2020 жылғы 4 желтоқсанда Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасына қол қойылды. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминнің "Ақ жол" партиясының депутаттары жолдаған депутаттық сауалға жауабында айтылды.
Мамин жауабында бағдарлама аясында Жайық өзені бассейнін сауықтыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру жоспарланғаны айтылады.
Сонымен қатар өзен суын арттыру мәселесін бірлесіп шешу үшін ірі өзендер бассейндерінде зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай жол картасы бекітілген.
"Бірыңғай жол картасы аясында су аз кезеңдерде Жайық өзенінің гидрологиялық ағынын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Бұл шаралар жайылманы су басу, уылдырық шашатын жерлерді жуу және Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін қажетті табиғатты қорғау мақматында су жіберуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді" делінген премьер-министр жауабында.
Ал Ресей Федерациясынан көктем мезгілінде келетін судың көлемі нақты жылы өзеннің болжамды сулылығына байланысты болады. Хаттамаға сәйкес шекаралық қақпалардағы трансшекаралық өзендермен Жайық өзеніне берілетін су ағынының көлемі: сулылығы орташа жылдары 7,8 км3, суы аз жылдары 5,4 км3, суы өте аз жылдары 3 км3 құрайды.
Суы аз жылдары Жайық өзенінің орта және төменгі ағысындағы су шаруашылығы жағдайын жақсарту мақсатында жазғы және күзгі кезеңдерде Ириклин су қоймасынан қосымша су жіберу мәселелері шешілуде.
Сондай-ақ Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосу мәселесі қарастырылып жатыр.
Батыс Қазақстан облысында "Жайықжылуқуат" АҚ және "Батыссуарнасы" ЖШС секілді Жайық өзенінің суын тұтынатын ірі өнеркәсіптік объектілер бар. Олардың жылдық қажеттілігі 20 млн м³. Жайық өзенінен су алуды жылына 4 млн м³ дейін азайту және жылу алмасуға пайдаланылған суды ағызуды тоқтату үшін бүгінгі күні "Жайықжылуқуат" АҚ Орал ЖЭО-ның айналмалы сумен жабдықтауды қайта жаңғырту жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Бұдан басқа, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Атырау қаласында тазарту құрылыстары пайдалануға берілгеннен кейін тазартылып шыққан техникалық сарқынды сулар "Атырау МӨЗ" ЖШС-нің және қызығушылық танытып отырған басқа да кәсіпорындардың өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланылатын болады, бұл Жайық өзенінен су алуды азайтады.
Жайық өзенінен тұтынылатын су көлемін азайту үшін Орал қаласында Орал және Серебряков кен орындарының жерасты су көздерінен суды пайдалану ұлғайтылды. Бұл кен орындарының жиынтық қорлары (тәулігіне 115,5 мың м3) Орал қаласындағы қазіргі қажеттілікті қамтамасыз етуге жеткілікті.
Бұдан басқа, бұрын жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары барысында Тоқпай, Январцев және Көшім жерасты су кен орындары зерттелді.
Осы су кен орындарын пайдалану үшін жерасты суларының қорларына қайта бағалау жүргізіліп жатыр.
Атырау облысында жерасты суларының қоры көп емес. Осыған байланысты Жайық өзенінен және "Астрахань-Маңғышлақ" магистральдық су тартқышынан тұтынылатын су көлемін азайту үшін қосымша жерасты суларын пайдалану мақсатында Ақтөбе облысының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан "Көкжиде" жерасты сулары кен орнын пайдалану мәселесі қарастырылуда.
Пікір қалдыру