"Бақытсыз Жамал" немесе қоғам тұншықтырған әйел тағдыры

/image/2020/10/30/crop-184_42_338x450_2020-06-08_20-26-58.png

Шапағат алтыншы балаға аяғы ауыр. Бұл жолы да қыз екенін күйеуіне айта алмай қиналып жүр. 20 жыл отасқан жарына ұрпақ жалғастыратын ұл сыйлай алмағанына іштей өзін кінәлі сезінеді. Оған күйеуі мен туыс, туған, дос-жаран мен көрші-қолаңның әсері де жоқ емес. Орайы келсе Шапағатты жанды жерінен түртіп қалуға әзір.

Шапағат жолдасы Ақбереннен қызды болатынын жасырды. Оның осы жолы ұл болар деген үмітін ұзаққа созғысы келді ме, әлде босанғанша күйеуінің "Сен қатын, маған ұл туып беруге жарымадың" деген айыптаулардан уақытша болса да "құлағым тыныш болсын" деді ме қыз туралы ләм-мим деп жақ ашпады. "Сәбидің жынысын анықтайтын уақытта теріс айналып жатып алады" деген сылтауы да дайын. Оны дәрігерге көрінуге барғанда жанында отырған жүкті әйелден естіп алған. Баланың жынысын отбасынан жасыру идеясы да сол кезде туды. Бірақ ерте ме, кеш пе шындық белгілі болары анық.

Ай, күні жетіп Шапағат тағы бір қызды дүниеге әкелді. Үшінші қыздан кейін перзентхана табалдырығын күзетуді қойған Ақберен бұл жолы ұлды боламын деген әлсіз болса да үмітін арқалап келді. Жүрегі кеудесінен ыршып түсердей, өміріндегі ең шешуші сәтті күтіп отырғандай тыпыршып бір орында отыра алмады. "Бауы берік болсын, қызды болдыңыз" деген дәрігердің құттықтауын естігенде үстіне мұздай суды төгіп жібергендей күй кешіп, аңтарылып тұрып қалды. Істің мән-жайын түсінгеннен кейін ашуға булығып, ызадан көзі шақшиып кетті. Перзентханадан атылған оқтай ұшып шығып тікелей сыраханаға тартты. Көзінен жас ыршып шықты.

Арақты сылқытып жатып жолдастарының "Еркектен ғана еркек туады", "Әйеліңе ұл туғыза алмадың", "Жақсырақ тырыссайшы" деген кекетулерін еске алған сайын баса түсті.

Туыстардың құттықтаулары көңіл айтуға көбірек ұқсайды. "Ештеңе етпейді, ендігі жолы ұл болады", "Қыз да жақсы ғой", "Қыз ұлға қарағанда әке-шешесін көбірек ойлайды" деп жұбатқандай болды. Бірақ бұл сөздер Ақберенді жұбата қоймады. Ол қызы мен әйелін перзентханадан шығаруға да бармады. Құдды бір қуанышты күн емес, қаралы күндей түңіреніп жұмысына кетті.

Шапағат бота көзді қызына қарап тұрып "Еее, ботам-ау дүниеге келмей жатып өз әкең сенен теріс айналды ғой" деп көз жасын сығып алды. Шапағат көзі торсықтай қызын Ботакөз деп қоюда қалап еді. Алайда ұл тумағаны үшін жазықты болған Шапағат сәбиге атты өзім қоям деуі кешірілмес күнәмен пара-пар еді. Әулеттің үлкендері өзара ақылдасып Сәлимә, Бәтимә, Ұлжан, Ұлболсын, Ұлмекеннен кейін алтыншы қызының есімін Тоқтасын қойды. Ақберенге алтыншы қызына Жиһаз деген есім берсе де бәрібір еді.

Тоқтасынмен ол отбасыда бала тоқтады. Оған себеп Ақбереннің арман қуып басқа әйелге үйленуінде еді. Оның мұндай қадамға баруына туыстары да түрткі болды. "Төсек жаңғыртсаң ұлды боласың" деген сөзге еріп, сағым қуып 20 жыл отасқан әйелі мен алты қыздың көзін жәутеңдетіп тастап кетті.

Шапағат алты баланы өсіру үшін күннің атысынан, түннің батысына дейін екі, үш жұмыста шапқылап жүрді. Әкенің махаббаттын көрмеген Тоқтасын аналық мейірімге де бөлене қоймады. Анасы күн ұясынан шықпай жұмысқа кетіп, бұлар ұйықтап жатқанда шаршап, шалдығып келеді. Үй тірлігі тұңғышы Сәлимәнің мойнында. Қыздардың оқу үлгерімін қадағалау – Бәтимәнің міндеті.

Уақыт шіркін күйбең тіршілікпен өтіп жатты. Тоқтасын мектеп табалдырығын аттап, оқушы атанды. Алайда мектеп Тоқтасын ойлағандай көңілді мекен болмай шықты. Класстастары оның есімін мазақ етіп, шыр етіп дүниеге келгенде өз әкесі одан теріс айналғанын айтып кекетті. Тоқтасын үйге жылап келеді, "Мектепке бармаймын" деп күнде қиғылықты салады. Бірақ әпкесінен таяқ жегеннен кейін көз жасын көл қылып мектепке қайта барады. Тоқтасын үшін әр атқан таң дәл осы өзгермейтін сценариймен басталады.

Тоқтасынды класстастары мазақ еткен сайын "Әкем мен үшін бізді тастап кетті" деген ой санасына әбден сіңіп, маза бермеді. Өзін кінәлі сезінгендіктен әпкелері мен анасы да жүрегінің түбінде оны кінәлайтындай көрінетін. Үйден жыраққа кеткісі келді. Іздегенге, сұраған демекші класстасы Талғат Тоқтасынды мектепті бітіру кешінен кейін алып қашты.

Көз жасын көл қылып, жөніне қоя беруін сұрап еді, әйелдер "Біз де осылай отбасын құрғанбыз. Ештеңе жоқ. Уақыт өте келе сүйіп кетесің" деп жұбатуға тырысқандай болды. Әйелдер қауымынан қолдау табамын деген үміті күл-талқан болды. Ендігі үміті – туыстарында. Қуғыншылар келгенде "Қалмаймын!» деп кесіп айтып еді, оның қалауына ешкім құлақ аспады. "Тоқтасын, бақытың осы жігіт шығар. Қайтқан қыз жаман. Оны да қаперге ал. Осы үйдің табалдырығын аттаған екенсің осы жерде қал. Осы әулетке тастай батып, судай сің" деп сол үйде шырылдатып тастап кетті.

Бақытты туып, өскен жерінен таппаған Тоқтасын оны отбасылық өмірден де таппады. Керісінше жағдай ушықты. Талғат қалаған оқу орнына түсе алмады, жөні түзеу жұмысқа да тұра алмай жүр. Ақша табу үшін жұмыс талғамай қара жұмысты істеуге мәжбүр. Өмірде жолы болмағанына налып, өшін Тоқтасыннан алатын. Тоқтасынға жұдырық жұмсау үшін оған бәлендей себеп те керек емес еді. Дұрыс ілінбеген киім немесе Тоқтасынның шашы оңға емес, солға қайырылғаны Талғаттың ашуын келтіруі мүмкін еді. Талғат оны көк ала қойдай етіп сабаса да жұрт Тоқтасынды кінәлады. "Өзің кінәлісің", "Тіліңнен тапқансың ғой" деп сөзбен түйреп алатын. Тоқтасын тіпті туғандарынан да қолдау таппады. Олар тек "Шыда! Шыда!" деумен шектелді.  

Бір күні Талғат оны қатты сабап, Тоқтасын ауруханадан бірақ шықты. Полиция істі тіркеп, Талғатты уақытша ұстау изоляторына жапты. Бұны естіген Талғаттың жақындары Тоқтасынның ауыр хәліне қарамастан оны арызды қайтарып алуға үгіттеді. Тоқтасын бұған дейін де Талғаттың қатігездігіне шыдамай талай мәрте үйден кетіп қалып жүрген. Алайда Талғат араға туыс, туғанды салып, "Енді қол жұмсамаймын" деп уәде беріп, соңғы сөзін айтатын. Мұндай кездері Тоқтасын Талғатты кешіріп, қайта оралатын. Бірақ баяғы жартас, сол жартас. Бұл жолы да көпшіліктің қысымына шыдамаған Тоқтасын Талғатты кешірді. Өз күйеуінің үстінен арыз түсіргеніне ыммен болса да қолдамайтынын көрсеткен полиция өкілі арызын қуана қайтарып берді.

Уақытша Талғат өзгергендей болды. Ішуін қойып, Тоқтасынға жылы қабақ танытып жүрді. Тоқтасын бала көтерді. Өмір бойы көрген қиындығының өтемі ретінде осы сәбиді оған бергендей болды. Алайда Талғат жұмысынан екінші айдың да айлығын ала алмай, салы суға кетіп, бәрі өзгерді. Бастығына жақ аша алмайтын Талғат бар ашуын әдеттегідей Тоқтасыннан алды. Бір жұдырық қан болып ұйып қана үлгерген сәби мына жарық дүниені көрместен келмеске кетті. Жаңбырдан кейін шыққан кемпірқосақтай үміт сыйлаған сәбиі енді жоқ екенін білгенде Тоқтасын мына өмірден күдер үзді. Өзіне қол жұмсауға бел байлағанда алдынан бейтаныс ер адам бөгет болып тұра қалды. Арып, тозған ер адамның Тоқтасын секілді өмірде бейнет көргені жүзінде әжім болып жазылған еді. Көз жанарынан нұр кеткен бейтаныс адам "Қызым!" деп жылап жіберді. Тоқтасын бұл сөзді естігенде бар мұңын ұмытып, мына әлемнен, өмірден бірнеше секундқа алыстағандай күй кешті. Есін жиып қарама-қарсы тұрған бейтаныс адам сол сәтте ең жақын жан әкесі екенін енді ұқты. Өмір бойы күткен, көрмесе де сағынған әкесі қарсы алдында тұр. Тоқтасынның бойын ашу, ыза, өкініш, қуаныш сезімі қатар биледі. Қандай реакция танытып не істейтінін де білмеді. Қиялында әкесімен кездесуін әртүрлі елестетсе де, дәл былай ауруханада, өмірден жапа шеккен екі бақытсыз адамның кездесуіндей болады деп ойлаған емес.

Тоқтасын әкесімен үзілді, кесілді сөйлесуден бас тартты. Себебі ол уақытта онымен сөйлесуге дайын емес еді. Алайда әкесін көргеннен кейін өзіне қол жұмсау ойынан айныды. Әкесі бірнеше рет сөйлесуге талпынғанына қарамастан онымен кездесуден бас тартып жүрді. Бірақ әкесінің ауыр дертке шалдыққанын естігенде уақыттың тығыз екенін енді түсінді. Бұл суық хабарды ести салысымен әкесімен кездесуге асықты.

Әкесі бастапқы кезде "Кешір! Кешір!" дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Тоқтасын әкесіне деген ренішін жылдар бойы жүрегінің түбінде сақтап келді. Сол реніші енді еселене түскендей. Себебі әкесі оларды бақилыққа аттанбас бұрын өз жанының тыныштығы үшін іздеп келгендей көрінді.

Тоқтасынның әкесі аңсаған "Кешірдім" деген сөзін естіп, бақиға аттанды. Осы бір сөзде қандай құдірет бар екенін Тоқтасын жылдар бойы кеудесінде тас болып қатқан өкпесінен құтылып, жеңілдеді. Бес әпкесінен бөлек тағы екі сіңлісі бар екенін білді.

Талғатпен ажырасып жаңа өмірге қадам басты. "Байдан қайтқан" статусы кенедей жабысуы, ер адамдар онған бейне бір еркекке мұқтаж жандай қарауы жарақатына тұз сепкендей болды. Бірақ бұл қадам оның өміріндегі жарқын болашаққа жасаған алғашқы қадам екенін көп ұзамай түсінді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар