Өткен аптада Алматыда шетел қазақтарына арналған Халықаралық өнер фестивалі өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті өткізген бұл іс-шарада әлемнің түкпір-түкпірінен келген бауырларымыз өнер көрсетті. Фестиваль аясында өткізілген жыр мүшәйрасы, термешілер жарысы және суретшілер көрмесі өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда өткен атаулы жиынға өз еліміздің айтулы өнер майталмандары қатысып, жас таланттардың өнеріне қазылық етті. Айта кетерлігі бас-аяғы екі күнге жоспарланған Халықаралық өнер фестивалі өте жоғары деңгейде өтті. Көрермендердің көзайымына айналған жас өнерпаздар жиналған қауымды ерекше таланттарымен тәнті етті. Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы жиналған қауымға аталы сөз айтып, Қазақстан мемлекеті әлемнің әр түкпіріндегі қазаққа әрқашанда қамқор болатындығын жеткізді.
Жыр мүшәйрасының жүлдегерлері:
Бас жүлде(150 мың теңге) – Есбол Нұрахмет(Қытай)
Бірінші жүлде(100 мың теңге) – Наурызбай Жарбосынұлы(Өзбекстан)
ІІ орын(80 мың теңге) – Жандос Аманжолұлы(Моңғолия)
ІІІ орын(50 мың теңге) - Мүбәрак Қизатұлы(Қытай)
Ынталандыру сыйлығы(30 мың теңге) – Жарасқан Нұрбаев(Өзбекстан)
Жыр-термешілер бәсекесінің жүлдегерлері:
Бас жүлде(150 мың теңге) – Мұқатай Баймұхаммет(Қытай)
Бірінші жүлде(100 мың теңге) – Сәнтия Өнерханқызы(Қытай)
ІІ орын(80 мың теңге) – Қадыхан Манайұлы(Моңғолия)
ІІІ орын(50 мың теңге) - Жазира Сарқытбекқызы(Қытай)
Ынталандыру сыйлығы(30 мың теңге) – Заңғар Еркебекұлы(Қытай)
Суретшілер байқауының жеңімпаздары:
Бас жүлде(150 мың теңге) – Баймұханов Г.С (Ресей)
Бірінші жүлде(100 мың теңге) – Омархан Құмар(Қытай)
ІІ орын(80 мың теңге) – Амантаев Алижан(Қырғыз елі)
ІІІ орын(50 мың теңге) - Өмірзақ Гүлназым(Моңғолия)
Ынталандыру сыйлығы(30 мың теңге) – Мәмбетов Рустам(Өзбекстан)
Самғар Рахым, көрермен:
– Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген бұл іс-шараға көрермен болғаныма өте қуаныштымын. Әлемнің әр түкпірінен келген Алаш баласының өнерін тамашалау екінің бірінің маңдайына жазыла бермес. Жалпы, мұндай іс-шаралардың арасы алыстап кетпеу керек. Маусым сайын ұйымдастырылып отырса тіптен құба-құп. Бұл өте құптарлық жиын.
Толқын Исакова
Masa.kz
Пікір қалдыру