Жақында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей Федерациясы жалдап отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан тағы бір протон зымыран тасымалдағышы ұшырылатыны туралы жазған болатынбыз (http://qamshy.kz/home/show/1367).
Онда, ресейлік “Экспресс-АМ8″ спутниктік байланысы орнатылған “Протон” зымыран тасығышы Байқоңыр ғарыш айлағына орналастырылды делінген.
Роскосмос агенттігінің хабарлауынша, “Протон” Астана уақыты бойынша дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні cағат 01.00-де ұшырылады деп жоспарланған еді.
Бұл былтыр мамыр айында құлаған “Протоннан” кейін Байқоңырдан ұшырылатын екінші ракетка тасығыш.
Киелі даланы күйдірген гептил уы қазақ даласына қанша құласа да қыңқ демейтін қазақ билігі – тағы бір Ресейдің «протонын» ұшыруды жоспарласа керек-ті. Ал жергілікті тұрғындардың зәресін алған у тасығаш зымырандар кейінгі тоғыз жылда тоғыз рет құлаған. Егер де Байқоңырдан ұшып жатқан зымырандардың табиғатқа, адамзатқа әкелер ешбір қауіп-қатері жоқ десек, онда «жауырды жаба тоқып», ақиқатқа қиянат жасаған болар едік. Ашылғанына биыл алпыс жыл толып отырған ғарыш айлағының қоршаған ортаға, табиғатқа, сол айналадағы адамдардың тұрмыс-тiршiлiгiне, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне елеулi зиян келтiрiп жатқаны жасырын емес. Бұл жөнiнен басқасын былай қойғанда, ауық-ауық апатқа ұшырап, елдi дүрлiктiрiп отыратын “Протонның” “жырын” сөз етсек те жеткiлiктi.
«Жас Алаштың» мәлеметтеріне сүйенсек, 1967 жылдан бері 404 “Протон” тасығыш-зымыраны ғарышқа ұшырылған болса, соның 49-ының жолы болмапты.
Ал осыдан екі жыл бұрын әлгі «протон» Байқоңырдан улы бұлт боп үйірілгенде ресейліктер Қазақ даласына, Қазақстан азаматтарына келген орасан зор көлемдегі зиянды емес, қалталарынан өтемақы ретінде шығатын шықты деп есептеп әуреге түсті. Ал біздің шенеуніктердің көпшілігі «қоршаған ортаға да, азаматтарға да төнген қауіп жоқ» деуден танбады.
Кейін Үкімет алдында есеп берген «Қазғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мырза: «Бұл апат емес,Ресейдің ішкі шаруасы», – деп салды.
“Протон” апатынан кейін Қазақстанда бірқатар белсенді “Антигептил” экологиялық тобына бірігіп, Астанада қарсылық шараларын ұйымдастырған. Алайда, белсенділердің уәжіне пысқырып та қараған Үкімет жоқ. Ал «ақсақал билік» пен Мәсімов үкіметінің бар ойлағаны «Байқоңырдан ресейліктер кетсе, оның жұмысы тоқтап, біздің табысымыз ортайып қалады» деген қара бастың қамы ғана. Қамсыз күнде қан жұтып жатқан қарашаның қамын ойласа, өз үкіметі өстір ме еді?!
Негізі «Роскосмос» қазір ғарышқа қатысты маңызды жобаларда «Протонның» орнына «Союзды» құп көреді деп жүрміз. Алайда, ауыр жүктерді тозығы жеткен, пайдалану мерзімі аяқталған «Протонмен» ұшыруды әдетке айналдырған. Кейбір деректерге сүйенсек, 600 тонна гептил құлаған апат – Қазақстан жеріне «Протонның» 32-ші рет құлауы. Әрі 10 млн. гектарға тең Қазақ жерін сынақ алаңына айналдырғаны үшін ресейліктер елімізге небары 27 млн. доллар төлейді деген. Рас ол да төленбеді. Табиғатты, қоршаған ортаны, бабадан балаға мирас болған қасиетті топырақты тоздырған полигондардан түскен пайдаға күн көретіндей не басына күн туды қазақ Үкіметінің?! 10 млн. гектар жерді қалай, қайтіп пайдаланып жатқанын да білмейміз, тек болмашы тиын-тебенге мәзбіз...
1. 28/02/2006. “Протон-М” зымыран-тасығышы (ЗТ) “Арабсат-4а” ғарыш аппаратын белгiленген орбитаға шығара алмады.
2. 06/09/2007. “ДжейСиСат” серiгiн орбитаға шығару барысында “Протон-М” тасығыштың екiншi және үшiншi бөлiгi ұшу жолынан ауытқып кеттi. Ол Жезқазғаннан 40 шақырымдай жерге құлап, сол маңдағы елдi мекендердi әбiгерге салды. Қоршаған орта, айналаға, ауаға, суға, жан-жануалар мен өсiмдiктерге елеулi залал келтiрдi.
3. 15/03/2008. “Протон-М” ЗТ тағы да “АМС-14” байланыс серiгiн мөлшерленген орбитаға шығара алмады. Ғарыштық аппарат уақытынан бұрын бөлiнiп қалды.
4. 05/12/2010. “Протон-М” ЗТ үш “ГЛОНАСС” ғарыштық серiгiн белгiленген орбитаға шығара алмай құлады.
5. 18/08/2011. “Протон-М” зымыраны “Экспресс-АМ-4” ғарыш аппаратын жобаланған орбитаға шығара алмады.
6. 06/08/2012. “Протон-М” ЗТ “Бриз-М” блогымен “Экспресс-МД” және “Телком-3” серiктерiн белгiленген орбитаға шығара алмады.
7. 02/07/2013. “Протон-М” ЗТ “ДМ-03а” блогы және “ГЛОНАСС” аппаратымен ұшып бара жатып, 17-секундта апатқа ұшырады.
8. 16/05/2014. “Экспресс-АМ4Р” серiгiн алып бара жатқан “Протон-М” зымыраны басқарушы қозғалтқыштың бұзылуынан апатқа ұшырап, оның қалдықтары атмосферада жанып кеттi.
9. 16/05/2015. MexSat-1 мексикалық ғарыш серiгiн шығару барысында да “Протон-М” ЗТ 500-шi секундта күтпеген жағдай болып, атмосферада жалын құшты.
Түйін1: Бүтін ғарышымыздың тізгінін сеніп тапсырған қаһарманымыздың өзі «Байқоңырдағы «Протонның» құлауы заңнамалық тұрғыда апатқа жатпайды» деп Ресей мүддесіне қызмет етіп отырғанда, басқасынан не сұраймыз. 17 миллион халықтың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіріп отырған гептилден бас тартуға «ақсақал биліктің» қауқары жетпейтініне көзіміз баяғыда-ақ жеткен. Біздің биліктің Байқоңырға бейтарап қарайтыны белгілі. Соған қарағанда «Байқоңыр Ресейдің бір бөлшегі емес пе?» деген күлімсі күдік туады... Сонда қалай болғаны?!
Түйін2: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырза әуелі «Қазақстанды – Мәңгілік ел» деп атауды ұсынды, сосын «Қазақ елі» дегенді де ұсынып көрді. Ақыры бір тоқтамға келіп, «Ұлы Дала елі» деп атауды ұсынды, білесіздер. Құптарлық әрине. Десек те, киелі қазақ даласын күйдіріп жатқан «гептил тажалына» тоқтау салынбайтынын ескере отырып, ендігі жерде Қазақстанды «Протонстан» деп атауды ұсынар едік.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру