Біздің елде «Баспана» деп аталатын жыр бар. Ол жырды бүкіл қазақ жатқа біледі. Бірақ дәуірлер дөң асқан сайын ол жырдың мотивіне өзгерстер енуде. Мәселен бұрындары аға буын пәтерден пәтерге көшкен қиындықтарын орыстың кемпірімен сабақтастырып отырып айтып беруші еді. Ал қазіргі жас отбасылар да сол буын секілді көшіп, қонып жүр. Бірақ пәтер иесінің тіс батыруы, мінез танытуы деген мәселеде тек қана «сары тілдің» өкілдері кейіпкер емес, сонымен қатар, өзіміздің қазақтардың да қаталдығын аңғаруға болады. Неге? Кейбір қандастарымыз өзінің де көшіп-қонып жүрген заматын тез ұмыта қалған ба? Олай етпегенде қайтсын? Кімнің басынан кім сипапты? Қала - қатал өмір! Қаланың тамырының тынысын естігің келген екен, бауырмалдық деген ұғымды ұмытуға тиіссің? Сенің басыңнан ешкім сипамағаны секілді, сенің де біреудің басын сипап отыруға мұнда мұрша жоқ. Жақсы, мұны өмірдің бір қалыптасқан қатаң да , қасаң қағидаты деп қарастырайық та, осылай жылы жауып қоя тұрайық. Анығында осы «баспана» жырын бізді далалық мінезден айыруға арналған үлкен бір жүйе деп қарастыруға болады. Отырықшы болдық, қалаландық деген ақталу дәйектерін былай ысырғанда, біз бастапқы болмысымыздан жұрдай болдық. Егер бір қазақтың баспанаға жету мүмкіндігі бар болса, ол сол мүмкіндікті бірнеше рет пайдаланып қалғысы келеді. Себебі мүмкіндік деген оңайлықпен берілмейді ғой. Сондықтан біздің қоғамда кейбіреулерде бірнеше пәтер бар, ал кейбіреулерде оның біреуі де жоқ. Оны мемлекет реттей де алмайды. Себебі пәтер алу мүмкіндігі бар адам да ақымақ емес, сенімді таныстың атына тіркеп, мемлекетті алдастыруға болады. Егер мемлекеттің баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарламаларына көз жүгіртсек, көңіліміз пәс болары анық. Рас, қандай жолмен болса да адамдар үй алып жатыр. Олардың арасында арнайы бекітілген бағдарламаға сәйкес келетіндер де, келмейтіндері де бар делік. Бірақ қаланың әкімі ауысқан сайын қоғамға сіңірген еңбегін бұлдап бірнеше мәрте үй алғандар да бар. Ортаға танысын салып жаңа пәтер алып, өзі тұрған үйді жалға беріп қоятындар да жоқ емес. Бірақ біздің елде пәтерді жалға беретіндерден мемлекетке пайда түсе қоймайды. Себебі көбі пәтерін жалға беретіндіктері туралы ақпаратты құпия ұстағанды құп көреді. Неқұрлым арзанырақ пәтер тапсам деп ниеттенетін пәтер жалдаушы қожайыннан пәтерінің заңды түрде жалдамалы екендігін талап етуге құлықты емес. Ал анығында пәтерді жалға берушілерден мемлекет салық ұстайтын болса, айтарлықтай табысқа кенелген болар еді. Осылай алып шаһардың өмірі өтіп жатыр. Бұл қаланың қақ ортасындағы тірлік қой. Ал қала сызығына енді кірген аумақтарда «Баспана» жыры бөлекше өрбиді. Өзі ауылдан келіп, жоқты барға ұластырған қазақ үйін салады. Қаладағы өмірі өрге басып, қоң көтере бастаған соң, есігінің алдына ұзын сонар, бірнеше бөлмелерден тұратын үй салынады. Ондай бөлмелерде базарларда сатушы, көлік жуатын жердің жұмысшысы, асханада, қысқасы қара жұмыс жасайтын қазақтар тұрады. Айына тапқан азын -аулақ ақшаны қожайынмен бөлісіп «қалалық» қазақтардың өмірі өтіп жатыр. Сол бөлмеде тұрып көбейіп, тіршілігін дөңгелетіп, жер алып өмірін ретке келтіріп жатқандар да жоқ емес. Он сотық жерге пәтержалдаушыларға арналған бөлмелер салып, «бизнеспен» айналысып жүрген қазекемдер де бар. Осылайша бірімізді-біріміз қанап, арасында ұлттың мәселесін айтып қойып, дәуірмен бірге дөң асып барамыз. Қараңызшы, халықты байшыкештер мен әкім қаралар ғана қанамайды екен. Мүмкіндік болса, жылжымайтын мүлігімзді бұлдап, үйсіз жүрген байқұс қазаққа несиемізді төлетіп қойғанды біз ар санамайды екенбіз ғой. Несиеге банктен үй алып, сосын мемлекеттік кезекте тұрған үйдің кезегі келіп қалып, сол үйге көшіп барып, ал анау үйді жалға беріп қойған танысым көп. Олардың бұл әрекетін артық мінеуден де аулақтанады екенсің. Себебі ол мемлекеттің бағдарламамен кезегі жылжитынына күмәнді болды. Осылайша өзінше әрекет жасай бастайды. Ал біз халықты бүгінгі жүйе мен сол жүйені жасаушыларға сенім артпағаны үшін кіналай аламыз ба? Кезекті ары да бері ақшасы барлар жылжытып жатқанын көрген адам қалайша қосымша әрекет жасамайды? Бұл баспанаға қатысты орын алған, баспасөздерде жиі талқыланған жайттар ғой. Ғаламдық дағдарысқа байланысты нарықтағы пәтер бағасының төмендегенін байқап отырмыз. Мұндай жағдайда тұрғынүй кешендерін салып қойған ірі компаниялар пәтерлерді жылдам өткізуді құп көреді. Мемлекеттік бағдарламалармен берілетін үйлердің де теңгенің құндырақ кезінде өз иесін тапқаны қолайлы. Сондықтан сарапшылардың баспана қолжетімді бола бастайды деген болжамына сенуге болатын секілді.
Айнұр Төлеу