Жақында танымал әнші Сәуле Жанпейісова өзінің «фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзін Жамбыл облыстық филармониясынан шығарып жібергендігі және директор орнынтағына бұрынғы басшыны қайта әкелгендігін жазған болатын. Сондай-ақ, мұның бәрі Сәуле ханымның еркінен тыс, еңбек демалысы кезінде сырттай шешіліп қойғандығы айтылған.
Осыған орай дәстүрлі әнші, оқытушы, Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сәуле Жанпейісова арнайы Қамшы порталына сұхбат берді. Сұхбат барысында Сәуле ханым өзінің әлеуметтік желіде көтерген жанайықайы туралы кеңінен баяндап, облыстың мәдениет басқармасы мен Жамбыл облыстық филармониясындағы түсініксіз жәйттар туралы сөз етті.
Сәуле ханым, мәселе қалай болды? Ол кезде сізді бұл қызметке кімдер шақырған еді? Басынан бастайықшы...
-Тараз – көне қала, тарихи қала. Өзімнің туған жерім. Десе де, мен бұған дейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның халық әні кафедрасын басқарып, шәкірттерімнің ортасында өнерлерін шыңдап, сахнаға бірге шығып жүрдім. Сол кезде Жамбыл облысында мәдениет саласында шу шығып, облыстық филармонияны 21 жыл басқырап келген Сейітқасым Түктібаев деген азамат қызметінен қуылып, басы дауға қалып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Бұл туралы қазақстандық БАҚ аз жазбады. Сол кезде облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев мырза арнайы хабарласып, мені шақырды. Ол кезде әрине, менің отбасым, жұмысым, шәкірттерімнің барлығы дерлік Алматыда еді. Мен ойлануым керек болды.
Жамбыл облысы сіздің туған жеріңіз ғой... Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеудің жолы қайсысы еді?
-Иә, азаматтар елге шақырды. «Алматыда, басқа қалаларда шыңдалдың. Тәжірбиеңді жетілдірдің. Енді соның бәрін туған топыраққа әкелсеңші. Облыстың мәдениеті тұралап тұр. Көмектес», дегеннен соң, бір ауыз сөздерінен аттап кете алмадым. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепбергенов мырза өзі шақырды. Содан кейін, мен үйімді, жұмысымды, бала-шағамды Алматыда қалдырып, өзім филармонияны басқаруға келдім. Оның үстіне дәл сол кезде облыстық мәдениет басқармасына Айнұр Сәденова ханым келді. Ол да жаңадан келген еді. Қазақстанға танымал скрипачка, Марат Бисенғалиевтың мектебінен білім алған. Жаңашыл, бастамашыл азамат қой. Келе сала «түк жоқ қой мында» деп шошып кеткенін өзі талай рет айтқан да. Сосын ол реформа жасады. Ұйықтап жатқан мәдениетті қайта тірілту үшін барын салды. Біз бірлесіп жұмыс жасадық.
Ал бұрынғы бастық не бүлдірген еді? Не үшін істі болған?
-Ол кісі жақсылы-жаманды 21 жыл басқарды мәдениет саласын. Шынын айту керек қой, түк жоқ еді. Кадрда 20 адам. Ол кездегі ескі филармонияның Баласағұн дейтін концерт залы бар екен. 1000 орындық. Ол кісі соның жартысын жекеменшікке өткізіп алыпты. Кейін ол жерде «Мөлдір бұлақ» деген мейрамхана ашқан. Жергілікті тұрғындар Баласағұн Түктібаевтың жекеменшігі екен деп ойлап жүрген. Ол облыстық филармонияның баллансында екенін тіпті білмеген де. Кейін мұның арты дауға ұласып кеткен. Түктібаев қызметінен қуылып, қылмыстық іс қозғалған.
Айыпты деп танылған ба?
-Жоқ. Тараз қалалық соты Түктібаев мырзаны кінәсіз деп таныған. Бірақ араға 3,5 жыл салып қайта келіп отыр ғой.
Сонда бұған дейін қайда жүріпті?
-Өзінің айтуынша, ауырып жатыпты. «Мен өзіміннің кінәсіздігімді жақсы түсінемін. Намысыма тырысып, өз ісімді жалғастырамын» деп келіпті.
Сонда қалаған уақытында келе беруге бола ма? Әлде, біреулердің ықпалы рөл ойнап отыр ма?
-Тараз қалалық соты шешімімен тез арада қайта жұмысын жалғастыру туралы шешім шығарған екен. «Немедленно восстановить» дейді.
Сонда бұл оқиға қашан болған?
-Біздің ұжым 20 шілде күні кезекті еңбек демалысына шыққан болатын. Ал 21-і күні Тараз қалалық сотынан адамдар келіп, Түктібаевты бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы шешімді көрсеткен. «Мейлі, орналастырайық, бірақ кейінірек, болмас па? Қазіргі ұжымның еңбек жоспарлары күл талған болады ғой» дегеніне қарамаған да.
Сіздің басшылығыңыз кезінде филармонияда қандай өзгерістер болып еді? Сіз қандай реформа жасадыңыз?
-Шыны керек. Азаматтардың бір ауыз сөздерін тастамай, Алматыда барымды тастап жетіп келдім. Қолымнан келгенше істер атқардық. Әрине, менің жалғыз еңбегім емес – ұжымның еңбегі. Ұйықтап жатқан өнерді қайта сілкіндіру үшін түрлі концерттер ұйымдастырдық. Қазақстанның бірнеше қалаларына концерттік бағдарламалармен бардық. Аудандарда вокалды-инструменталды ансамблдер құрылып, бишілер дайындауға көштік. Үш жыл қатарынан Халықаралық фестиваль ұйымдастырдық. Ал биыл өкінішке орай республикалық деңгейде ғана өткізе алдық. Жамбыл облыстық филармониясын – бірнеше шетелге шығардық т.б. айта берсең созыла береді ғой. Өтірік айтқаным емес, мұның бәрі бұрын жоқ дүниелер еді. Біз қайта тірілттік.
Жә, сонда жаңағы Түктібаевқа қатысты сот шешімі аппеляцияға берілмейді ме?
-Беріледі. Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы мен қаржы басқармасы сотшешіміне наразылық танытып, қайта қарауға арыз жазбақшы. Енді істің ақырын күту ғана қалды.
Сіз халықтың адамысыз. Өнеріңізге ел бағасын берген. Басқа жұмыс ше...
-Нұргелді, мен жұмыссыз қаламын деп уайымдамаймын. Құдай берген өнерім мен елім барда жерде қалмаспын. Тек мені ашындыратыны – өздері шақырып ап, сыртымнан, менің еңбек демалысым кезінде орныма бұрынға адамды қайта әкеліп отырғыза салғаны. Айтса, мен сол орынды өзім-ақ босатамын ғой. Тек ұжымыма бір ауыз сөз айтып, жағдайды түсіндіріп, халықпен адам сияқты қоштасар едім. Менен сұрамай-ақ, сыртымнан бәірін шеше салған. Ұят жағдай ғой. Тегі күлкің келеді.
Абай атамыз айтқандай күлкінің де түр түрі болады ғой. Ыза күлкісі ғой...
Иә, сол. Мынадай кезде жақсы кадр жинақтау қиынның қиыны ғой. Мысалы мен басшы болып келген кезде өзіме орынбасар таба алмай қиналғам. Менің бір сөзім бар осындайда айтатын. Кадрдың қадірін белмеген кадрсыз да, қадірсіз де қалады (күлді). Ал мен әнімді айтып әрі қарай жүре беремін де...
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру