ҚАМШЫ
Дырау қамшы, бұзау тіс,
Бес қарудың бірі еді.
Дойырларға дырау-күш,
Кең даланың жүрегі.
Оңында да, солында,
Ер жігіттің пірі еді.
Жайшылықта қолында,
Сәндік үшін жүреді,
Қайшылықта тірегі.
Тірлігінен мың күнгі,
Белгісі еді парықтың.
Бүлінгеннен бүлдіргі,
Алмайтұғын халықтың.
Осы қамшы есі еді,
Осы қамшы сесі еді.
Бағы да осы бес елі,
Қайтқан жаудың меселі.
Қанша мықты аңыз бар,
Пайымдасақ, пысықтап,
Ел басқарған абыздар,
Қамшыменен ұшықтап.
Тентектің де ұршығын,
Тезге салған деседі.
Ер жігіттің қырсығын,
Бір тартқаннан кеседі.
Би дауына көнбеген,
Айтылмаса жан сыры.
Хан алдына көлденең,
Кесе тастап қамшыны.
Дат сұраған уәжді,
Ақиқатты алға сап.
Осы игі дәстүрді,
Жақсылықпен жалғасақ.
Жыны буған бақсылар,
Жеткен кезде уағы.
Қолына алып қамшыны,
Сайтандарды қуады.
Тасығанда несібең,
Маңдай тер боп тамшылар.
Ал бүгінде сесінен,
Айырылған қамшылар.
Жөнді-жөнсіз шатылып,
Мәнсіз болып мұрады.
Сувенир боп сатылып,
Дүкендерде тұрады.
Майға салса еріген,
Қамшының да жаны бар.
Түп атасы теріден,
Тобылғыдан сабы бар.
Қасиетін қамшының,
Білетұғын ел керек.
Бабасының жан-сырын,
Жаза алмаған зерделеп,
Менің дағы жотамнан,
Тартып жібер кермелеп.
Уа, аруақ!!!
ТӘУЕЛСІЗДІК
Қазынамды алыпты-ау тонап әбден,
Отаршылдар құрсаулап мол амалмен.
Желтоқсан көзіндегі қанды жасты,
Тәуелсіздік сүртеді орамалмен.
Құзғынның қанға тойған құлқындары,
Есіме алсам түршігем сол күнді әлі.
Ақ кептер боп кеудемді жарып ұшты,
Лықсып тұрған тарихтың толқындары.
Сан қасірет жиылып жалғандағы,
Сан ғасыр үміт жібі жалғанбады.
Семей болып жыртылған жүректерді,
Арал болып суалған армандарды.
Тәуелсіздік емдейді қаныменен,
Тәуелсіздік емдейді жаныменен.
Тамырымда бейбіт күн бүршіктері,
Тамырларын тереңге жайған ерен.
Тәуелсіздік сипайды маңдайымнан,
Тәтті жырым төгіліп таңдайымнан.
Азаттықтың естимін екпінді үнін,
Тауларымнан, бұлақтан, тал-қайыңнан.
Ай-хай далам, паң далам, қайран далам,
Естимісің даусымды жайраңдаған.
Егемен елімді еркін құшақтайын,
Арманда кетіп ең –ау қайран бабам. .
ӘЖЕ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Жаным менің гүлденеді далада,
Сенің сөзің шындық екен, рас апа.
Қайырымы қазаққа аз қалада,
Мейірбандық жайлы соғып пәлсапа.
Өзіңді аңсап отырғаным міне, енді,
Тағдырдың бұл бір жазуы шығар-ау.
Қатырады сан сауалдар сілемді,
Жүрегімнің тұсындағы шық анау.
Қайшылайды жас жанымды егесті ой,
Иіп-иіп жұмсақтыққа әкелген.
Тірлік дәмі сондай тәтті емес қой,
Мәмпәсидей сен дүкеннен әперген.
Іздейтіні жайлы мекен, ылғи ық,
Бұл қаланың ережесі бағзыдан.
Қабағына көрмеген еш мұң жиып,
Жыланның да басына ақ тамызған.
Қайран әжем,
Пейілі кең ұқсайтұғын бақшаға,
Текеметі түрлі күй де сырмағы-ән.
Өкіметің өлшеп берген ақшаға,
Ел қатарлы күнін көріп жүр балаң.
Арқаңыздан түспейтінбіз күн ұзын,
Келмес жаққа кете бардың жылыстап,
Арқасынан түспейін деп өмірдің
Мен жалынан ұстап алдым уыстап.
Қадап қойып қанқу дейтін сүңгіні,
Қарқ-қарқ күліп сырт жағымнан жатты кей.
Мейрімге шөлдеп жүрмін бұл күні,
Жан қалтаңнан үзілмейтін тәттідей.
ЖАР БАСЫ
Қалбаң-құлбаң жағалаймыз жар басын,
Көңілдердің көкке ұшырып қарғасын.
Тарих атты тар соқпақпен тасырлап,
Өмір сүйреп бара жатыр арбасын.
Сыр айтамыз соңын дәйім үтір ғып,
Шындық десе үндей алмай құтылдық.
Ең аяғы сәлемің де сатулы,
Әр кеудеде той жасайды күпірлік.
Ізгілікті ірімеген сан ғасыр,
Өкшесімен езгілейді маубас ұл.
Соған қарап қол соғамыз енді біз,
«Ойпыр-ай деп сендей асыл бар ма бұл».
Іште - шемен, айтамызда хатқа сыр,
Бақ құсы ма ол да шет ел жақта жүр.
Ініңіз де ізетті емес есепшіл,
Ағаңыз да жайлау емес жап-жасыл.
ЖАН ҚУАТЫМ
Қауызын ашып күннің,
Өзіңе ғашық қылдың.
Ай болып көңілімде,
Нұрыңды шашып тұрдың.
Өрмелеп өрге келем,
Шұбатып өрмек өлең.
Санамды селт еткіздің,
Желігіп көрмеген ем.
Өзіңсің сірә, ақ құсым,
Тоқтатып уақыт күшін.
Алқынып жеткен жаңа,
Кешіккен бақытпысың?.
Лып етіп сала қойып,
Ұяттың тез ілгегін.
Ағыттың түймелерін,
Бұйыққан сезімдердің.
Тұрғасын шын қасында,
Дәтіміз сынбасын ба.
Өзендей өрекпідім,
Жүректің жылғасында.
Тұтқыны жасадың да,
Бойкүйез қамықты ойдың.
Жанымның қуаты едің,
Үзіліп қалып қойдың.
ОТТАЙ ЖАНЫП...
Сен де бара жатырсың оттай жанып,
Мен де бара жатырмын оттай жанып.
Екеумізде лезде отқа айналып,
Қазанында қызықтың көп қайнадық.
Содан кейін күй кештік шоқтай-ғаріп.
Ал, бірақ та өртенгір сезімдерім,
Жүр әлі көбелектей отты айналып.
Он екіде бір гүлің жаңа ашылып,
Махаббаттың мазмұнын жаңаша ұғып.
Еркелейсің, елжіреп мейірменен,
Сәбидей тілі жүрген жаңа шығып.
Оттығын жарқ еткізді қараша үміт,
Көз алдымда бір ұшқын бара жатты.
Мың жарқылдың ішінен дара шығып,
Жанымды жайып салып алаша ғып,
Қарауылдай қоримын ақ бетіңді,
Алмасын деп албаты ара шағып,
Мен де бір бал жинаған бал арамын,
Албырт шақтың алқабын араладым.
Өзіңе әкеп ұсынам бал орамын.
Сен менің маңдайымнан сипап тұрып,
Жұлым-жұлым жүректі жараладың,
Қолың бұлғап біздерге бара ма күн?..
Ертесіне сен маған қарамадың...
НҰР ЖЕТЕКТЕГЕН ҚЫЗ
Отаныңның болса-дағы жері кең,
Тас қалада тасырқаған елік ең.
Ноқай бермес нанымымды ноқталап,
Наурызда нұр жетектеп келіп ең.
Сол сәттерде Қараталдай тасып ем,
Дәйім алшы түсетұғын асық ем.
Тік ұшақтай көкке ілініп тұратын,
Болған емес мәртебемнің бәсі кем.
Жел-желіктің өткелегі белгілі,
Бірақ ондай дей алмаймын мен мұны.
Көгершіндер сүйіншілеп кетті ұшып,
Жер бетіне мақсатыдай кең де ұлы.
Бәлкім оны былайғы жұрт сезбеген,
Және де оны жеткізе алман сөзбенен.
Ақ бұлттардан үзіп алып ұсынған,
Қолында жүр ізгілердің кездемем.
Маңдайымнан майда самал жүр есіп,
Балуандаймын жауды жеңген күресіп.
Көңілімнің көктегені белгілі,
Наурызбен сен келгенде ілесіп.
КҮН ҚЫЗЫ
Сипаты -күн, шашы -күн, мінезі - күн,
Мың қасиет басында бір өзінің.
Сенің басқан ізіңді, өзің түгіл,
Қарауылдай күзетіп жүрем ізгім.
Күндер өтті бір, екі, үш. . . санамастан,
Жалыныма өртеніп жанады аспан.
Сенбейсің бе жарып көр жүрегімді,
Жүрегімде мөрің бар жаңа басқан.
Қинасаң да жанымды қаншама мың,
Бұғауыңа төздім мен шаршамадым.
Бұл да бір сынағы ғой сыны мығым,
Ежелден келе жатқан ханшалардың.
Таңсәрідей тұнығым, рауаным,
Сеземісің жанымның бұл ауанын.
Қалауыңа бердім мен барлығын да,
Міне мынау иманым, мынау арым.
Ерғазы Манапұлы
Пікір қалдыру