Дүниежүзінде 14,1 миллионнан астам адамға КВИ жұқты. Қазақстан қай орында?

/image/2020/07/07/crop-1_1_279x495_crop-8_10_830x1476_ap_20176069929703-pic4_zoom-1500x1500-77199.jpg

Коронавирусқа байланысты әлем елдерінің статистикасын жариялап отыратын Worldometers.info сайтының 18 шілдедегі дерегінше, дүниежүзінде 14,1 миллионнан астам адамға COVID-19 жұқты. Вирустан өлгендер саны 600 мыңға жуықтады. 

Індеттен ең қатты зардап шегіп жатқан ел – АҚШ. Елде вирус жұқтырғандар саны 3,7 миллионнан асып кетті. Өлгендер саны 142 мыңның үстінде. Дүниежүзі бойынша коронавирус жұқтырғандардың төрттен бірі осы елде. АҚШ халқының саны 331 миллионның үстінде екенін ескерсек, ел азаматтарының 1 пайыздан астамына коронавирус жұққан деуге болады. 

Әлем елдерінің арасында жұқтырғандар саны бойынша да, өлім бойынша да екінші орында тұрған – Бразиялия. Соңғы мәліметке сай, елде 2 миллионнан астам адамнан COVID-19 анықталды. Бразилия – вирус жұқтырған азаматтарының саны екі миллионнан асқан екінші ел. АҚШ сияқты бұл елде де халқының 1 пайызы індетке шалдыққан. 

Халқының саны 1,3 миллиардтан асатын Үндістанда вирус жұқтырғандар саны 1 миллионнан асты. Бірақ бұл елдегі статистикаға көптеген халықаралық ұйымдар күмәнмен қарайды. Олардың ойынша, Үндістанда коронавирусқа шалдыққандар саны ресми статисткадағыдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. 

Коронавирус Африка материгіндегі ең үлкен мемлекеттердің бірі – Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) да өршіп тұр. Бұл ел вирус жұқтырғандар саны бойынша дүниежүзінде 6-орында тұр. Елде COVID-19 табылған адамдардың саны 337 мыңның үстінде. 

ОАР-дан кейінгі орында тұрған Мексикада да вирус жұқтырғандар саны 331 мыңнан асты. Соңғы тәулікте елде 7257 адамнан коронавирус табылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Мексика коронавирус тез таралып жатқан елдердің қатарында. Соңғы ресми ақпаратқа сай, елде коронавирустан өлгендер саны 38 310-ға жетті. Бұл – әлем бойынша төртінші көрсеткіш. 

ДДСҰ-ның дерегінше, коронавирус жылдам қарқында тарап жатқан мемлекеттердің бірі – Қазақстан. Соңғы ресми ақпаратқа сай, елде коронавирусқа шалдыққандар саны  68 мыңнан асты. Ал өлгендер саны – 375 адам. Қазақстан қазір вирус жұқтырғандар саны жөнінен әлем елдерінің арасында 29-орында тұр. Бірақ елдегі сарапшылар ресми статистикаға күмәнмен қарайды. Өйткені елде коронавирусқа шалдыққан адамдардың біразына пневмония диагнозы қойылған. Кеше ел билігі тамыз айынан бастап коронавирус және пневмониямен ауырғандар бір статистикаға біріктірілетін хабарлады. 

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар