ҚР Конституциясы күні қарсаңында ресейлік саясаткер Юрий Солозубов Астанада өткен Ата Заңының 20 жылдығына арналған конференцияда Конституцияны – Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атауды және оған әр қазақстандықтың ант беруін бекітуді ұсынды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Юрий Солозубов, ресейлік саясаткер, РФ Ұлттық стратегиялар институтының директоры:
-Нұрсұлтан Әбішұлы 20 жылдан астам уақыт бойы Конституцияның тірегі, республиканың кепілі, әділ басшы, жоғарғы арбитр болып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жоғарғы Кеңес» тарқатылғаннан кейін, Қазақстанды дара басқарғаны жасырын емес. Ол өзінің саяси біліктілігін халық игілігі үшін арнады, Қазақстандағы демократиялық түсініктердің қалыптасуына ол ғұмырын арнады. Қазір де, Ол мемлекеттегі барлық константтар мен саяси бастамалардың авторы болып табылуда. Осы ретте мен Қазақстанның Конституциясына екі өзгерту енгізуді ұсынар едім. Біріншісі, қазіргі Қазақстанның Ата Заңын – «Назарбаев» деп атау. Онсыз да халық арасында осындай алып-қашпа әңгімелердің бар екені рас. Оның үстіне Нұрсұлтан Әбішұлы бұл атаққа әбден лайықты деп ойлаймын. Ал екіншісі қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты, тарихи деректерге өзгертулер енгзу. Міне, мынау Конституция. Мен оны «Назарбаев» деп атауды ұсынамын. Бұл келешек ұрпақтың фундаменті болып табылады. Мемлекеттегі тұрақтылықты сақтаудың ұшқыр әрі ұтымды жолы.
Сондай-ақ, ресейлік саясаткер Юрий Солозубов мырза Қазақстанды көпхалықты ұлтқа айналдыруды да ұсыныпты. Оның пікірінше, бұл өз кезегінде ұлтаралық қақтығыстардың алдын алатын бірден бір жол болып табылады-мыс. Оның пікірінше, кезінде бастама болып көтерілген «қазақстандық ұлт» идеясын қайта көтеру керек. Сонда бәрі бір ұлт болып шыға келеді де, ұлтаралық жанжал деген атымен ұмытылады екен.
Иә, айтпақшы саясаткер Юрий мырза, тек Конституцияны «Назарбаев» деп атап қана қоймай, әрбір қазақстандық оған ант беруді де ұсынған екен.
«Қазақстан өте керемет мемлекет. Ол әлемдегі босқындар үшін саяси баспана да бола алады. Ол-унитарлы. Әлемде тек үш мемлекет – Израиль, Германия және Қазақстан ғана өз азаматтарын кез келген жерде репатриациялай алады»,-дейді.
Жә, енді сарапталық. Қазақстан Республикасының Ата Заңы - 20 жыл бұрын референдум негізінде қабылданғаны белгілі. Бүгінде нығайған, түрлі мазмұндық өзгертулер енгізілген толыққанды мемлекеттік құжат. Енді оның атауын кенеттен өзгерту тұрмақ, ішкі мазмұнына қол сұғудың өзі қылмыс болып табылуы тиіс емес пе?
Біз мәселені мынадан бастайық. Біріншіден, Конституцияның атауын өзгерту-оны қандайда бір саяси тұлға немесе атақты адамның есімімен атау қаншалықты ақылға қонымды? Әлем мемлекеттерінде мұндай үрдіс жоқ екенін ескерсек – бұл ресейлік саясаткердің бізді «жағымпаздықтың шегі мынадай болады деп» мазаққа айналдырғаны ма? Ақиқаты, ұсыныс мазақ және қазақстандықтардың батылы барып айта алмайтын мұндай қолапайсыз ұсынысты ресейлік саясаткердің айтуы қалай?
Екінші мәселе, ресейлік саясаткердің Қазақстанның ішкі саясатына араласуына кімдер құқық беріп отыр ? Оның үстіне бөтен бір мемлекеттің ішкі саясатына араласу үшін ол сол елдің азаматы болуы тиіс немесе шектеулі мөлшерде ұсыныс, өтінім білдіруі үшін мемлекетаралық саяси қызметкер (елші т.б.) болуы тиіс емес пе? Ескі һәм жаңа одақтасымыздың өкілдері ашықтан-ашық ішкі саясатымызға араласып, ақылға қонымсыз ұсыныстарымен халықты мазаққа айналдырғаны қай басынғаны? Осыған орай заңгер Алмас Жұмағали мырза мен саясаткер Жасарал Қуанышалин мырза арнайы «Қамшы» порталына пікірлерін білдірген болатын.
Алмас Жұмағали, заңгер:
-Түбегейлі қарсымын. Біз монархия дəуірінде өмір сүріп жатқан жоқпыз. Қалай болғанда да нормативтік - құқықтық актілерді адамның атымен атау келмеске кеткен. Əрі- беріден соң ол референдум арқылы қабылданған құжат. Кейін парламент өзгерістер енгізу арқылы билікті бір қолға шоғырландырғаны болмаса. Конституцияның атауы - Конституция. Оның атын біреуге телу деген ешкімнің түсіне де кірмеген. Де-факто - Президент қалай илеймін десе де, жасап отыр. Ал де-юре өзгерте алатын, яғни заңшығарушылық құзіретке ие бола алатын ерекше жағдайлар Конституцияда қарастырылған. Осылай əр заманның заманға күйлеген жамандары шығып, қуыршақ заңгерлер сайрап, халық өзі қолдан құдай жасап алады.
Жасарал Қуанышалин, саясаткер:
- О заман да бұ заман, Конституцияны адам атымен атағанды кім көріпті? Мұндай дарақы ұсынысты шындап жасайтындай Солозубов соншалықты нақұрыс емес болар. Ол да сол бағыттағы ұсыныс. Өйткені, бұған да негіз берген - Назарбаевтың өзі. Атап айтқанда, Қазақстанды Конституция бойынша да, іс жүзінде де (де-юре және де-факто) бір ұлтты унитарлық мемлекетті, ауыздарын ашса болды, "көпұлтты" деп сайрайтын біздің биліктің өзі. Қысқасы, бұл да сол тілеп алған аурудың зардабы...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру