Алтын Ордада "хрен" жоқ. Ақжелкек шынымен де коронавирусты емдей ала ма?

/image/2020/07/18/crop-91_19_664x1181_whatsapp-image-2020-07-18-at-14.22.23.jpeg

"Алтын Ордада "хрен" жоқ. Күні бұрын тапсырыс беріп қойып, ертесі алып жүрміз. Бұрын бумасын 50 теңгеден сататынбыз. Қазір өзіміз 250 теңгеден аламыз". Бұл көкеніс дүкенінің сатушысы Ақеркенің сөзі. Соңғы бір-екі аптада қазақстандықтар ақжелкекті жаппай сатып алып жатыр. Оған өсімдік тамыры "коронавирус пен пневмонияға мың да бір дауа екен" деген әлеуметтік желіде желдей ескен әңгіме себеп.

Facebook желісінде ақжелкектің пайдасы туралы кең тараған жазбалардың бірі – журналист Серік Әбікенұлының жазғаны. Оның сөзінше, өсімдік тамыры иіс сезуге көмектескен.

"Кешелі бері тәжірбиеден өткен бір ем-дом жайлы жазайын. Үйде үлкен кісі, келіншегім, қызым ауырып жатыр. Ұлым күндіз-түні дәріхана аралап жүріп керек деген дәрінің бәрін тапты. Бірақ қымбат система мен уколдан ешбірі сергіп кетпеді. Күрк-күрк, ырс-ырс. Қыз бен шешесі иіс сезбейді. Содан кеше мына хрен (қазақшасын білмейді екем) туралы естіп, оқыдым. Тамырын қазып, жуып 60-70 грамдайын үгіткіштен өткіздім де екі қасық  бал қосып, су қүйдым. Ащылау тұнба болды. Содан әрқайсына екі ас қасықтай мөлшерде ішкіздім. Жарты сағаттан соң қызым: Ура! Мұрным иіс сезді! – деді. Үш сағат сайын жаңағы мөлшерде ішті. Кеше қинала демалып отырған үлкен кісі бүгін таңда маған ұрсатын күш жиып алыпты, әйелім үй жинап жүр. Апта бойы сорғалаған тер сап тиылған. Жұма бойы алған дәрілері ме, тұнба ма әйтеуір бүгін көңіл-күйлері жақсы. Иіс сезуге хрен көмектескені анық енді" деген журналист өсімдік тамырының дәмі ащы екенін, асқазанында жарасы, аллергиясы барлар жолауға болмайтынын, бұл насихат емес, өзі қолданған ем жайлы айтсам деген ойы екенін жеткізген.

Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов ақжелкектің шипалық мүмкіншілігі мол екенін айтты.

– "Хрен" халық медицинасында бұрыннан пайдаланылып келеді. Оны үгітіп, қоспа жасауға да, кесек түрінде табанға басауға да болады. Хрен денедегі вирустық инфекциямен күресуге көмектеседі. Табанға басқанда денені қыздырып, суықты кетіреді. Әрі осы тәсілдің өкпеге пайдасы мол. Бүгінгідей індет тарап жатқанда "хренмен" емделудің еш зияны жоқ, – дейді ғалым.

Украинаның белгілі дәрігері Евгений Комаровский ақжелеке көзді жасаурататынының арқасында коронавирустық инфекция профилактикасында пайдалы болуы мүмкін екенін айтқан.

Оның сөзінше, көзжасының құрамындағы лизоцин ақуызы вирусқа қарсы қасиетке ие.

– Көз жасының көп бөлігі мұрын-көзжас өзегі арқылы мұрынға қарай жүреді. Жылаған кезде мұрыннан су ағатыны содан. Ал көз жасында лизоцин белогы болады. Бұл – вирусқа қарсы әмбебап, иммундық қорғанысты түзуші бірден-бір белок. Жиі жылайтын балалар мұрыны лизоцин белогымен шайылатындықтан сирек ауырады. Ал "хрен" көзді жасаурататын қасиетке ие болғандықтан, оны профилактикалық зат ретінде қарастыруға болады, – дейді ол.

Factcheck.kz сайты Комаровскийдің ақжелкектің жасауратқыш қасиеті туралы пікіріне де, алдын алу құралы туралы пікірге де болжам ретінде келісуге болатынын, бірақ ақжелкектің вирусқа қарсы қасиеті туралы ғылыми немесе медициналық тұрғыда дәлелденген мәлімет жоқ екенін жазған.

Ал дәрігер Камила Мұқашева "ақжелкек шынымен де емдік қасиетке ие, оны қосалқы ем түрі ретінде қолдануға болады" деп  санайды. Оның құрамында С, В дәруменінің кей топтары, Е және А дәрумені, амин қышқылы, жасұнық, минерал бар.

– Ақжелкек тамырын негізгі емес, қосалқы ем түрі ретінде қолдануға болады. біріншіден, ақжелкек, зімбір іспетті зат алмасуды жылдамдатады. Зат алмасудың жылдамдауы ағзадан токсиндерді тез бөліп шығарады. Іс жүзінде денсаулыққа коронавирустың өзі емес, оның токсиндері зиян. Ол ағзаны улап, қанды қоюлатады, дене қызуы көтеріп, дене мен басты ауыртады. Алайда оны емнің негізгі түрі ретінде емес, медикоментоздық терапиямен қатар қолданған жөн. Меніңше, бұл науқастың сауығуын жылдамдатады, – дейді дәрігер.

Оның сөзінше, ақжелкекті бауыры, бүйрегі, қалқанша безі, асқазан-ішек жолы ауыратындар, гастриті барлар қолданбағаны дұрыс.

Дәрігер-нутрициолог Динара Жақыпова ақжелкек иммундық жүйені күшейтуде пайдасы мол екенін айтты.

– Вирустар шартты түрде "РНК" және "ДНК" болып бөлінеді. Ақжелкек "РНК" тобындағы вирусқа қарсы жақсы жұмыс істейді. Ал өткір респираторлық вирустық инфекция мен коронавирустық инфекция "РНК" тобына жатады. Әлбетте, біз ақжелкек Covid-19-ға 100 пайыз қарсы тұра алады деп айта алмаймыз. Алайда ол ағзадағы "РНК" вирусын анықтап, онымен күресіп, иммундық клеткаларды түзеді, – дейді нутрициолог.

Ал көкеніс дүкенінің сатушысы Ақерке "тұрғындардың ақжелкекті жаппай сатып алып жатыр" дейді.

– Алтын Ордада "хрен" жоқ. Күні бұрын тапсырыс беріп қойып, ертесі алып жүрміз. Бағасы қымбаттаған. Бұрын бумасын 50 теңгеден сататынбыз. Қазір өзіміз 250 теңгеден аламыз. Біз бұдан пайда көріп жатқан жоқпыз. Тұрғындар көп сұрап келіп жатқан соң әкеліп қоямыз, – дейді ол.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар