«Серпер» театр актерлерін серпілтіп жатыр...

/uploads/thumbnail/20170708151051406_small.jpg
Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында үлкен қуаныш. Театрдың қос актері «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. Серпер" сыйлығы  елі үшін қызмет етіп жүрген талантты жастарды қолдауға бағытталған сыйлық. 45 жылдан астам тарихы бар бұл сыйлық негізінен, әдебиет, журна­листи­ка, өнер, ғылым саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүрген жастарды қамтиды. 18 қараша жастарды Серпер сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті. Осы кеште марапатталған Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметовтың  және олардың әріптестерінің құттықтау лебіздерін назарларыңызға ұсынуды жөн қөрдік:

 

Еркебұлан Дайыров,  М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының актері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты:

           

- Тәуелсіз ел болып, көрпемізді қымтап, аяғымыздан тік тұрғаннан бері  театрда, әдебиетте, ғылымда т.б салаларда болсын    еңбек етіп жүрген аға-азаматтарымызға осындай сыйлық тағайындауы  болашақта өнер үшін қызмет етуге бір талпыныс беретіні хақ.

Қазақта: «Бұлақ көрсең көзің аш»-деген әдемі сөз бар. Жастарды қолдап «Серпер» сыйлығымен марапаттап жатқаны біз үшін үлкен қуаныш.

Группаласым әрі әріптесім Алмастың «Серпер» сыйлығын алғаны үшін өте қатты қуаныштымын. Біздің театрдағы әрбір актер бір-бір атаққа лайықты деп білемін. Басшылық, қызметтес, үзенгілес әріптес тарапынан осындай қолдау табылып, атақ алып жатқанымыз  кішігірім алған белес деп ойлаймын. Бүгінгі қуанышты күнге жетпей тұрып бізде академияда оқып,  ұстаздың алдынан өтіп, Қазақстанның халық артисі Есмұхан аға Обаевтың шеберханасынан шыңдалдық.  Менің ойымша жанында жүрген адамдардың бәрі бүгінгі жетістігіме себепкер, тіпті ол адам тарапынан сені қолдау табылмай жатса да. Сені мойындамағанынның өзі алға ұмтылуына себепкер болады. Бұл тек басы ғана деп ойлаймын. Қолдан келгенше өзіне ұнайтын жұмыспен айналысып, содан ләззат ала білу керек. Ал атақ та, даңқ та ақырын өз ретімен келетін секілді. «Мақсатсыз адам қанатсыз құспен тең»- деп жатамыз, менің алған қойған мақсаттарым көп. Қазақстанда кино өнері күннен күнге дамып жатыр, болашақта сол кинодан ойып тұрып орын алсам деймін. Киноға түсіп, кино арқылы таныла отырып, театрға көрермен жинап, театрдың статусын көтеру менің негізгі мақсатым.

Алмас Шаяхметов, М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының актері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты:

 - Қара шаңырақ театрға келгелі алты жылдың жүзі болыпты. Сол жылдарда еткен еңбегіміз бағаланып «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты атанып отырмыз. Бұл біз үшін үлкен қуаныш.

2013 жыл мен үшін табысты жыл болды. Себебі «Театр көктемі-2013» фестивалінде «жылдың үздік актері» аталымымен марапатталсам, бүгін лауреат атанып отырмын.  Бұл біздің жетістігіміздің бастамасы ғана, әлі де алар асуларымыз алда. Актер үнемі ізденіс үстінде жүретін адам. Бүгінгі «Серпер» сыйлығын иеленгеніміз, бізден екі есе жауапкершілікті, екі есе еңбекті, екі есе ізденісті  талап етері сөзсіз. 

 

Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі:

- Жас актерлердің профессиональды театрға келгеннен кейін, олардың шығармашылығының бағаланғаны, халыққа жеткені, халықтың мойындағаны ол артист үшін бақыттың үлкені болу керек. Оның ішінде ұстазы мен үшін бұл үлкен қуаныш. Қарап отырсам осы М.Әуезов театрында  жетпістен аса актер болса, солардың көбісінін ұстазы екенмін. Өмірімнің жиырма бес жылын актер тәрбиелеумен өткізіп келе жатқан адаммын. Қазақстанның қай театрында болмасын шәкірттерім қызмет етіп жатыр. Басым көпшілігі Алматыда, оның ішінде көпшілігі М.Әуезов театрында.

Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметов «Серпер» сыйлығының лауреаты атанып отыр. Бұл жас актердің еңбегінің бағаланғаны. Екеуі де бірінші курстан бастап, сол курстың ішінде лидері болды.  Менің бір сөзім бар «жақсы адамнан ғана жақсы артист шығады» деген. Сондықтан екеуі де жақсы адам, жұмыс істеу тәсілі де өзге артистерге қарағанда басқаша.  Олардың ерекшелігі ауылда өскен, қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын жақсы біледі. Сонымен қатар тәрбиесі ата көрген, ана көрген, үлкенді сыйлайтын, қазақшылығы мол, инабатты жігіттер.

Екеуінде қара шаңырақ театрдың бас геройлары деп айтуға болады. Мысал үшін Еркебұлан Дайыров артистер армандап жүретін  М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Кебек, «Абайындағы» Айдар,  Д.Исабековтың «Жаужүрегіндегі» Балуан Шолақ, Н.Гогольдің «Үйленуіндегі» Подколесин, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасындағы» Меркуцио, Р.Отарбаевтың  «Бейбарыс Сұлтанындағы» Қалауын  ролдерін  ойнаса,  Алмас Шаяхметов М.Әуезовтің «Абайындағы» Айдар,  Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түнінде» Таңат, Д.Исабековтың «Жаужүрегіндегі» Сүтемген, Р.Отарбаевтың  «Бейбарыс Сұлтанындағы» Құтыз, У.Шекспирдің «Гамлетінде» Лаэрт образдарын бейнеледі.

 Екі актерді де сегіз қырлы, бір сырлы артист деп айтуға болады. Екеуінің тілі, фактурасы, бойының биіктігі, сымбаты, сахналық болмысы тартымды. Жастардың ішінде суырылып алға шыққаннан кейін екеуіне қойылатын талапта көп. Театрдан бөлек кино өнерінде де үлкен рольдерге барып жүрген актерлер. Мысалы үшін Еркебұлан Дайыров жиырма жеті жасында халық қаһарманы Бауыржанның бейнесін жасады. Актер үшін бұл үлкен жетістік. Бүгінгі жеткен жетістіктерімен шын пейіліммен құттықтаймын. Бұл менің әкелік, ұстаздық тілегім! Егемендік еліміздің ең бір жақсы сыйлығы бұл «Серпер» жастар сыйлығы.

Ерлан Біләл,М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- Еркебұлан мен Алмас театрымыздың жас актерлері. Театрға жұмысқа қабылданған сәттен үлкен-үлкен сүбелі жақсы рольдерге ие болды. Атап айтсақ: М.Әуезовтің «Абайындағы» Айдар, «Еңлік-Кебектегі» Кебек сынды рольдер. Өздеріне жүктелген жауапкершілікті кәсіби тұрғыдан үлкен деңгейде алып шығып, театрымызда ұжымның алдында өздерінің бет-бедерлерін жоғалтпай, жүктелген жауапкершілікті жоғарғы деңгейде алып шыққан актерлеріміз.

«Серпер» сыйлығын жұмыстарына, рольдеріне, табанды еңбегіне  байланысты алып отыр деп білемін. Шын жүректен құттықтаймын! Театрымыздың тұғырлы биіктерінен көрінетіндеріне сеніміміз мол. Бүгінгі жеткен жетістіктері тек бастамасы деп ойлаймын. Бастарындағы бақытты күндер баянды болсын!

Алма Кәкішева, М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері:

Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметовтың «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты атанып жатқаны үлкен қуаныш. Театрға келген бес-алты жылдың ішінде өздерінің жан-жақты дарынды артист екендерін көрсетті. Еркебұланның М.Әуезовтің «Абайындағы»  Айдары. Р.Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтанындағы» Қалауын бейнелері жақсы шыққан рольдері екенің атап өткен жөн.  Айдар ролін Алмас екеуі екі құрамда  ойнайды. Екеуінің де өзіндік интерпретациясы бар.  Биылғы жыл Еркебұланға табысты жыл болды. Танымал кино режиссері А.Сатаевтың «Волокаламск тас жолы» фильмінде қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының ролін сомдады. Аталмыш фильм  өзінің деңгейінде шыға жатар, бірақ соған батылы барып ойнап шыққанының өзі ерлік деп ойлаймын

Алмас бірнеше спектакльдерде басты рольдерде ойнайды. Соның ішінде актердің оң жанбасына келгені Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түн» Таңат бейнесі.  Бұл жерде Алмастың пластикасы, даусы жалпы актерлік шеберлігінің шындалып келе жатқандығы көрінеді. 

Екі актеріміз біздің театрдың болашағы. Болашақта үлкен рольдерге баратын, театрымыздың бір қазығын ұстайтын жігіттер деп ойлаймын. Жалпы театрды сүю керек.  Театрға қалтықсыз еңбек етсе, ол еңбек жанады.  Театрда бағы жанған актер, ол өзінің миссиясын орындаған актер деуге болады.  Болашақта Әнуар Молдабековтің, Асанәлі Әшімовтің ізін жалғастыратын актерлер  болады деп сенемін.

Жалғас Толғанбай, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері:

- Еркебұлан Дайыров  мен Алмас Шаяхметов  ұлағатты ұстаз, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаевтың мектебін көрген талантты жастар. Екеуі де академия қабырғасында оқып жүріп, қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Содан бергі уақыт ішінде көптеген басты, қосалқы рольдерде ойнап өздерінің мамандығының  шебері екенін көрсетті.

Нағыз талантты уақытында бағалап, дәріптегенге не жетсін! Мен өз атымнан екі інімді, екі бауырымды, екі әріптесімді шын жүректен құттықтай отырып шығармашылық табыс тілеймін!

Бауыржан Манжігітов, М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының актері:

Еркебұлан Дайыров, Алмас Шаяхметов бәріміз Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын тетелес бітірген актерлерміз. Қара шаңырақ театрға да бір жылы қабылдандық деуге болады. Жас болса да екеуінің табиғи дарыны бар. Театр саласында ғана емес, кино өнерінде де өзіндік қолтаңбаларын қалыптастырып жүрген артистер. Көп оқып, көп ізденеді.

   Белгілі театр реформаторы К.Станиславский «кішкентай роль болмайды, кішкентай актер болады»- деп айтқан. Олар рольдің үлкен, кішілігіне қарамай, бар ынтасымен, жүрегімен  ойнайды. Бүгінгі жетістік соның нәтижесі деп ойлаймын.

 

Материалды дайындаған Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар