Қоғам белсендісі Жанболат Мамай журналистік зерттеу деп атайтын Бауыржан Байбек туралы фильмі журналистік нормаларға еш сәйкес келмейді. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мүддесін сотта қорғап жүрген заңгер Айжан Ташенова осылай дейді. Оның айтуынша, Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың сотқа дайындаған жауабында дәлел деп айтуға болатын ешқандай ресми құжат жоқ.
"Мамай ісін" егжей-тегжейлі зерттей отырып, келтірілген куәліктерінің бірде біреуі тағылған айыптауларға дәлелдеме бола алмайтынын жауапкершілікпен мәлімдеймін.
Шынтуайтында, мұнда посттардан, БАҚ пен анонимді телеграм-арналардағы жарияланымдардан, сондай-ақ түсініксіз анықтамалар мен іске мүлдем қатысы жоқ құжаттардан тұратын қойыртпақ жөнінде сөз болып отыр. Заң мен заңи тәжірибе тұрғысынан алғанда, бұл – сот үшін ешқандай маңызы жоқ пайдасыз жалған дәлелдемелер.
Сот талқылауы – ең алдымен фактілер екенін тағы да атап өткім келеді. Сот жалаң жорамалдар мен "қияли әңгімелерге" емес, тек солардың негізінде ғана заңға сәйкес ақиқатты анықтайды. Бұл – әлемдік тәжірибе, құқық үстемдігі дегеніміз де, осы.
Еске сала кетейін, заңға сәйкес жауапкерлер жария түрде айыптау кезінде сүйенген құжаттары мен растайтын дәлелдемелерін сотқа ұсынуы тиіс. Әйтсе де, Б.Байбек, 2 күн бұрын сотқа Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның жалған айыптауларын жоққа шығаратын барлық қажетті құжаттар мен фактілерді жолдай отырып, өз құқығын пайдаланды.
Енді жауапкерлердің 16 беттік пікіріне қысқаша тоқталып, олардың "дәлелдеме" деп ұсынғандары мен біз берген құжаттарды салыстырып көрмекпін.
Біріншіден, жауапкерлер өз пікірін әртүрлі заңдар мен пакттерден алынған нормалар жиынтығынан бастайды.
Олардың жалпы мәні "журналистің ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға... құқығы бар" дегенге саяды. Бұл ретте, "БАҚ туралы" Заңда анық жазылған "журналист шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауға, сондай-ақ тарататын ақпараттың шынайылығын тексеруге міндетті" деген норма әдейі елеусіз қалдырылып, айтылмайды. Яғни заңдарды өз мүддесіне қарай іріктеп түсіндіруге тырысушылық анық көрініп тұр.
Екіншіден, жауапкердің қарсылығына жасалған талдау Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның 13 сәуірдегі өздерінің жалған видеосына қатысты талап арыздың үш тармағын мүлдем елеусіз қалдырғанын көрсетіп отыр.
Мұнда мафиялық-жемқорлық құрылым құрды, мемлекеттік жерді ақылы тұрақ пен Атакенттегі құрылысқа берді, сондай-ақ Алматы әкімі лауазымында заңсыз 1 млрд доллар пайда тапты-мыс деген айыптаулар жөнінде сөз болып отыр.
Өздерінің зиянды және мақсатты түрде жапқан жалаларына қандай да бір дәлелдің жұрнағының да іс жүзінде болмауы жауапкерлердің жеке тұлғаға қарсы бағытталған өтіріктерінің ауқымына айғақ болатыны айдан анық.
Керісінше, біз Атакент бойынша әкімдіктің 27 га жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы 3 қаулысын ұсындық, ол сонау 90-жылдары барлық жеке қолға берілгендерінің жартысын құрайды.
Үшіншіден, «Қазақфильм» киностудиясының жерін жеке мақсатқа алды-мыс дегені туралы. Жауапкерлер дәлел ретінде Б.Базарбектің Facebook-тегі 2 постын келтіреді. Бұлар мүлдем дәлелдеме бола алмайды.
Айтпақшы, осы посттардың авторының өзі 2017 жылы учаскенің «Ethnoland» мәдени орталығын салу үшін Алматы қаласы Туризм басқармасының меншігіне берілу фактісін мойындайды.
Жауапкерлердің айыптауларын жоққа шығару үшін біз сотқа әкімдіктің жер учаскесін коммуналдық, яғни мемлекеттік меншікке беру туралы қаулысын, сондай-ақ жерді мемлекетке берудің толықтай заңдылығын белгілеген аудандық, қалалық және Жоғарғы соттың шешімдерін жолдадық.
Төртіншіден, Көктөбе мен Көк-Жайлау маңында заңсыз құрылыс жүргізді және ағаштарды кесті-мыс дегені туралы.
Ж.Мамай мен И.Иманбаева өз айыптауларына растама ретінде В.Борейконың мақалаларына 7 сілтеме келтіріп, сонымен бірге 2018 жылғы "Көк Жайлау" курорты құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі жобасының бөлімдерінің бірінің 147 бетін қоса берген.
Ең алдымен, тағы да еске сала кеткім келеді, бұл жоба сол күйі іске асырылмаған, ағаштар да кесілмеген. Бұдан бөлек, Б.Байбектің Алматы әкімі лауазымында жұмыс істеген кезінде 5 га жер сот арқылы мемлекетке қайтарылған, ал жобаның оңтайландырылуына байланысты 102 га Іле Алатау паркіне қайтарылған. Яғни барлық жерлер мемлекетке қайтарылды, Ж.Мамай мен И.Иманбаева айтқандай, қиялдағы "элита өкілдеріне", берілген жоқ" деп жазды Б:Байбектің өкілі.
Бұдан әрі заңгер Ж.Мамайдың Б.Байбекті "Esentai city" құрылысына соңғы алма бағын сатты, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарын жеке басқаруға берді, қытай автобустарын көтеріңкі бағамен сатып алды деген айыптауларына қатысты ұсынған дәлелдемелеріне талдау жасағанын, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның ұсынған материалдары өз айыптауларын өздері толықтай жоққа шығаратынын, олар бірде-бір дәлел ұсына алмағанын айтады.
4 маусым күні Бауыржан Байбек – Жанболат Мамай сот процесінің кезекті отырысы өткен. Соттан бір күн бұрын Ж.Мамай өзінің айыптауларының дәлелдері делінген 2 мың бетке жуық қағазды сотқа тапсырған. Байбек өкілі "посттар, БАҚ пен анонимді телеграм-арналардағы жарияланымдар, сондай-ақ түсініксіз анықтамалар мен іске мүлдем қатысы жоқ құжаттар" деп осыны құжаттарды айтып отыр. Сондай-ақ заңгер Айжан Тәшенова ерлі-зайыптылардың сөзі мен ісі қабыспайтынын, Ж.Мамай әр сөзінде еуропалық және халықаралық стандарттарды мысалға келтіретіні, сөз бостандығы, заң үстемдігі туралы жиі айтатыны жай ғана бетперде екенін жеткізген.
Ал Ж.Мамай Б.Байбек талап арызында тұрғылықты мекенжайы ретінде өзінің нақты тұратын үйінің мекенжайын емес, NurOtan партиясы кеңсесінің мекенжайын көрсеткеніне назар аударып, мұның себебін Бауыржан Байбектің зәулім сарайда тұратынымен, оны көрсете алмайтынымен түсіндірген..
Сондай-ақ Ж.Мамай Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жерлердің сатылуына, Көкжайлаудағы ағаштардың заңсыз оталуына Бауыржан Байбектің қатысы бары туралы, алғашқы мәселе бойынша заңгер Бақытжан Базарбек арнайы сараптама әзірлеп жатқанын, екінші мәселеге қатысты журналист Вадим Борейконы кезекті сот отырыстарына куә ретінде шақыру туралы жазбаша өтініш түсіргенін айтады.
Пікір қалдыру