Естеріңізде болса, осыған дейін «Қамшы» порталында «Қазақстанға құпия қару қолданылып жатыр ма?»(http://old.qamshy.kz/?p=24170) атты мақала жарық көрген болатын. Онда «Қамшы» порталы "себепсіз" сырқаттардың салдарынан іздестіріп көрген еді. Соңғы жылдары Қазақстан медицинасы мен экологтары дәрменсіздік танытқан оқиғалар тізбегін жариялаған. Соңғы уақыттарда бүкіл Қазақстанда орын алып жатқан түрлі апаттардың себебі әлі күнге жұмбақ қалғанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Десе де, бұған аса мән беріп жүргеніміз шамалы. БАҚ біраз уақыт бажайлағанымен, мәселенің ізіне май шам алып түскен ешкім жоқ-ты. Бұрын соңды, құлақ естіп, көз көрмеген жұмбақ апаттарға шет елдерден маман алдырып, зерттегенімізбен тұжырымдамада көрсеткен себептерге сенгіңіз келмегені де жасырын емес.
Енді міне, Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылында балалар талып қалуда деген ақпарат БАҚ-та жарық көрді. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылының кейбір оқушылары Орал қаласындағы көпсалалы ауруханада да талып қалған.
Өткен жылдың қараша айынан бастап Березовка ауылында бірнеше рет оқушылардың жаппай талып қалу оқиғасы болғаны туралы жазған болатынбыз.
Ауыл тұрғындарының көбі мұның себебін Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінен шығатын зиянды қалдықтардан көреді екен. Өйткені, кеніш ауылдан бес шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Ал консорциум басшылығы "барлық қалдықтар мен газдар экологиялық талаптарды сақтай отырып шығарылатынын" айтып ақталған.
Орал қаласында ауруханаға түскен оқушылар бірнеше мәрте естерінен танып, қол-аяқтары құрысып қалған. Ата-аналардың айтуынша, лагерь тәрбиешілері болған оқиғаны жасырып қалмақ болған. Лагер жетекшісі 38 баланың демалып жатқандығын, ешқандай да талу фактісі тіркелмегенін айтқанымен, ата-аналар қалалық ауруханаға барған соң, бәріне көздері жеткен. Ал аурухананың бас дәрігері оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан.
Ал былтыр қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында бір күнде 30-дан астам бала талып қалғанда, ауруханаға басы айналып, денесі тырысқан 31 адам жеткізілген (http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_berezovka/27182391.html). Ол кезде дәрігерлер «газ баллонынан уланған немесе шаршағанның әсері» деген алғашқы болжам жасаған. Сәуірдің ортасында балалары уланған ата-аналар "ұйқы дертінің" белгілері де байқала бастағанын да айтқан еді.
Сәуір айының басында Қазақстанға келген БҰҰ-ның улы қалдық заттар жөніндегі арнайы өкілі Башкут Тунчак Ақмола облысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылы тұрғындарын көшіру қажет деген.
Тізбелей берсең, жан шошытарлық «Калачи, Березовкадағы ұйқы дерті, екпеден кейін екі бүктетіліп қалған балалардың мүшкіл хәлі, 180 мыңға жуық ақбөкеннің себепсізден себепсіз қырылып қалуы мен Атыраудағы балықтардың қырылуы, Шығыс Қазақстандағы құстардың адамдарға шабуылы, Талдықорғандағы жігіттің 4 сағат сіресіп қалуы, жасөспірімдер арасындағы суицид, түсік тастау көрсеткішінің артуы, әйелдердегі бедеулік пен еркектердегі белсіздіктің артуы, қайнар көздері белгісіз азық-түліктер, діни ағымдардың әлегі т.б.» оқиғаларды да көзімізбен көрдік, шарасыздық таныттық. Құзырлары қолында тұрған, биліктің биігінде жүрген көкелеріміздің өздері дәрменсіздік танытып отырған жұмбақ аурулар мен жұмбақ шабуылдардың астарында әлде кімдердің ұлтты құрту, мемлекетті жою пиғылы жатқан жоқ па деген сұрақ өзінің маңыздылығын жоғалтпай отырғаны да рас.
Нұргелді Әбдіғаниұлы