Қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қазасы қоғамда үлкен толқыныс тудырды. Қаралы қаза қайғысын өлең жолдары арқылы жеткізіп жатқандар да аз емес. Солардың бірқатары төменде ұсынылған.
Өлді Азамат!
Өлді қазақ!
Өлді арыс!
Өр намыспен алмастырды шерді арыс.
Мәнгүрттікті ажалымен көмді арыс,
Жендеттерді өлімімен жеңді арыс.
Тамды Алаштың жанарынан қанды жас,
Кек боп, өрт боп ұлт жанынан тамды жас.
Тұра алмайды енді билік басында
Өзге ұлттан кірген өңкей қаңғыбас.
Арыс өлді ар, намысты оятып,
Кек, қайратты қанымен боятып.
Анау төрдің төбесінен түйрейді
Әр қазақтың кеудесінен жай атып.
Ер қазасы − жаңа өмірдің ақ таңы,
Еркін елдің басқа “нұрды” жаққаны.
Ел құлпырар езгісінен құтылып,
Құлдырайды құрдымынан тақтағы.
Сопы Сматаев
Арысым-ай, арысым!
Шерлімін мен, шерім ешбір тарқамас,
Арысым-ай, зарлап жатыр алты алаш.
Бар қазақтың жыртып еді намысын,
Мұндай жүкті Аплатон да тарта алмас...
Арысым-ай, араша іздеп арыңмен,
Шарқ ұрдың ғой шартарапқа зарыңмен.
Оқшау едің ар жолында мұқалмас,
Оқшау едің бойыңдағы дарынмен.
Арысым-ай, жығылғандай бәйтерек,
Болмағанда сендей батыр қайтер ек.
Арамызда жүрсең әлі бауырым,
Оғлан деп орда бұзған айтар ек.
Қайғы-мұңға енді шерлі батам да,
Айрылғанда сенен енді жатам ба.
Ойландырып кеттің қара халқыңды,
Дабысың ғой кетті алыс жаһанға.
...Бишігешке арыстандай атылдың,
Бір өзің сен мың еріме татыдың.
Барша жұртың мәңгі ұмытпас, бақұл бол,
Бір ғасырда бір туатын батырым!
Бақытжан Тобаяқ-тегі
АҚ-ӘДІЛ
НҰР-СҰЛТАНДА
Бүгін болған бір өлім.
Шайлықтырды ОТАНЫМНЫҢ ЖҮРЕГІН.
Сен қаласаң иығымда, міне бас!
Мұңлық ОТАН,
Саған ғана құл едім.
Ол-Ақәділ.
Айтқаны да ақ, әділ.
Арпалыстың атауы ма жаңа бұл?!
Елемедік жан айғайды кеше біз.
Сені кеше танымадық "Жаман ұл"!
Сен-ақ айттың сол шындықты жай ғана.
Бәрі куә - көрші-көлем, айнала.
Сол үшін-ақ бас жарылып, қол сынып,
Сол үшін-ақ кісі өле ме қаймана?!
Шымбайына батқан сәтте шыншыл сын,
Шыңды балта қиып түскен қыршынсың.
Тоңы қалың топырағы Арқаның.
Топырағынан мен де салдым бір шымшым.
Ерлік, рух, бәрі бүгін өзіңсің!
Шыдай-шыдай шырт үзілген төзімсің.
Ақ тәніңе ауыр топырақ бастырдық,
Сен тыныштал!
Халқың тағы көз ілсін!
НҰР-СҰЛТАНДА.
Бүгін болған бір өлім
Шайлықтырды Отанымның жүрегін!
Алмас Ахметбекұлы
Құрбандық
(Дулат Ағаділ бауырыма)
Батыр өлді,
Анығында өлтірді..,
Жұрттың жанын ыза, кекке толтырды.
Шарасыздан жұдырық боп түйіліп,
Жең ішінде жасырулы қол тұрды.
Жігіт өлді,
Намысында елдіктің,
Туын байлап тұғырына ерліктің.
Еркектерше дәлелдеді деңгейін
Бұтындағы шалбар менен белдіктің.
Шындық өлді,
Шаранадай шыңғырып,
Қалың елді мазалауда мың күдік.
Шығып кетті жалғандыққа шыдамай,
Сатқындықтың терезесін сындырып.
Намыс өлді,
Ұлттың ұлы жолында,
Өзегі тар өз заңының қолында.
Сен еркінсің,
Есесіне, бейшара –
"Тоты құстар" таранады торында.
Мүмкін емес тұтанған от жанбауы,
Мүмкін емес ұйқының да қанбауы.
Қазақ үшін құрбандық қып шалуға
Бұл ғасырдың саған түсті таңдауы.
Ақиқатын айтар болсам шамалап,
Бәріне де уақыт қалды шамалы-ақ.
Аңыраған артыңдағы асықтай
Алты балаң Алты Алашқа аманат!
Әлібек Шегебай
Сен өлесің ел үшін болып құрбан,
Селт етпейді бірі де көріп тұрған.
Күні бойы мемлекет өсек соқты
Тірі адамын отыз жыл өлік қылған!
Сен өлесің...өлмейді өтірік тек!
Кекіріп боп сөйлейді кекілік көп.
Жырқ-жырқ етіп желіде жұртым отыр
Осындайда жылайтын өкіріп кеп.
Сен өлесің қор болып қорқауларға,
Көр қазады арланға көрғау қарға!
Қаннен ғана қаперсіз қазақ осы -
Жан салмайтын алдына сор таңдауда.
Дәурен Берікқажыұлы
Жыр жылайды...
(Екі өлең)
Заманды қайтем, адамды қайтем біртүрлі,
Жұлмалап жүрген жерімді, тілім, ғұрпымды?!
Тәуекел етіп түйілген жұдырығыңдай
Жұмылдыра алмай кеттің-ау, Дулат, жұртыңды...
Отыны күл боп, Отаны жатса зар жылап,
Біреулер үшін билігі - бақыт, қаржы - бақ.
Қаһарым қайда, қанымыз қатып қалған ба?
Батырлық қайда, қалған ба ол да қалжырап?
Рухы жасып, сағы да сынып, сыр қаңғып,
Отыз жетінің елесі елді жүр ме аңдып?
Омалып бір күн қалар ма екенбіз, ойпыр-ай,
Отыра берсек оғыз ұлдарды құрбан қып...
Айгүл Жұмаділ
Дулат Ағаділ өліміне
Бәріңнің де шенділерге өкпең көп,
Даурықпаңдар!
Оны ешкім тепкен жоқ,
Топқа салып, тарпымады көп жендет.
Ғазірейіл төнген кезде көктен кеп...
...Ол өзінің ажалымен кеткен жоқ...
Ақпан күні тауысқанда жарығын,
Үшеу кіріп, есін алып бәрінің,
Алға салып Алашының нар ұлын,
Алып кетті... айтпай сөзің анығын,
Түспеді еңсе, қушимады жауырын.
"Белсендім-ай, шылбырыңды босқа үздің,
Жоғын жоқтап неғыласың бес қыздың?
Жүретіндей құрық көрмей, бос тізгін,
Тұсауыңды кімге сонша кескіздің?" -
деді ме, әлде демеді ме үш құзғын?..
Көрінбесін соққы берген "сый" беттен,
Жендеттерді басқа әдіске үйреткен:
Сорлы болсын құр сүлдерін сүйреткен,
Іштен ұрып, тебу керек бүйректен...
Осы тәсіл талай ерді "билеткен".
Ол ашынған, жаны ауырған ұл еді,
Айналасы құлдық ұрған құл еді...
Абақтыға барғаны сол күн еді...
Аяқ асты "ұстап қалды" жүрегі.
Бәрін Алла, бәрін Алла біледі...
Бұл пенденің тіршілікте ісі көп,
Диірменді айналдырар күші көп.
Таңданбайық, оқиға ғой "кішірек":
Біздің елдің батырлары - "кісінеп",
Өзін-өзі атады ғой үш рет.
Талай ерді тізерлеткен дала бұл,
Талай езді қоқырайтқан қала бұл.
Аңыраған алты бала, ана бұл...
Арғы жақта соған қорған бола жүр -
Қашан қоғам орнар екен ақ, әділ...
Бақұл болғын, Дулат бауыр Ағаділ...
Есей Жеңісұлы
Ақырзаман таяғанда....
Қазақтың жауы қазақ болады,
Азаттығың азап болады.
Дауасыз дертің болады,
Формасыз ментің болады,
Ауладан аулағаны -
Шал менен кемпір болады.
Көлің құрғақ болады,
Өнім - қымбат,
Өлім - жұмбақ болады.
Көктегі "жұлдыздар" жерге түсіп,
Халыққа ойын ойнатады,
Жердегі үй аспанға ұшып,
Ұшақтың сорын қайнатады.
Сиырға жетпейтін пұлың болады,
Үшке бөлінген тілің,
Жетпіс үшке бөлінген дінің болады.
Қалалар "адам" болады,
"Даналар" надан болады.
Атқамінерлер Алладан қорықпаса,
Ақыры жаман болады!
Еркебұлан Қайназар
Пікір қалдыру