Порталымызда жарияланған Құралай Омардың «Мен ештеңеден қорықпаймын» атты сұхбаты біраз оқырманды бейжай қалдырмады. Сан алуан пікірлердің жазылғаны – соның дәлелі. Міне, сондай бір пікірден туындаған мың сан ойды оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.
Бұл мақалада интернетте жарияланған қазақ поэзиясына айтылып жатқан сын, дәлірек айтсақ, кәсіби емес (маман болып көрінгісі келіп, терминдерді пайдаланса да, жазып отырғаны жөнсіз екені көрініп тұратын) сын жайында бірер ой қозғағым келіп отыр. Интернетте өлеңдер жарияланып және сол өлеңдерге оқырмандар пікірлерін білдіретін мүмкіндік пайда болғаны қуантатын жайт. Алайда, әр жетістіктің көлеңкелі тұстары да болады. Ақынның ақындық бағына қызғаныш танытатындарға да мол мүмкіндік туып отыр. Бақталас әріптестері, не өмірде ұнаспай қалған адамдары бүркеншік ат жамылып, тасадан тас атып ақынның абыройын төгуде, жеке басына тіл тигізуде. Ондай әрекеттердің ақын өнеріне әсері бола ма деген сұраққа, өкінішке орай, иә деп жауап беруімізге тура келіп тұр. Неге десеңіздер, ақынның өнерінен хабары жоқ біреулер сондай сын-пікірлерді оқып қалса, «е, мынау нашар екен, мынау жақсы екен» деген жалған ой түйеді. Отырған ортасында бірнәрсе білетін адам болып сол әңгімені әрі қарай таратады.
Мына бір «сыншының» пікірін мысал ретінде қарап көрейік.
Мұң мені жатты қамап,
Көзде шық жылтылдайды.
Көрмеген сәтті санап,
Тек сағат сыртылдайды.
Сағыныш сіңіп қалған
Жүрегім тоқтар ма еді.
Қанатым сынып, талған,
Ұшуға жоқ дәрменім.
Бес күндік жалғанымның
Өртеді күйіктері.
Бұлттай ақ арманымның
Ең асқақ кейіпкері,
Маржан сөз төске теріп
(Белгілі ұтыларым),
Сізге арнап тост көтеріп,
Жасымды жұтып алдым.
Туған күніңізбен!
Бірінші шумағы не мына өлеңнің? «Мұң қалай қамайды?» Бұл не абстракция ма? Көзде шық жылтылдай ма, мөлтілдей ме? Көрмеген сәттер үшін сағат жауапты емес. «Сағыныш сіңіп қалған», Сағыныш сұйықтық, болмаса иіс емес, сіңіп қалатын. Бұл логикалық қателік. «Қанатсынса» қалай талады? Сынды делік, ендеше ұшуға жоқ дәрменім деген не сонда? Ол онсыз да түсінікті емес пе? Ой шұбалаңқы. Келесі шумақтағы күйіктері мен кейіпкері мүлде ұйқаспайды. Күйігі өртесе арманы қалай асқақ болмақ? Бір шумақтағы қарама-қайшы екі ой. Соңғы шумақ тағы сөздер ойға, загатовкадағы шумаққа арнайы ұйқастырылған. Былайынша айтқанда, мына өлең өлең емес. Мұндай өлеңдер Құралайда жеткілікті. Тақырып ауаны да тар. Мұң деген сөз миллиондап кездеседі. Сөздік қоры нашар ма әлде ақынның? Бақытгүл мына өлең поэзия ма, айтшы. Поэтикалық әуен, ритмаралық қуат, параллелизм қайда? Ойлық баланс қайда? Жымдасқан тұстары кәне. Жүректі езіп жібере жаздайтын? Комбинациялық жүйелерді де көре алмадым. Кешіріңдер, шындықты айтқаным арқаларыңа батса. Қазіргі буын сендерді таптап кетті.
Өлеңді мұқият оқып шықтыңыздар деп ойлаймын. Жазылған сынын талдайық.
«Мұң қалай қамайды?»Бұл не абстракция ма?» депті.
Поэзияда лирикалық кейіпкердің жағдайына байланысты мұңның сан қыры көрсетіледі. Әр ақын өзінше жырлайды. Олай болмаса несі ақын? Штамптардан мүмкіндігінше аулақ болуы – ақын талантының көрсеткіші! Мұндағы «мұң қамады» дегені: шабыттанып шалқи алмай, еңсем жаншылды деген ойды білдіретіні айдан анық көрініп тұр.
Көзде шық жылтылдай ма, мөлтілдей ме?
Бұнысын енді қалай түсінеміз? Көлді неге «айна», күнді «алтын табақ» деп атадың дегенмен бірдей болып тұр. Сыншының әдеби сауатсыздығы ма бұл? Жаңаша суреттеуге қарсылық көрсетіп, тілдің дамуына тосқауыл қоюда. Егер түсініп болуға болмайтындай етіп суреттеген болса, пікірін оң деп қарауға болар еді. Бұл деген ақынның ізденістеріне жасалған қиянат қой.
Көрмеген сәттер үшін сағат жауапты емес.
«Көрмеген сәтті санап,
Тек сағат сыртылдайды.»
Осы екі жолды қалай оқысам да сағатты кінәлап тұрған сөзді көре алмадым. Сағатты жауапқа тартып жатқанын қайдан шығарып алды?
«Сағыныш сіңіп қалған», Сағыныш сұйықтық, болмаса иіс емес, сіңіп қалатын. Бұл логикалық қателік.
«Сандалғаны-ай санамның сан бөлініп,
Тамырымда тулайды қан желігіп.
...........................................................
Сағыммен сағым боп еріп барам,
Көңіл сұрар пенде жоқ келіп маған»
(М. Мақатаев «Жүрек демін алғанда»)
«Қанат сынса» қалай талады? Сынды делік, ендеше ұшуға жоқ дәрменім деген не сонда? Ол онсыз да түсінікті емес пе? Ой шұбалаңқы.
Сөйлем мінсіз құрастырылмаса да, ақынның не айтып тұрғаны түсінікті. Құс, не ұшақ сияқты ұшу жөнінде айтылып тұрған жоқ бұл жерде. Қанатты да тура мағынасында түсіну ағаттық болар, сол себепті оның сынуын тура түсінудің қажеті шамалы. Сыну мен талудың арасында үтір бар екенін ескеру керек.
Келесі шумақтағы күйіктері мен кейіпкері мүлде ұйқаспайды. Күйігі өртесе арманы қалай асқақ болмақ? Бір шумақтағы қарама қайшы екі ой.
Расында үтір мен нүктенің қалай қойылғанын көрмеді ме? Шумақтың соңғы екі жолы келесі шумаққа қатысты екенін түсінуге өресі жетпеді ме? Әлде, әр шумақтың сөйлемдері өзінде басталып, өзінде біту керек деп заң шығарып отыр ма? Бұлай жазу ақынның ашып жатқан жаңалығы да емес, бұрыннан қалыптасқан әдіс. Әлем поэзиясымен терезесі тең жатқан М.Цветаеваның өлеңдерінің бірсыпырасы осылай жазылған. Бастапқы сыныптарға арналған өлеңдерді бұлай жазуға болмайтын шығар, әрине, бірақ ересектерге бұны ұғыну оңай ғой.
Соңғы шумақтағы сөздер ойға, загатовкадағы шумаққа арнайы ұйқастырылған.
Не айтқанын түсінбедім. «Ойға, загатовкадағы шумаққа» деп нені айтып тұр? Келесі шумақты айтып тұр деуге де келмейді, себебі өзі соңғы шумақ. Нені арнайы ұйқастырған? Абайсызда ұйқасып қалу керек пе еді? Ақынға бір мін тағып тұрғаны ғана белгілі, не мін екені түсініксіз.
Былайынша айтқанда, мына өлең өлең емес.
Бұл өлеңді өлең емес екенін көрсеткен дәлелі қайда? Орынды-орынсыз, әйтеуір мінеп тастаса болды, өлеңді қаралай беруге бола ма? Олай болса кез-келген өлеңге дәл осындай мін артып, өлең емес деп үкім шығара беру еріккеннің ермегіне айналмай ма?
Мұндай өлеңдер Құралайда жеткілікті.
Құралайдың осы өлеңін оқырмандары сүйсініп оқып, әріптестері жоғары бағалаған. Ерігіп отырып құрастыра салмағаны бір оқығанда-ақ көрініп тұр. Лиракалық кейіпкерінің мұңы мен шарасыздығы әсерлі жеткізілген. Осы сияқты оқырмандарын тауып жататын өлең қай ақынның болмасын ең ізі тілектерінің бір шығар.
Тақырып ауаны да тар.
Тақырып ауанын ақын өзі таңдамағаны дұрыс болар. Құдайдың берген «тақырыптарында» ғана жазғаны абзал. Әрине, нені жаза алатынын, нені жаза алмайтынын білу үшін мүмкіндігінше көбірек бағыттарда қалам тартып көру керек. Махаббатты жырлағанда ғана шын таланты көзге ұратын ақынға, неге қоғамдық мәселелерге қатысты жазбайсың деу, махаббатты мандытып жырлай алмайтын ақынға, сенің өрісің тар, «(ұлы) махаббатты» жырлай алмасаң несіне ақынсың деу орынсыз әңгіме. Құралайдың қандай тақырыптарда жазып жүргенін біз біле бермейміз. Сәтсіз шықты деп жарияламай қойған қанша жыры бар екенін де білмейміз. Мүмкін, Орхон жазбалары жайында поэма жазып жатқан шығар?
Мұң деген сөз миллиондап кездеседі. Сөздік қоры нашар ма әлде ақынның?
Ақынның шығармашылығын жалпы мінеп отырған болуы керек, себебі талданған өлеңде мұң бір-ақ рет кездеседі. Мұң жайлы жазған болса, енді қандай сөзді қолдануы керек? Жұмбақтап жазуы керек пе?
Поэтикалық әуен, ритмаралық қуат, паралелизм қайда? Ойлық баланс қайда? Жымдасқан тұстары кәне. Жүректі езіп жібере жаздайтын? Комбинациялық жүйелерді де көре алмадым.
«Сыншымыздың» не талап етіп отырғаны тағы да түсініксіз.
Оқырмандары робот емес, жүрегі бар адамдар болғандықтан, өлеңнің берер нәрін сыртқы келбетке айырбастамауы ақыл. Осы мақалаға ізденіс барысында Фариза Оңғарсынова апамыздың «Айқын» газеті бетінде Құралай жайында айтқанын тауып алдым: «Жастар бүгін тіл, тәуелсіздік, Отан туралы жазуға әуес болып алған. Бірақ сол жазғандары жүрекке жетпейді. Ал Құралайдың ерекшелігі өзінің ішкі сезімін, жеке адам ретінде жан дүниесін сілкінткен дүниелермен қатар, өзіне ғана тән көңіл күйін қағазға түсіреді. Бәзбіреулер сияқты халықтың көңілінен шығатын дүние жазам деп тыраштанбайды. Өзінің ішкі әлеміне көп үңіледі. Ұйқасы, ырғағы, сөз саптауы нағыз поэзияның ұшқыны атып тұрған бейнесіндей көрінді. Қыз баланың поэзияда жолы ауыр болады. Ер адамдарға қарағанда, олардың мойындалуы да қиын. Бірақ Құралай өзінің осы табиғи қалпынан айнымайтын болса, жақсы ақын шығатыны күдік тудырмайды. Біз одан үміт күтеміз»,– деп айтыпты.
Жымдасқан тұстары кәне. Жүректі езіп жібере жаздайтын? Не сұрап тұр? Қайталау? Анафора? Лейтмотив? Өз ортасында пайдаланылатын диалект сөз бе «жымдасқан» дегені?
Жүректі «езіп» жіберетін әсерлі тұстарды«жымдасқан» деп тұрған шығар? Егер әсері жайлы айтатын болсақ, Құралайдың жырлары – өз оқырманымен қауышқан бақытты жырлар. Сөзім жалаң болмас үшін интернетте жарияланған өлеңдеріне жазылған пікірлер мен лебіздерді қарап көрулеріңізді сұраймын. Ақын барлық адамға ұнай бермеуі мүмкін, сол үшін оған ауыр сөз айтуға бола ма? Бір ақыны айтыпты: он оқырманның біреуіне ұнасам жектілікті деп. Сан түрлі талғам болғандықтан, сан түрлі бағыттардың пайда болғаны да содан. Бұл талабы да ақынды табалауды мақсат еткендіктен туғаны көрініп тұр.
Комбинациялық жүйелерді де көре алмадым. Комбинациялық жүйе дегені не? Нелердің комбинациясы? Бұндай жалпылама сөзбен кез-келген ақынға тиісуге болады, себебі нені мегзеп тұрғаны белгісіз.
Кешіріңдер, шындықты айтқаным арқаларыңа батса.
Шындықты айтса, кешіру емес, рахмет айту керек. Бұл «шындық» айтқышымыздың шындық деп шимайлағаны ақынның жеке басына тиісу ғана екенін көрдік талдау барысында.
Қазіргі буын сендерді таптап кетті.
Міне, әңгімесінің мәні неде! Басып озды, не асып түсті демеген, «таптап» кетті деп кекірейген. Құралайға ғана емес, басқа да ақынға осылай әділетсіз сын-пікір жазып кеткенін көрдім. Осындай жолмен «қазіргі буын» ақындарының оқырман санын көбейту саясатына көшудің де қажеті жоқ және талантына сенетін ақынға да бұндай лас жолдың керегі шамалы. Шын өнер әділ бағаға мұқтаж.
Райымбек Боз
Пікір қалдыру