Ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің тергеу-жедел тобы бүгін әскери бөлімнен қару ұрлаған тағы бір күдіктіні ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Күдікті Шымкенттегі танысының үйінде жасырынған. Оның 2 "Макаров" жауынгерлік тапаншасын және әскери бөлімнен ұрланған травматикалық тапаншаны алғаны анықталды.
Бұған дейін ведомствоаралық топтың қызметкерлері сержанттан атыс қаруын сатып алған әскери қызметшінің 3 досын ұстады.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілердің бәрі қашып, полициядан жасырынған. Сондықтан күдіктіні ұстау үшін Алматы, Шымкент және Түркістанда секілді бірнеше қала, облыстарда тексеріс жүргізілген.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталып қана қоймай, сондай-ақ олар ұрланған барлық қаруды тәркілеуге мүмкіндік туды, – дейді құқық қорғау органдары. Бұл-29 “Калашников” автоматы, 28 “Макаров” пен травматикалық тапанша және 2 дана пышақ.
– Жалпы алғанда, бұл қылмыстық істер бойынша 8 адам күдікті ретінде анықталды. 4 әскери қызметші, оның ішінде бөлім командирі және тағы 4 азамат, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі .
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің әскери-тергеу бөлімі сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.
Пікір қалдыру