Айсұлтан Рахат: Менің анамның бір ғана мақсаты бар (видео)

/image/2020/01/23/crop-26_5_697x1239_maxresdefault-1.jpg

Кеше, 22 қаңтарда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі, Қазақстан парламенті сенатының қазіргі спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Рахат Facebook-тағы парақшасына бірнеше пост жариялады. Айсұлтан Рахат постарында қазір Лондонда екенін, өзіне қауіп төніп тұрғанын, Нұрсұлтан Назарбаев оның атасы емес, туған әкесі екенін айтты.

Айсұлтан Рахаттың бұл жазбаларынан кейін қазақстандық бірқатар журналистер мен белсенділер онымен байланысқа шығып, жазғандарының рас, я жалған екенін сұрады. Айсұлтан Рахат жазбаларында айтылған ақпарттың барлығы рас екенін және оны ешкімнің бұйрығынсыз жазып отырғанын мәлімдеді.

Ол 22 қаңтар кешке қарай Youtube желесіндегі "Silk Road" арнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев өзінің атасы емес, биологиялық әкесі екенін жақында білгенін айтты. Оның айтуынша, бұл ақпараттарды көпшілікке айтуына шешесі Дариға Назарбаеваның оған қауіп төндіруі себеп болған.

"Менің анамның бір ғана мақсаты бар: Қазақстан президенті болу. Менің бұл өмірде болуым оған кедергі болып тұр. Өйткені атам (Нұрсұлтан Назарбаев - ред.) әрдайым маған билікті бергісі келетін. Мен бір-ақ нәрсені айтқым келеді: өлерімнің алдында атаммен кездескім келеді" деді Айсұлтан Рахат. 

Сондай-ақ, сұхбат барысында Айсұлтан Рахат өзінің туған әкесі Нұрсұлтан Назарбаев болса да, ол әкесі ретінде өзін тәрбилеген Рахат Әлиевті мойындайтын жеткізді. 

Өткен жылы қазанның 18-і күні Лондон соты Айсұлтан Рахатқа бір жыл шартты жаза кесті. Британиялық БАҚ-тардың жазуынша, ол 2019 жылы маусым айында британ полициясына қарсылық көрсеткені үшін жауапқа тартылған. Назарбаевтар отбасы Айсұлтан Рахаттың Ұлыбританияда ұсталғаны және сотталғаны жайлы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

1990 жылы 26 тамызда өмірге келген Айсұлтан Назарбаев – Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеп, 2019 жылы наурызда өз еркімен президенттік қызметтен кеткен (бірақ елдегі биліктің бір тармағын ұстап отырған)  Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен Австрия түрмелерінің бірінде көз жұмған қазақстандық шенеунік Рахат Әлиевтің ұлы.

Қазақстандық ақпарат құралдарының жазуынша, Айсұлтан Рахат бала кезден футболға қызыққан. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысқан. "Челси" және "Портсмут" жастар командалары мен қазақстандық "Астана" командасында ойнаған.

Ол Ұлыбритания королдігінің "Сандхерст" әскери академиясының тәмамдаған. Айсұлтан оқуын бітіріп, Қазақстанға оралған соң елдің қорғаныс министрлігінің барлау басқармасында қызмет етті. 2017 жылы 7 айдай Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқарды. 

Айсұлтан Рахат 2013 жылы "ҚазРомГаз" АҚ басшысы, алматылық "Қайрат" футбол клубының қожайыны Қайрат Боранбаевтың қызы Алима Боранбаевға үйленді. 2016 жылдың жазында олардың Амели есімді қыз дүниеге келді.


Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар