Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бірақ...

/uploads/thumbnail/20170708193247194_small.jpg

Биыл Конституциямыздың қабылданғанына 20 жыл толғалы отыр. Бұл сөз жоқ, үлкен жалпыхалықтық сипатқа ие мереке. Өйткені, Конституция әрқайсымыздың өмірімізге әсер ететіндей күшке ие, өте маңызды құжат. Әдетте, бұндай айтулы шаралар қарсаңында «той иесінің» құрметіне ас та-төк тілектер, жақсы, жағымды сөздер көбірек айтылады. 
Біздің Конституциямызда жалпыхалықтық референдумда қабылданып, бүгінгі күні өзінің маңыздылығын, өміршеңдігін дәлелдеді деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі кезде көптеген ғалымдар, қоғам қайраткерлері Конституцияға байланысты өз пікірлерін білдіріп жатыр. Бірақ, кей ғалымдар мақтаймыз деп тым асыра сілтеп жібергендей әсер қалдырады маған. Жай халықта шаруам жоқ, алайда заңгер мамандар белгілі-бір мәселеге баға беру барысында әр сөзін ойланып айтып, нақты фактілерге жүгінгендері дұрыс. Университет қабырғасында, бізді ұстаздарымыз солай үйретті, солай тәрбиеледі. 
Мысалы, з.ғ.д Эркин Дуйсенов деген ғалым «Біздің Конституциямызда ешқандай кемшілік жоқ»- деп мәлімдепті. Өзі және Конституционалист ғалым екен. Мен бұл пікірмен еш келісе алмаймын. Кез-келген затта, мейлі ол заң болсын, өнер туындысы болсын кемшілік болуы мүмкін. Біз жаратушыны ғана еш кемшіліксіз деп айта аламыз. Ал, Конституция - оның қасында бір топ ғалымның творчестволық еңбегі. Конституцияның жағымды жақтарын айтушылар қарасы көп болғандықтан, мен өз тарапымнан кейбір проблемалық тұстарын айта кеткенді жөн көріп отырмын.
Кез келген заң актісінде, мейлі ол кодекс болсын, басқа болсын коллизияға жол берілмеуі керек. Коллизия дегеніміз – қысқаша айтқанда, белгілі-бір қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін заң нормаларының өзара қарама-қайшылықтары. Халықтаралық құқықтық стандарттар бойынша заң актілерінің сапасын анықтайтын бірден-бір көрсеткіш ол, осы –коллизиялық нормалардың болмауы. 
Менің пікірімше, біздің Конституциямызда өз ішінде және басқа заңдармен арада ондай нормалар бар. Мысалы, Конституциямыздың 12 бабы, 1 бөлігінде, «Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік берілетіні», 14 бабы, 2 бөлігінде, «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны» - бекітілген. Бұл сөзсіз дұрыс, барлық халықаралық өлшем стандарттарына сәйкес келеді. Әрі қарай, 33 баптың 1 бөлігінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар»-делінеді. Яғни, кез келген азамат мемлекеттік басқару ісіне араласа алады деген сөз. Мемлекеттік басқару ісіндегі ең жоғарғы лауазым, ол – Президенттік қызмет екені белгілі. Конституцияның бұл бөлігінде де, ҚР азаматтарының құқықтары тең екендігі бекітілген. Атап айтқанда, 41 баптың 2 бөлігінде, «Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады»-деп жалпыға ортақ талаптар көрсетілген.
Одан кейін, 42 баптың 5 бөлігінде, «Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды»-деп жалпыға ортақ шектеу қоя келе, дәл сол баптың ішінде «Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды» делінген. Менің пікірім, бұл норма жоғарыда аталған нормаларға қарама-қайшы келіп тұр. 


Биылғы жылдан бастап, елімізде жаңа қылмыстық кодекс күшіне енді. Сол кодекстегі 65 баптың нормасына сәйкес, бірінші рет қылмыс жасаған адам, жасаған қылмысының ауырлығына қарамастан, қылмыстан босатылуы мүмкін екендігі көзделген. Егер Сіз бұл норма сот үшін қарастырылған деп ойласаңыз қателесесіз. Бұл қылмыстық қудалау органдарына берілген құзірет. Қазіргі кезде, тәжірибеде қылмыстық қудалау органдары заңның осы бабын кеңінен қолдануға кірісіп те кетті. Тап осы мақаланы жазу барысында, менің өзімнің қатысуыммен сыбайлас жемқорлық сипатындағы бір қылмыстық іс сотта қаралуда. Әуелі, тергеу органдары пара алып жатқан жерінен бір мемлекеттік мекеменің қызметкерін қолға түсіреді. Алайда, ол адам мемлекеттік қызметші емес болып шығады. Тиісінше сыбайлас жемқорлықтың субьектісі бола алмайтындықтан, оны бұл ақшаны өзінің бастығына апарып беруге немесе соған арналған ақша еді деп айтуға үгіттейді. Қызметкер бас тартады, өйткені мекеме басшысы бұл жағдайдан мүлдем бейхабар еді. Соңында не болды? Арада 3 апта уақыт өткесін қызметкерді еш қажеттілігі болмаса да, уақытша оқшаулау орнына апарып қамайды. Сол жерде екі күн отырған әлгі қызметкер «қылмысын» толық мойындап, ақшаны негізі басшысына апаруға тиісті едім деген жауап береді. Оның тек осы жауабы негізінде басшысы қамауға алынды. Іс сотқа жолданды, ал пара алып ұсталған қызметкер жауаптылықтан ҚР ҚК-нің 65 бабы негізінде босатылып, ол сезіктіден айыптау жағының куәсіне айналып шыға келді. 
2-ші мысал. Ол іс сотта қаралып облыстық деңгейдегі мекеме басшылары сотталып та кетті. Олар жергілікті деңгейдегі кланаралық қақтығыстың құрбандары болды. Құқық қорғау органдары бұл қақтығысқа соттың күші мен әлсіз жерлерін шебер пайдалана білді. Мәселе былай, мекеме басшысына қатысты «тапсырыс» алған құқық қорғау органдары алдын-ала «Пәленшиевтің қылмысын әшкерелеу» үшін тергеу тобын құрады (негізінде қылмыс жасалғаннан кейін, сол қылмысты анықтау үшін құрылуға тиісті!), олар келіп шенеуніктің өзіне тиіспей, алдымен оның мекемесіне қарасты (подотчетный) мекемелерді тексеріп бастайды. Сол мекемелердің басшылары мен есепшілері қызметінен анықталған заң бұзушылықтар бойынша оларды алдымен қамайды, кейіннен «осының бәрін облыстық басшымыздың айтуымен істедік» - деген жауаптарын алған соң, оларға қатысты қылмыстық іс 65 баппен қысқартылып, олар куәге айналады ал, облыстық мекеме басшыларына айып тағылады.
Экономикалық сипаттағы қылмыстар куәгерлік жауаптармен емес, сараптамалар мен құжаттер негізінде дәлелденуге тиісті болса да, айып тек сол куәлердің жауаптарына құрылды. Тиісінше қорғау тарапы да куәлердің жалған жауаптарын әшкерелеуге тырысты. Кейбір куәлердің жауаптарынан сәйкессіздіктер анықтасақ, кейбірінің жалған жауап беріп тұрғанын құжат түрінде де дәлелдедік. Осының салдарынан ол куәлер тергеуде берген жауаптарынан сотта бас тартпақ болып еді, прокурор біздің көзімізді бақырайтып қойып, «Құрметті куә, егер Сіз тергеуде берген жауабыңызды қуаттамасаңыз, онда 65 бапты бұзуға тура келеді» деген сөздерінен кейін куә амал жоқ, тергеудегі жауабын қолдап шыға келді. Осының бәрі бізді былай қойғанда, ашық сот тәртібінде болып жататын жағдайлар. Ең қызығы, соттың, прокурордың ол шешімін осы іс шеңберінде бұзуға құқығы жоқ. 
Осындайдан кейін ғой- ел арасындағы прокурор күшті ме, сот күшті ме деген әңгімелердің тыйылмайтыны. 
Ал, бұның Констиуцияға не қатысы болуы мүмкін дерсіз? Конституция бойынша Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады (75 бап 1 бөлігі).
Одан басқа, сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді, және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады (77 бап 2 бөлігі).
Кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз және ол үшін қандай жаза тағайындау жиынтығында сот төрелігі деген ұғымды білдіреді. 
Ал, енді іс жүзінде не көріп отырмыз? Қылмыс жасаған адамды сотқа дейін, тергеу органдары жазадан босатып жібереді, сот ол жұмысқа өздігінен еш араласа алмайды. Тек қана тергеу органдарының алдына алып келген адамына қатысты үкім шығаруға мәжбүр. өз пікірім, бұл қолданыстағы қылмыстық процессуалдық заң жобасының Бас Прокуратура тарапынан дайындалғандықтан болып отырған жағдай. Аталған заң Конституцияға, жалпы сот төрелігі принциптеріне қайшы келеді.

Абзал Құспан, заңгер, қорғаушы (адвокат)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар