Қазақстанның Қытайға қарызы мәселесінде неге мән беру керек?

/image/2021/04/16/crop-72_76_594x1056_scale_1200.png

Қазақстанның Қытайға қарызы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Соның ішінде Қазақстан өзінің қаржылық мүмкіндігін ескермей, Қытайдан көп мөлшерде қарыз алып, оны қайтару үшін қытай үкіметіне көптеген саяси мәселелер төңірегінде жеңілдіктер жасап жүр деген әңгіме жиі қозғалады.

Қазақстандықтарды әсіресе жер мәселесі алаңдатады. Қоғамда қытайлар территориямызды демографиялық экспансия көзі ретінде қарайды деген пікір бар. Олар күндердің бір күні «қонақтар» арасында санаулы болып қалудан сескенеді. Осы мәселелердің барлығы азаматтардың Қытайды қауіпті және арамза көрші ретінде қабылдауына әсер етеді.

Бұл сұрақтар жауапсыз қалмай, жоғарыда аталған мәселелердің рационалдығы, қаншалықты негізі бары зерделенуге тиіс. Бірінші кезекте, Қазақстанның Қытайға сыртқы қарызы туралы тезисті жіті талдаудан өткізу қажет. Өйткені ҚХР өзіне қарыз елдерге қатаң көзқарас танытып, оларды белгілі бір саяси адалдық үшін есептен шығаруға асықпайтыны белгілі.

Қытайлық қарыз құлдығына түскен елдер өз жерлері мен нысандарын жалға беруге мәжбүр болған жағдайлар бар да бар. Мысалы, 2017 жылы Шри-Ланка үкіметі қарыздары үшін Хамбантота портын Қытайға берген. Ал бір жылдан кейін африкалық Замбия өзінің астаналық халықаралық әуежайын бақылауды жоғалтты. Шығыс Африканың ең ірі көлік торабы Кениядағы Момбаса портының айналасында да қиын жағдай қалыптасқан. Ол қытайлық инвесторлардың бақылауына өтуі мүмкін.

2018 жылы «Center for Global Development» атты америкалық ұйым Орталық Азия елдерінің сыртқы қарызы туралы есеп жариялаған. Аталған есепке сәйкес, Джибути, Лаос, Мальдив, Моңғолия, Пәкістан және Черногориямен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан Қытайға сыртқы қарызының мөлшері көп сегіз борышкер елдің тізіміне енген. 2019 жылы Қырғыз мемлекетінің сыртқы қарызы 3,7 млрд АҚШ долларын құраса, оның 1,7 млрд-ы ҚХР-дан алынған. Ең қызығы, 2008 жылы Қырғызстанның Қытайға қарызы 10 миллион доллардан ғана асқан болса, соңғы онжылдықтың ішінде ол 200 есеге көбейіп, мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 30 пайыздан астамын құрады. Мемлекеттік қарыз Алмазбек Атамбаевтың тұсында ұлғайды. Осы сұрақтың шешімін табу мақсатында бүгінде Қырғыз республикасының басшылары Қытаймен күрделі келіссөздер жүргізуде. Қарызды қайтару мерзімін ұзарту немесе оның басқа да жолдары қарастырылуда. Басқа жағдайда көршілеріміз Шри-Ланка мен Замбияның күнін кешуі әбден мүмкін.

Осыдан екі жыл бұрын Тәжікстанның 2,9 млрд АҚШ доларын құрайтын сыртқы қарызының тең жартысы Қытайға тиісті болатын. Берешекпен есептесу үшін Тәжікістан үкіметі қытай компанияларына елдеріндегі алтын мен күміс кен орындарын өңдеу құқығын, сонымен қатар территориясының ауқымды бөлігін беруге мәжбүр болған.

Мұндай мысалдар Қазақстанның Қытай алдындағы қарызына аса назар аудару керектігін меңзейді.

ҚР Ұлттық банкі мәліметтерінше, былтырғы пандемия кезеңінде Қазақстанның сыртқы қарызы 2 пайызға өсіп, 160 млрд АҚШ доларын құраған. Сыртқы қарыз Германия (2 млрд доллар), Оңтүстік Корея және Швейцария елдерінің алдында өскен.

Қазақстанның ең көп сыртқы қарызын құрайтын мемлекеттер қатарында Нидерланды (44,6 млрд ), Ұлыбритания (23 млрд) және АҚШ пен Франция (сәйкесінше 12,9 млрд және 11,7 млрд.) бар. Ал Қытайдың алдындағы қарыз былтырғы жылы 1 пайызға қысқарып, 10,3 млрд АҚШ доларын құраған.

Бір қарағанда Қытай алдындағы қарыздың қысқаруы үлкен жетістік болмағанымен, жалпы позитивті тенденция байқалады. 2020 жылғы коронавирус індетімен байланысты қиыншылықтарға қарамастан, ірі қарыз беруші елдер (британиялық қарыз 5 пайызға қысқарған) алдындағы міндеттемелеріміз азая түскен.

Дегенмен, қазақстандықтар үшін Германия мен Швейцария алдындағы қарыздың ұлғайуынан, демографиялық және экономикалық ықпалын белсенді жүргізіп жатқан шығыс көршіміздің алдындағы қарызды бақылау психологиялық тұрғыдан ауыр екені түсінікті жағдай. Яғни, Қазақстанның Қытайға қарызы Нидерландымен салыстырғанда шамамен төрт есе аз болғанымен, оның қаупі басым болып көрінеді.

Сондай-ақ экономистердің пікірінше, Қазақстанның сыртқы борышы жеке ішкі өніммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың немерелеріне дейін мемлекеттің борышты өтейтіні туралы танымал мифологияны жанама түрде жоққа шығарады.

Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес, бұрынғы КСРО елдерінің арасында Қазақстан мемлекеттік борыш жөнінен ондаған жылдар бойы төменгі сатыда болды. Қазір Эстония, Ресей және Әзірбайжан мемлекеттерінің көрсеткіштері ғана бізге қарағанда жақсы, ал мемлекеттік қарыздың жеке ішкі өнімге қатысты ең жоғары көрсеткіші Украина, Қырғызстан, Беларусь, Армения және Грузия мемлекеттеріне тиісті.

Сонымен бірге, мамандардың күрделі әрі шытырман көрсеткіштері еліміздің Қытай мемлекетінің алдындағы борышы жайлы алуантүрлі фобиялардың туындауына алып келеді.

Барлық қарапайым қазақстандықтар үшін мемлекеттік қарыз туралы толық ақпараттың болмауы, атап айтқанда нақты инфографика мен сарапшылардың пікірлерінсіз ұзақ сандық тізбекті жариялау, кезекті рет халықтан шындықты жасырып, көздерін «байлағысы» келеді деген жаппай сенімге алып келеді.

Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ҚР ұлттық банкімен бірлесіп, ұлттық экономика және қаржы министрлігінің цифрландырылған дерекқоры түрінде сыртқы борыштың бірыңғай тізілімін іске қосу арқылы елдің сыртқы борышы туралы мәліметтерді барынша жария ету қажеттігі туралы тапсырмасын құптауға болады.

Мемлекеттік борыш мәселесіне қатысты жасалатын халықаралық мәмілелерде, мемлекетаралық келіссөздер мен қатынастардың нюанстарындағы толық ашықтық, біздің азаматтарымыздың қорқынышын азайтуға және қазақстандықтардың санасында әлемнің объективті көрінісін қалыптастыруға көмектеседі.

Мұнсыз біздің қоғам қауесеттер мен болжамдарға сеніп, өз перзентерінің болашағына аландаушылық білдіретін азаматтардың наразылықтарына тап болады.

Фархад Касенов

саясаттанушы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар