Уханьнан жеткізілген студенттердің жағдайы қалай?

/image/2020/02/03/crop-183_86_685x913_46e044c0c504783199519fc016878bc9_original.98700.jpg

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігінің сапасын  бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов  Уханьнан жеткізілгеннен кейін карантинге жатқызылған студенттердің жағдайын айтып берді.

"Уханьнан чартерлік рейспен жеткізілгеннен кейін карантинге 83 қазақстандық жатқызылды. Оның ішінде 80 студент бар. Олардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді ауруханаға орналастырылды. Аурухана жаңа, жоғары қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Әрбір қабаттағы палаталардың дербес желдету жүйесі бар. Бұл өте жақсы жүйе, "таза үй-жай" деп аталады. Ол ауаның араласуына жол бермейді. Ауа палатадан дәлізге және кері бағытта шықпайды", – деді Нұрқан Сәдуақасов.

Оның атап өтуінше, ұшақ бортында дәрігерлер тағы бір мәрте термометрия жүргізіп, жолаушылардың қызуын өлшеген.

"Ұшақ бортына көтерілген кезде тағы бір термометрия жүргізген едік. Яғни, ұшақта олармен бірге санитарлық авиацияның дәрігерлері мен дәрігер-эпидемиолог болды. Бір әйелде 37,2 дене қызуы болды. Бірақ онда қандай да бір сырттай белгілері (коронавиурс белгілері) анықталған жоқ. Олар 2, 3 және 4 орындық палаталарға орналастырылды, жағдайлары және тамақтары өте жақсы. Жүктері өңделгеннен кейін сақтау қоймасына тапсырылды", – деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, көпбейінді аурухананың инфекциялық блогы бір-бірінен оқшауланған.

"Қазақстанның барлық қалаларының, негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Семейден, Алматы, Қарағанды облыстарының балалары. Олар біздің талаптарымызбен келісіп отыр. Себебі ол жақта да дәл осындай талап болған. Олар инфекциялық блоктың оқшауландырылған палаталарында жатыр, дәлізге шықпайды. Барынша қауіпсіздік шараларын қабылдауға міндеттіміз", – деді Нұрқан Сәдуақасов.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қалалық көпбейінді медициналық орталығы инфекциялық блогы директорының орынбасары Сәуле Атығаева карантинде жатқан адамдардың жағдайы қандай екендігін айтып берді.

"Пациенттердің жағдайы бүгін таңертең қанағаттанарлық болды. Олардың тарапынан айтарлықтай шағым жоқ. Интоксикация белгілері байқалмайды, тыныс алуларында кемшілік жоқ, дене қызулары шекті нормада. Медициналық қадағалау инкубациялық кезең бойына жалғасады. Бұл жерде жатқан пациенттердің басым бөлігі коронавирус инфекциясының таралу жоғары аймақта болған", – деді дәрігер.

Ауруханада жатқан пациенттердің бірі журналистермен  әңгімелесуге келісім берді. Оның айтуынша, пациенттердің телефондары да өзге заттармен бірге өңдеу үшін алынған. Дегенмен, аурухананың стационарлық телефоны арқылы байланысуға мүмкіндік бар.

"2016 жылдан Ухань қаласында болдым. 22 қаңтарда қалада карантин жарияланған кезде 100-ден астам адам болған едік. Мен және тағы екі студент эвакуациялау бойынша операцияны үйлестіруге көмек бердік. Эвакуациялау жоспарын бір апта бойы дайындадық.  Себебі нақты шешім болған жоқ. Соңғы уақытқа дейін Қытай өзге елдерге әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат бермеді", – деді Уханьнан келген қазақстандық студент.

Ол ауруханада жатқан адамдардың туған-туыстарына алаңдамауды өтініп, барлығының жағдайы жақсы екенін айтты. 

"Ұзақ уақыт Қытайда болған балалар өз нөмірлерін тіркеп үлгермеді және Қазақстанға келгеннен кейін олардың нөмірі өшіп тұр. Олардың ата-аналары эвакуациялау жоспарына сай Қазақстанға келгенімізді біледі.  Бірақ кім қай палатада екенін білмейміз", – деді студент қыз.

Сөз соңында ол қолдау көрсеткен мемлекет басшысына және отандастарына ризашылығын білдірді.

"Құрметті Қазақстан халқы! Біз барлығымыз Отанымызға оралдық және дәрігерлердің тұрақты бақылауындамыз. Бізде бәрі жақсы. шын ниетімін біз үшін алаңдаушылық танытқан барлығыңызға үлкен рахмет", – деді ол. 

 

 

 

 

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар