«Атазаңымыз» ата-баба аманатын ақтай алды ма?

/uploads/thumbnail/20170708193249700_small.jpg

Еліміздің барлық заңдарының негізі болған «Атазаңымызға»  20 жыл толыпты. Барлығыңызды осы айтулы мерекемен құттықтаймын!  Бір ғасырдың 1/5 болатын 20 жыл ішінде еліміз үшін осы заңның рөлі қалай болды? Ата-бабамыздың мұра қылып тастап кеткен даласына Алаштың арманы болған Тәуелсіздігімізде «Атазаңымыз» Қазаққа қалай қызмет етуде? Неден ұтқанымызды отандық телеарналарымыз айтып та жатқан болар. Біз неден ұтылып жатқанымызды айтып, «атазаңның» орындалмай жатқан және өзгертуге тиісті бір- екі бапына тоқталып кетейік.

«Атазаңымыздың» бетін ашып оқып бастай салсаңыз, мынадай тамаша бапқа көңіліңіз толады. 1- бөлімнің 1- бабы: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары»,- делінген. Қалай риза болмайсың? Алайда,  Гептил мен протонның уын жұтып отырған адамның құқықтары қорғалды деп айтуға келмес. Егер еліміздің байлығы адам және оның өмірі болса,  "Антигептил" қоғамдық ұйымының протон мен гептилдің адам өміріне қаншалықты қауіпті екені туарлы жанайғайына билік жағынан жауаптар болар еді. Экономикалық жағынан пайдалы болғандықтан, адам өмірі мен денсаулығына төндірер қауіпке қарамастан, Байқоңыр айлағынан ұшырылатын «Протон» зымыран-тасығыштары 2025 жылға дейін тоқтатылмайтыны туралы Талғат Мұсабаев мырза айтқан болатын.

 Дін жағынан айтсақ, зайырлы ел екенбіз, дұрыс. Бірақ зайырлы екенбіз деп көрінген секта мен ағымның ошағына айналмағанымыз жөн. Бір ұлттың ұлттық белгісінің бірі- оның тілі. Ал біз мемлекетті құраушы ұлтпыз, біздің мемлекетіміздің тілі -қазақ тілі. Мемлекеттік тіліміз- қазақ тілі болса да, әлі күнге дейін ресми түрде мемлекеттік тілді толық мәртебеге ие бола алмай отыр. Неге десеңіз, «Атазаңымыздың» 7- бапының 2- тармағында: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады»,- деген мемлекет тіліне жасалған үлкен қиянат тұр. Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастап Елбасына осы тармақты алып тастау туралы неше рет ашық хаттар жазса да, осы тармақты алуға біздің биліктің шамасы әлі де келмеуде. Осы бап алынбайынша, біздің мемлекеттік тіліміз – ана тіліміздің көсегесі көгермесі анық. Ана тіліміздің қадіріне жетпей тұрып ата-баба аманатын орындадық деп айтуымызға келмес.

Пралмент пен үкімет, соттар туралы бөлімдерін айтып сөзді көбейтіп отырудың қажеті болмас. Атазаңымызда көрсетілгендей, Мемлекетіміз өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi деген сенімдеміз. 20 жасқа толған «Атазаңымыз» ата-баба аманатын арқалап, ұрпақ алдында адал қызмет атқарыды деген сенімдеміз.

Тұрдыбек Құрметхан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар