Әлімғазы Дәулетхан - 70 жаста

/uploads/thumbnail/20170708151044087_small.jpg

 

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология Институты 2013 жылдың 1 қазанында танымал ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Институттың жетекші ғылыми қызметкері Әлімғазы Дәулетханұлының 70 жылдық мерейтойына орай Ғылыми Кеңестің кеңейтілген отырысын өткізеді.

Әлімғазы Дәулетханұлы қазіргі Қазақстан тарих ғылымының танымал өкілі, оның негізгі ғылыми зерттеу жұмыстарының мазмұны Түркеш қағанатының құрылуы, түркештердің этникалық құрамы ежелгі руникалық түркі жазбаларындағы Түркеш қағанатына қатысты деректерді қарастыруымен, қазақ халқының рухани-мәдени дамуын зерттеумен  ерекшеленеді. Ғалым 200-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік зерттеулердің, оның ішінде 2 монографиялық еңбектің және оқу құралдары мен оқулықтардың авторы.

Ә. Дәулетханұлының ұзақ жылдардағы ғылыми ізденістерінің жиынтығы ретіндегі «Ежелгі және орта ғасырлардағы түркілер» атты көлемді зерттеу еңбегі біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдық пен б.д. VІІІ ғасырына дейінгі тарихи оқиғалардың маңызын зерделеуге арналған. Сондай-ақ «Түркеш қағанаты» (692-766)» монографиялық еңбегі қазақ тарихының ғасырға жуық ақтаңдағын айқындап, түркештердің этникалық құрамы, этноаумағы, ел билеу үрдісі, дипломатиясы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық және мәдени жағдайына қатысты көптеген тың және нақтылы мәліметтер негізінде жазылған.

Ә. Дәулетханұлы Отан тарихының ежелгі және ортағасырлардағы өзекті мәселелеріне, тарихи тұлғалар мен тіл, діл мен дін мәселелеріне арналған ғылыми мақалаларымен қатар, Қазақ тарихының көкейкесті тақырыптарына арналған республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларларда жасаған мазмұнды баяндамаларымен Қазақстан халықтарының рухани өсуіне, ұлтаралық жарасымдылық пен бірліктің салтанат құруына үлес қосып келеді.

Мерейтой иесінің әріптестері мен дос-жарандарын, шәкірттерін және өзге тілектес көпшілікті мерейтойлық іс-шараға қатысуға шақырамыз.

Ғылыми кеңес «Ғылым Ордасы» ғимаратының Кіші залында сағат 15.00-де өтеді.

Мекен-жайы: 050010, Алматы қ., Шевченко к., 28, 3-қабат.

Анықтама телефондары: 8(727) 2 616557, 8(727) 2616719

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты  Ұйымдастыру комитеті

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар