31 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады. Онда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы айтылған болатын. Осыған байланысты тарихи ғылымдардың докторы Дархан Қыдырәлімен сұхбаттасқан едік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялап, тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын күшейту үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Осы орайда саяси қуғын-сүргін қасіретімен қатар қазақ халқының басына ашаршылықтың түсірген нәубеті орасан болғаны жиі қозғалады. Ендігі жерде бұл ақтаңдақтардың ақиқатын қаншалықты ашып көрсете аламыз?
– Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері саяси қуғын-сүргінге қатысты көптеген жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, 1992 жылғы комиссия шеңберінде тарихымыздың ақтаңдақ беттеріндегі біраз ақиқатқа көз жеткіздік, 1993 жылы арнайы Жарлықпен осы атаулы күн белгіленді.
Саяси қуғын-сүргін қасіретімен қатар ашаршылыққа байланысты да көптеген зерттеулер жүргізілді. Дегенмен осы тұста бір айта кетерлік жайт, қоғамда ашаршылық мәселесі жеке қарастырылса деген пікір бар. «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған «Ғасыр зұлматы» атты дөңгелек үстел жиынында ғалымдар да осы ойды қуаттады. Жалпы қуғын-сүргін бүкіл кеңестік кезеңде жүрген зұлмат екені белгілі.
Жалпы, кеңестік кезеңде қуғын-сүргінге ұшырамаған халық кемде кем болды. Алайда, соның ішінде қазақ халқының талайына түскен сынақ аса ауыр болды.
Қызыл қырғында қазақтың қаймағы болған қаншама Алаш арыстары азапты айдауда болып, атылып кетті. Дегенмен халықтың жаппай қырылуы ашаршылықпен тікелей байланысты. 1918 жылы басталған, артынша 1921 жылы жалғасқан, оның соңы 1932 жылға ұласқан алапат аштықтың үш толқыны 3 миллионға жуық халқымызды жалмап кетті. Бұған сол тұста ұжымдастырудан қашып, кәмпескелеуге ұрынбас үшін шетел ауған, жолда көмусіз, сүйегі далада шашылып қалған қаншама боздақтарды қосуға болады. Ал ұжымдастырудан қашып, кәмпескелеуге ұрынбас үшін шетел ауған, азапты жолда қаза тауып, сүйегі далада көмусіз шашылып қалған қаншама боздақтарда, тіпті, есеп жоқ.
Бұл тарихты әлі толық зерттеліп бітті деп айтуға болмайды. Мамандардың пікірінше, бұған геноцид деп те баға бере алмаймыз. Себебі қасіреттің қолдан жасалғанын айғақтайтын нақты құжат жоқ. Дегенмен оның қазақтың басына түскен алапат қасірет екені анық. Осы зұлматта халықтың жартысынан көбінен айырылдық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталары да ашаршылық жылдарында шекара ауып, соның зардабын тартқанын естеліктерінен білеміз.
Бұл әрбір қазақтың шаңырағына үлкен нәубет болып түсті. Біз оны ұмытпауымыз керек. Зұлмат жылдардың құрбандарына лайықты деңгейде тағзым еткеніміз қазіргі буынға да үлкен тағылым болар еді. Үлкендеріміз бізге бір үзім нанды қастерлеуге үйретті. Себебі ашаршылықты көрген, жоқшылықтың тақсіретін тартқан ата-әжеміз алдындағы астың, бейбіт күннің қадіріне жете білді.
Бүгінде ондай көнекөз қариялардың қатары да сиреп бара жатыр. Сондықтан уақыт оздырмай олардың да аузынан тың деректерді жазып алу қажет. Бұған қоса бүкіл өңірдегі, облыстар мен аудандардағы, қажет болған жағдайда көршілес елдердегі архивтерді ақтара отырып, осы алапат қасіреттің құрбандарын түгендеу, оларға белгі орнату, көрген қасіретін бүгінгі ұрпаққа тағылым ету игілікті іс болары анық. Мұның бәрі ашаршылық құрбандарын арнайы еске алып, тағылым мен тағзымға толы «алапат қасірет» күні ретінде белгілеу арқылы ерекшелене түсер еді деп ойлаймын.
Дереккөз: kazinform.kz
Пікір қалдыру