"10 жыл құрсақ көтере алмадым": Cоңғы үмітін "Аңсаған сәбиге" артқандар көп...

/image/2021/02/25/crop-6_6_443x590_2020_12_08_crop-1_1_562x999_yntptdyu7ua.jpg

Қазақстанда табиғи жолмен сәби сүю мүмкіндігі жоқ жанұялардың саны жыл сайын артып келеді. Әйелдерге ЭКҰ-ның көмегімен құрсақ көтеруге жәрдемдесіп жүрген мамандар осылай дейді. Бұл әдіске жүгінетіндердің 95%-ы ерлі-зайыптылар болса, 3-5%-ы өзі үшін бала туып алуды қалайтын жалғызбасты әйелдер. Қамшы редакциясына да бір емес, бірнеше келіншек мұңын шағып, көмек сұрады.

Солардың бірі – Гүлбану Серікбаева 1976 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Мамандығы тігінші. Алматыға қоныс аударғанына 10 жыл уақыт өткен. 42 жасында тұрмыс құрған оның бақыты көпке созылмады. Кенеттен келген ажал күйеуін алды да кетті, солайша келіншек әлі ерлі-зайыпты ғұмырдың ыстық-суығын сезіне де алмай, қара жамылды.  Ең қиыны, жан жары дүниеден қайтқанша, Гүлбанудың құрсақ көтеріп  үлгермегені. Тым құрыса, жолдасынан айрылғанда жанына жұбаныш сыйлар ма еді. Ал құзырлы органдар оның бала асырап алу бойынша талаптарға да сәйкес келмейтнін айтқан.

– 40-тан асқан шағымда тұрмысқа шықтым. Бұрын демікпемен ауырғанмын. Қажетті ем аламын деп жүріп, уақытымды өткізіп алдым. 2018 жылы жақсы адамды кезіктіріп, тұрмысқа шықтым. Бірден бала көтеріп кетпеген соң мамандарға қаралып, ем-дом ала бастадым. Тұрмыс құрғаннан 6 ай өткеннен кейін күйеуім қайтыс болды. Соған байланысты емім аяқсыз қалды. Бүгінде күйеуімнің қайтқанына 2 жылдан асты. Дәрігерлер бала көтеру мүмкіндігім әлі де барын айтады. Бала асырап алайын десем, оның заңды неке, баспана мен тұрақты жалақының болуы секілді өзіндік талаптары бар. Ал мен өкінішке қарай ол талаптарға сәйкес келмеймін. Сондықтан ЭКО әдісіне жүгініп көрсем деймін. Бірақ оны жасату үшін 1 миллион теңгеге жуық қаражат қажет екен. Қазір оған мүмкіндім жоқ. Карантин болған соң жұмыс та жөнді жүріп жатқан жоқ. Биыл "Аңсаған сәби" деген бағдарлама іске қосылғанын естідім. Сол арқылы бағымды сынап көргім келеді, – дейді ол.

Кезекті кейіпкер – Ботагөз Жалғасбекқызы. 1985 жылы туған. 21 жасында тұрмысқа шыққан. Қазіргі уақытта 2 қыздың анасы. Үшіншісін көтере алмай жүргеніне 10 жылдан астам уақыт өткен.

– 2007 жылы тұңғыш қызымды дүниеге әкелдім. Ал екіншімді 2009 жылы 7 айлығымда иттен қорқып шала босандым. Сол уақытта дәрігерлер қызымды емдету қажеттігін айтып, жатырыма спираль салуға кеңес берген. Содан қызыма 2 ай толғанда спирал салдырып, 3 жылдай жүріп қалдым. Оның денсаулыққа зиян екенін кеш ұқтым. Спиралды алдырғаннан кейін қажетті ем-дом алып жүрдім. Бірақ 10 жылдан бері сәби көтере алмай жүрмін. Осыдан 2 жыл бұрын Шымкентегі ЭКО орталыққа Салтанат Байқошқарова келеді деген соң арнайы барғанмын. Сонда ол кісі бала көтеру мүмкіндігім барын айтып, дәрілер жазып берді. Бәрін қабылдадым, алайда нәтиже шығар емес. Қазір 36-дан астым. Жасым өтіп бара жатқаннан кейін мүлде бала көтере алмай қаламын ба деп қорқамын. 40-қа жетпей 1 ұл туып алғым келеді. Табиғи жолмен бала көтере алмасам, ЭКО-ның көмегіне неге жүгінбеске деген ой туып жүр соңғы кездері, – дейді Ботагөз Жалғасбекқызы.

Қызылорда облысының тұрғыны Қарлығаш Абдраманова келіні 1 жылдан астам уақыттан бері көтере алмай жүргенін айтады.

– Ұлым мен келінім 2020 жылы 22-наурызда отау құрды. Ұлым 1998, келінім 2000 жылғы. Бала көтере алмай жүргеніне 1 жылдан асты. Дәрігерлер келінімнің денсаулығы жақсы, тек ұлыма ем қабылдау керектігін айтты. Кейін ұлым да емделді. Бірақ қанша емделсе де сәби сүйе алмай жүр, – деді Қарлығаш Абдраманова. 

Дәрігер-репродуктолог Аяулым Берікболқызы үйленген жұптар 6 айдан 1 жылға дейін бала көтере алмаса, бірден маманға қаралуы керек дейді. Мұндайға бей-жай қараудың салдары бедеулікке соқтыруы мүмкін.

– Егер жаңа үйленген жанұяда 6-12 ай бойы жүктілік болмаса, онда гинекологқа қаралған жөн. Ал егер бірнеше жыл бойы жүктілік болмаса репродуктолог дәрігеріне бару керек. Кейде жастар емші, бақсы-балгерден пана іздеп, алтындай уақытын кетіреді. Жүктілік болмаса, қол қусырып отырмау керек. Бұйырғаны болар деп 10-20 жыл күтіп отыратындар да кездеседі. Бұл мүлдем дұрыс емес. Себебі 1 жыл бойы ретті жыныстық қатынаста контрацептивтік іс-шара қолданбаған жағдайда ерлі-зайыптыларда жүктіліктің болмауы "бедеулік" деп аталады. Бедеуліктің өзі түрлі сатыдан тұрады. Оның біріншісі – мүлдем бала көтермегендерде кездесетін бедеулік. Ал екіншісі бір-екі баладан кейін бала көтере алмай жүргендерде кездеседі. 1-2 баладан кейін немесе мүлдем көтере алмаса гинекологқа емес, репродуктологқа жүгінгені жөн.

Бедеулік әйелдер және ерлер бедеулігі болып екіге бөлінеді. Қазіргі таңда бедеулік әйелдермен қатар, ер адамдарда да жиі кездеседі. Тіпті ерлер бедеулігі әйелдерден асып түспесе, кем түспейді. Бірақ біздің қоғамда көпшілігі "бар проблема әйелдерде" деп өздеріне шаң жуытқысы келмейді. Бұған ерлі-зайыптылардың ортақ проблемасы деп қарау қажет, – дейді дәрігер. 

Репродуктологтың айтуынша, 2020 жылы 5500-ге жуық келіншекке ЭКО салынған. Сарапшы қандай жағдайда ЭКО-ны жасатуға болмайтынын түсіндірді.

– Негізінен ЭКО-ны 18 бен 52 жасқа дейін жасауға болады. Десе де 40 жасқа дейін ЭКО-ның көмегімен бала көтеру мүмкіндігі мол. Ал табиғи жолмен жүкті болу мүмкіндігі 35 жасқа дейін жоғары болып келеді. Өйткені 35 жастан кейін қыздардың аналық жасушалары азайып, ЭКО-ныңда тиімділігі төмендей бастайды. 

Қатерлі және қатерсіз ісікпен ауыратындарға ЭКО жасатуға мүлдем болмайды. 3 операция жасатқандарға жатыр қуысына эмбрионды қондырмаймыз. Тек қана құрсақ ананы қолдануға ұсыныс айтамыз. Сондай-ақ жүктілік пен босануға қарсы көрсетімдер болып табылатын соматикалық және психикалық ауруларға, шұғыл емдеуді қажет ететін жатырдың қатерсіз iciгі барларға, кез келген ағзаның жедел қабыну ауруларына ЭКО жасауға болмайды. Сондықтан ЭКО жасар алдында ерлі-зайыптыларды толық тексеріп, дені сау ЭКО-ға ешқандай қарсы көрсеткіштері болмаған жағдайда жасаймыз. 

Бүйрек жетіспеушілігі мен мүгедектігі бар әйелдердің дені сау баланы дүниеге алып келу екіталай. Өйткені жүктілікті оның денсаулығы көтермейді. Жүрегіне бірнеше ота жасатқандарға да жүкті болуға рұқсат етілмейді. Ондай кезде терапевт, кордиологтар жүктілікке рұқсат бермейді. Биыл "Аңсаған сәби" атты бағдарлама іске қосылып, ол бойынша 7 мың квота беріліп отыр. Қазір әр 6-шы отбасы сәби сүйе алмағандықтан, бедеуліктің ақыры ажырасуға дейін соқтырып жатыр.

Баласыз толыққанды отбасы болу мүмкін емес. Адамдар кездеседі, ғашық болады, үйленеді. Бірақ ұрпақ қалдыру өкінішке орай бәрінде бола бермейді. Жаңа медициналық технологиялардың арқасында ЭКО көптеген отбасылық жұптарға балалы болуға үміт сыйлайды. Мыңдаған отбасы осындай мүмкіндікті пайдаланып, бүгінгі таңда ата-ана болып отыр. 25 жыл ішінде ИРМ клиникасының мамандары әйел және еркек бедеулігін емдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді, – дейді Аяулым Берікболқызы.

⠀"Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы 7000 квотаға қалай ілінеміз?

  1. Квотаға көрсеткіштер мен қарсы көрсетімдер бар-жоғын анықтау үшін репродуктолог-дәрігердің немесе өз емханаңызда гинекологтың кеңесі мен тексеруінен өту керек;
  2. Квота алуға көрсеткіштер болған жағдайда ВКК комиссия хаттамасы беріледі;
  3. ВКК комиссия хаттамасын жергілікті поликлиникаға немесе әйелдер кеңесіне барып тапсыру керек;
  4. Поликлиника / әйелдер кеңесі пациенттердің құжаттарын денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Комиссияға өткізеді;
  5. Денсаулық сақтау басқармасы ЭКО емделушісінің еркін таңдау құқығын ескере отырып, бедеулігі бар жұптарды ЭКО-ға жіберу туралы шешім қабылдайды.

Квота жылына бір рет, 42 жасқа дейін Қазақстан азаматтарына беріледі.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар