин.
"Мамай операциясы" саяси-конспирологиялық спектакльдің бір актісі
Журналист Бақытжан Қосбармақов 2019 жылғы 25 қарашада өзінің facebook-тегі парақшасында "ҚАРАША ЭТЮДТЕРІ Жанболат Мамай кім? Қазақстанда саяси партия құру мүмкін бе?" деген атпен жазба қалдырған. "Қамшы" тілшісі журналиске хабарласып, мәселеге қатысты пікір білдіруін сұрағанында әлеуметтік желіде жазғандарына алып-қосары жоғын, жазбасын пайдалануға болатынын айтты.
Ол Қазақстандағы оппозициялық партияларды ыдырату тәжірибесі мен саяси технологияларды еске алып, Ақорданың деміл-деміл үйреншікті ежелгі әдіс-тәсілді қолданатынын, "Мамай операциясы" да дәл сол сценарийге құрылғанын жазған.
Журналист Жанболат Мамайдың өмірдерегінде мін жоқ екенін, бірақ "партия құрам" деген күннен бастап оның автобиографиясының жаңа парағы ашылғанын айта келе Ж.Мамай Қазақстанда тыйым салынған Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясының жетекшісі Мұхтар Әбләзовқа қарсы деген пікірін білдірген.
– Бір нәрсе анық – ол – Ж.Мамай М.Әбілязовқа қарсы. Осы саяси сценадағы міндеті де сол – М.Әбілязовтың бетін қайтару, аптығын басу, тым болмағанда, оны білермен, өркөкірек, жаман қылып көрсету. Бір есептен онысы жүзеге асты да. Бір айдың ішінде қазақ саяси биржасында Ж.Мамайдың рейтингі ашыған қамырдай көтеріліп, көбіктей көпіріп, рекордтық деңгейге жетті.
Өйткені, қазақ қоғамы қол бастайтын батырға зәру. Ақорда мұны жақсы біледі. Соған лайық манипуляция жасайды, технология қолданады. Қоғамның енжарлығын, аңғырттығын, саяси соқырлығын шебер пайдаланады. Қазақ қашанда көсемге ділгір, саяси сергектік, әлеуметтік ерік-жігерден гөрі, тобырлық психология басым. Ондай қоғамды ноқталап, бұйдалап алу да, сосын қалаған жаққа қарай қақпақылдап айдап, жетелеп кету де оңай.
Ж.Мамайдың да сырын осыдан түсінуге болады. Әйтпесе, ол ойы кенен, ақылы кемел, сойы толысқан, болмыс-бітімі келіскен өрелі саясаткер емес. Шикі, дүмбілездеу. Ол ә дегеннен-ақ білінді. Басқа-басқа саясаттың әліппесін білетін, Ақорданың саяси ережесінен хабардар адам "Нұр-Отанға" оппонент партия құрам" демес еді. Құра да алмайды. Алысқа бармай-ақ, оған екі дәлел келтіруге болады: ол – "Алға" партиясының тарихы мен "ҚДТ қозғалысы – экстремистік ұйым" деген үкім. Ал Ж.Мамайдың соны көре тұра осындай қадамға баруы – берісі, саяси ноқайлық, әрісі – саяси есерлік деуге болады. Бірақ қоянның ізін қойға шатудың керегі жоқ, Ж.Мамайдың аттаны – екеуі де емес, желбуаздық, даңғаза ғана. Партияны тіркемейтінін өзі де біледі және оны бірнеше рет айтты. Ендеше, қоғамды дүрліктіріп, елеуретіп керегі не? Гәп – дәл осыда. Шыны керек, ол "Нұр-Отанмен күресем", "Нұр-Отанның тас-талқанын шығарам" дегенмен, онымен күресіп жатқан жоқ, ДВК-мен күресіп, ДВК-ны ыдыратып жатыр. Оған мысал – қатарына двкшыларды тартып жатыр, әлі бірде бір адам "Нұр-Отаннан" шығып, мамайшыларға қосылған жоқ, деді ол.
Журналист күмән туғызатын жайттардың бірі ретінде Ж.Мамайдың саяси серіктерін атаған.
– Әсіресе, оның қасынан Төлеген Жүкеевтің қылаң беруі күдікті қоюлата түседі. Т.Жүкеев – сақа саясаткер болғанмен, бұқпантай, бір бүгдесі ішінде, сұрқай фигура. "Сұр кардинал" саналатын ол – 2001 жылы ДВК-ның, кейін "Ақ жолдың" ыдырауына атсалысқандардың бірі. Тіпті алты бақан алауыз қазақ оппозициясының қара жәшігі соның қолында болса да таңғалуға болмайды. Ал кешегі Ә.Қосановтың серіктері, саяси жандайшап Ермұрат Бапи мен Ғалым Ағелеуов Ж.Мамайға көлеңкесін түсірмесе, мәртебесін көтермесі анық. Сондай-ақ, Сергей Дувановтың да пәктігіне сенім аз. Соңғы кезде оның көп сүрініп, шатқаяқтап жүргені жасырын емес.
Жұрт ескермеген тағы бір жәйт – сәл бұрын Ж.Мамайдың тұяқбайшыл ЖСДП-ны төңіректегені. Тіпті ол ЖСДП-ны реанимация жасап, тірілтіп алмақшы да болды. Бұл оның қандай саяси ойынға да дайын екенін көрсетсе керек, деп атап өтті Б.Қосбармақов.
Журналист "Ж.Мамай неге бұлай жасады?" деген сауалдың екі жорамалын келтіреді.
– 1. Билік аузын майлап, сатып алды.
2. Өзі көнді. Яғни, саяси ахуалды саралап, қоғамның деградациялық кейпін көріп, пұшаймандықтан осындай қадамға барды. Бұл екі жолдың қайсын таңдаса да, ол адасты.
Бірінші вариант рас болса, Ә.Қосановтың кебін киеді, көп ұзамай екпіні басылып, құпиясы ашылып, әшкере болады. Екінші жорамал да оның оңғақ екенін, саяси солқылдақтығын айғақтайды. Ең жаманы – енді бас көтеріп, енді ғана ұйысып, топтаса бастаған қауымның сеніміне селкеу түсіріп, сына қағып үлгерді. Қоғамда "Саяси серкелер өзді-өзі басы піспей жатқанда бізге не жорық?!", "Қайсы жөн, қайсы құп, қайсының сөзі шын?!" деген дүдәмал ой, әбі-тәбі хал белең алды. Ақордаға керегі де – осы.
Өкімет бір-ақ нәрседен қорқады, ол – халықтың топтасуы мен митинг. "Көп қорқытады, терең батырады" деген рас. Оның үстіне соңғы кездегі әлемдегі оқиғалар – Чили, Гонконг, Ирандағы дүрбелеңнің дүбірі Ақорданың тынышын алып тұр. Қазіргі бар қам – соны болдырмау, қалай болғанда да қауіпті сейілтіп, амалдап режимнің күнін ұзарту. Бұл үшін билік пен саяси элита ешқандай аянбайды, ештеңеден тайынбайды, қоғамды әрнеки ойынға киліктіріп, түрлі шырғалаңға салады. "Мамай операциясы" да сол саяси-конспирологиялық спектакльдің бір актісі деуге болады, – дейді ол.
Оқи отырыңыз:
♦ Ермұрат Бапи: ТОҚАЕВТЫҢ ТӨҢІРЕГІ назарбаевшылдардың ҚОРШАУЫНДА ҚАЛДЫ
♦ «Жанболат Мамай: «Бәрібір өзгеріс болмайды» деп митингілерге де шықпайық
Пікір қалдыру