Индира Расылханның «Қоштасу» атты әніне байланысты үлкен дау туды. Индираның аталмыш әнін жас әнші Жанар Даукеева рұқсатсыз ұрлап алып, өзінің әні ретінде халыққа таныстырған. Бұл туралы "Қамшы" порталы baistars.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Осы орайда Индира Расылханның Жанарға деген өкпесі қара қазандай.
«Менің осы әнімді рұқсатымсыз айтып жүргенін бүгін естіп, өзім таң қалдым. Сонда бізде әншінің қадірі қайда қалды деген ой қатты мазалап отыр. Айтылып қойған әннің арқасында танымал болғысы келіп жүрген ол — Жанар Даукеева. Арғы жағын өздеріңіз саралаңыздар», — деп әнші ренішін білдірді.
Бұл мәселеге байланысты Ақбота Керімбекова да өз пікірін білдіре отырып, Жанарға әнді өз орындаушысына қайтаруы керек екенін айтты.
«Бұл әнді туған күніме орай Бауыржан ең алғаш маған өзі сыйлаған болатын. Кейіннен Индира сіңілім әнді қатты ұнатқан соң оған сыйладым. Өнерде, халықтың алдында жүргендіктен ән үшін ұрысып, таласпайық. Бұл әнді Индираның өзі орындағаны дұрыс деп есептеймін. Сондықтан Жанар ренжіспей әнін Индираның өзіне қайтарыңыз», — деді Ақбота.
Пікір қалдыру